Алматы биылғы жартыжылдық сауда көлемі бойынша алғашқы орында тұр

Алматы биылғы жартыжылдық сауда көлемі бойынша алғашқы орында тұр
Сурет: КазТАГ

Еліміздің тұрғындары жарты жылда базар мен дүкенде 6 трлн теңге жұмсаған.

Өңірлер бойынша бөлшек сауда тауарларының басым бөлігі әдеттегідей Алматыға тиесілі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтар елдегі дүкендер мен базарларда 6 трлн теңгеден астам ақша жұмсады.

Ranking.kz порталының мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысында бөлшек сауда көлемі 6,1 трлн теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы ақшалай мәндегі көрсеткіштен 13,8 пайызға артық.

Азық-түлік тауарларының бөлшек саудасы бір жылда 7,9 пайызға өсіп, 2 трлн теңгеге жетті. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 17 пайызға артып, 4,1 трлн теңгені құрады. Сауда кәсіпорындары мен ұйымдары 4,3 триллион теңгенің, жеке кәсіпкерлер, оның ішінде базарларда сауда жасайтындар 1,8 триллион теңгенің тауарын сатты.

Өңірлер бойынша бөлшек сауда тауарларының басым бөлігі әдеттегідей Алматыға тиесілі және республикадағы көрсеткіштің 30,7 пайызын құрап отыр. Ақшамен есептегендегі көлемі бір жылда 10,7 пайызға өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті.

Нұр-Сұлтан екінші орында тұр. Астанада сауда-саттық 16,8 пайызға ұлғайып, 711,2 млрд теңгені құрады. Үшінші орында тұрған Қарағанды облысында бөлшек сауда 5,5 пайызға өсіп, 506,7 млрд теңге болды. Ресми бөлшек сауданың ең аз көлемі жаңадан құрылған Ұлытау облысында тіркелді, небәрі 39 млрд теңге.