Алматы көшелерін күн сайын 1,4 мыңнан астам жұмысшы тазалайды

Алматы көшелерін күн сайын 1,4 мыңнан астам жұмысшы тазалайды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алып шаһардың тазалығы - күн тәртібінде тұрған негізгі жұмыстардың бірі.

Бүгінде қаланың барлық аудандарында тазалық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласының әкімдігі автомобиль жолдарын, тротуарлар мен арық желілерін санитарлық тазалау жұмыстарының тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауда.

Басылым тілшілері кеше Медеу ауданындағы жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарын бақылап қайтты.

«Медеу ауданы бойынша тазалыққа жауап беретін 5 бригада бар. Өздеріңіз де байқап отырсыздар, қала көшелерінде жасыл желек жайқалғанымен, аптап ыстық салдарынан жапырақтар сарғайып түсіп жатыр. Міне, соларды тазалап жатырмыз. Бүгін жоспар бойынша Достық даңғылы мен әл-Фараби даңғылдарының бойын, Шевченко, Қонаев және Мақатаев көшелеріне дейін жол жиегін, суағарларды тазартамыз. Ауданда тазалық жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Негізгі жұмыстардың басым бөлігі күндізгі уақытта жүзеге асып, түнгі уақытта арнайы көлікпен кезекшілік ұйымдастырылады», – дейді бригада жетекшісі «Алматы тазалық» МКК-ның Медеу ауданы бойынша  бөлім басшысы Әсет Төлегенов.

Ағаштардан түскен жапырақтарды білек сыбана кірісіп тазалап жатқан жұмысшылардың арасында көзімізге түскен ағамызды сөзге тарттық.

«Жасым 66-да. Есімім – Дөнесбай. Бірақ, мені барлығы лақап атыммен «Денис» деп атайды. Өйткені, көбі орыс тілді болған соң тілдері келмейді. «Алматы тазалықта» жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдан асты. «Екі қолға бір күрек» ұстайтындай шамам бар. Сондықтан үйде бос жата алмаймын. Жұмыс мұрын қанайтындай ауыр емес. Міндетіміз – жаяу жүргіншілер жолын тазартып, қоқысты жинау. Біздің қала тұрғындарына "қоғамдық орындарды ластамаңыздар, әсіресе, аялдамаларда қоқысты бей-берекет шашпай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салыңыздар" деп өтініш айтамыз. Ал біз өзімізге тапсырылған міндетті тиісті деңгейде орындап жүрміз деп ойлаймыз. Оның дәлелі сол - қала тұрғындары жиі алғыс айтып жатады», – дейді Дөнесбай Әлбетов.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда мегаполисте қызмет көрсетілетін жолдардың жалпы ауданы 25 млн шаршы метрден астам аумақты құрайды. Мегаполистің 2318 көшесінде тазалық жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Оның ішінде 2 706,5 шақырым жол, 1 303,8 шақырым тротуар және 1167,4 шақырым арық желілері бар. Сондай-ақ, қаланың көше-жол желісін қадағалап, тазалығын бақылап отыратын «Алматы тазалық» МКК-мен бірге, 14 мердігерлік ұйым жұмыс істейді. 

Су басудың алдын алу мақсатында да жүргізіліп жатқан шаруа көп. 60-тан астам арнайы техника мен мердігерлік ұйымдардың 300 жол жұмысшысы арық желілері мен арық өткелдерін тазартумен айналысады.

Магистральдық көшелерді жуу тәулігіне екі рет ұйымдастырылады. Ал аудандық маңызы бар көшелерді және жалпы пайдалану орындарын жуу – аудан әкімдіктері бекіткен техникалық ерекшелікке сәйкес күн сайын жүргізіледі. Жолдарды жуу жұмыстары жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына кедергі келтірмейді. Яғни жүргіншіге су шашыратпау, сондай-ақ автомобиль дөңгелектерімен ылғалданған сметаның таралуын азайту мақсатында жұмыстар негізінен түнгі уақыттарда жүзеге асырылады.

 

Жолдың жүру бөлігін суару-жуу машиналарымен жуғаннан кейін, жол жиегіне шегеленген қоқысты жол жұмысшылары жинап, қоқыс үйіндісіне шығарады. Сонымен қатар, қоқыс жинау үшін соқалы щетка механизмдері қолданылады. Шаңды азайту үшін жолдарға алдын ала су себіледі. Мамандардың айтуынша, жолдар мен тротуарларды жууға тәулігіне 5 мың текше метр су жұмсалады.

Жұмысшылар таң атысымен өз шаруаларына кіріседі. «Алматы тазалық» МКК жаз маусымында көшелерді тазалау, абаттандыру, жол бойын жуу, қоқыстарды шығару сияқты жұмыстарды атқарады. Атап айтқанда, аптап ыстық кезінде жол жиектеріне су шашу жұмыстары жүргізіледі. Ол жолдағы шаңның азаюына сеп. Жалпы, жаз уақытында көшелерді тазалау жұмыстарына қаланың барлық ауданында үздіксіз тазалық жұмыстары жүргізіледі. Жұмысшылар жуу құрылғылары, жол сыпыруға, су шашуға арналған техникалар, жүк тиегіштер мен жүк тасымалдағыштармен қамтамасыз етілген. Коммуналдық қызмет өкілдері үшін жұмыс күні таңғы сағат 6-дан басталады.

Күн сайын қала көшелерінде 866 арнайы техника (соның ішінде «Алматы тазалық» – 609 техника) жұмыс істееп, 1413 жол жұмысшысы күшімен 90 тоннадан астам қоқыс шығарылады.