Алматы облысында қызылша жұқтырғандар көбейді

Алматы облысында қызылша жұқтырғандар көбейді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қызылшаға қарсы вакцинация баланың 1 және 6 жасында жүргізіледі.

Алматы облысында жыл басынан бері 1 мыңнан астам адам қызылша ауруын жұқтырған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі Қарасай (137,2), Еңбекшіқазақ (114,1), Талғар (70,5), Іле (54,2) аудандарында тіркелген.

"Айта кету керек, сырқаттанушылықтың басым бөлігін, яғни, 86%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Оның ішінде, сырқаттанушылықтың 5 жасқа дейінгі балалар арасында таралу жиілігі 85%-ды (жоғары) құрады. Кәсіптік құрамына келсек, 56% ұйымдастырылмаған балаларға, 18% мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешіленулеріне, 13% мектеп оқушыларына,1% медициналық қызметкерлерге, ал 12% басқа топтарға келеді", делінген хабарламада.

Айта кетейік, қызылшамен ауырып жатқандардың 85%-ы екпе алмағандар екені белгілі болды.

"Қызылшадан жалғыз тиімді қорғаныс – ол вакцинация. Елімізде қызылшаға қарсы вакцинация баланың 1 және 6 жасында жүргізіледі. Қызылшаға қарсы вакцинация үшін қызамық пен паротитке қарсы компонентпен біріккен вакцина қолданылады", делінген Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан хабарламада.