Алматы аудандары әкімдіктерінің бюджеттері функцияларды орталықсыздандыру аясында екі еседен астамға ұлғайды

Алматы аудандары әкімдіктерінің бюджеттері функцияларды орталықсыздандыру аясында екі еседен астамға ұлғайды
almaty-akshamy.kz

Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Алматы қаласының аудандық әкімдіктері жолдарды және инженерлік желілерді ағымдағы жөндеу, халықтың осал топтарына әлеуметтік қолдау көрсету, мектепке дейінгі ұйымдарды, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жанбасына шаққандағы қаржыландыру және т. б. бойынша жұмыстарды дербес жүргізе бастайды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Жаңа функциялармен қатар сегіз аудан әкімдіктеріне 73,5 млрд теңгеден астам (Алатау – 17 млрд теңге, Алмалы – 5,9 млрд теңге, Әуезов – 13,3 млрд теңге, Бостандық – 7,5 млрд теңге, Жетісу – 7,9 млрд теңге, Медеу – 7 млрд теңге, Наурызбай – 5,6 млрд теңге, Түрксіб – 9 млрд теңге) қаржы бөлінді.

Функцияларды орталықсыздандыру бойынша өзгерістер қабылданғанға дейін аудан әкімдіктерінің тек ағымдағы жұмыстарға, оның ішінде абаттандыруға, тазалауға, көгалдандыруға және т. б. арналған өкілеттіктері мен қаражаттары шектеулі болды. Аудан әкімдіктеріне жаңа функцияларды беру және қосымша қаржыландыруды бөлу жергілікті жерлерде жедел шешім қабылдауға ықпал етеді, әр аудан халқының қажеттіліктерін негізге ала отырып, бюджет қаражатын тиімді бөлуді қамтамасыз етеді және осы қызметтердің орындалуын одан әрі бақылауға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру жөніндегі тапсырмасы аясында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың бастамасы бойынша өткен жылы кейбір функцияларды республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдіктерінің деңгейінен аудан әкімдіктерінің деңгейіне беру бөлігіне өзгерістер енгізілген болатын.

Орталықсыздандыруды түбегейлі бекіту мақсатында  жергілікті өзін- өзі басқару функциялары бойынша 2022 жылғы 30 желтоқсанында аудандық әкімдіктерге 15 функцияны беру бөлігінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне түзетулер енгізілді:

1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету;

2) спорт секцияларын жанбасына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды іске асыру;

3) автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу;

4) тұрғын үй көмегі;

5) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;

6) жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету;

7) әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру;

8) белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу;

9) жетімдерді, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қамсыздандыру

10) мүгедектігі бар балаларды қоса алғанда, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру;

11) халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;

12) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;

13) әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы өзге де қызметтерді іске асыру, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру;

14) коммуналдық меншіктегі сумен жабдықтау, кәріз, кәріз сорғы станцияларының тарату желілерін, газбен жабдықтау және жарықтандыруды жобалау, салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу және модернизациялау;

15) тұрғын үй қорын инвентаризациялау.

Орталықсыздандыру аясында аудандық әкімдіктерге халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қорғау бөлігінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының функциялары берілді. Бұл жәрдемақы төлеу бойынша қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді, әрбір ауданның мұқтаждарын толық қамтуды қамтамасыз етеді және тұрғындарға тұрғылықты ауданда қызмет алуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, аудандық әкімдіктер арқылы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейінді басқармаға жүгінбей жергілікті жерлерде проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Аудандық әкімдіктерге мына әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша функциялар да берілді, олар: Ten qogam, «Бақытты отбасы» орталықтары, дәстүрлі қолөнер орталығы, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, «Шыңға өрлеу».

Алматының қалалық мобильділік басқармасының жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізу жөніндегі функцияларын  аудан әкімдіктеріне беру арқасында олар тұрғындардың өтініштеріне дереу назар аударады және жергілікті жерлерде мердігерлік ұйымдарға тиісті бақылауды қамтамасыз ете отырып, жұмыстарды уақтылы жүргізетін болады.