"Алматы ақшамы" газеті 35 жылдығына орай шағын футболдан жарыс өткізді

"Алматы ақшамы" газеті 35 жылдығына орай шағын футболдан жарыс өткізді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Журналистер арасында «Алматы Ақшамы» газетінің 35 жылдық мерейтойына арналған шағын футболдан жарыс өтті.

Жарыстың басталу салтанатында Қазақстан Журналистика Академиясының төрағасы, профессор, Сағымбай Қозыбаев, белгілі журналист Валерий Жандаулетов пен Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Мәрлен Райс атаулы мерекемен құттықтап, додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Алматыдағы қадемгер-журналистердің басы қосылмағалы біраз болып еді. Бүгінгі турнир барысында бір-бірімізді жолықтырып, емен-жарқын әңгімелестік. Бұл бір шетінен дене шынықтыру болды. Ақшамдағы әріптестерімізге келелі дүниелер жазып, жақсылықтың жаршысы бола беруіне тілектеспіз», - дейді «Qazaqstan» телеарнасының журналисі Әзиз Тастаев.

Мұнан кейін, доп ортаға тасталып, қатысушы командалар арасында тартысты ойын басталды. Ала доп аламанында «Ардагер» блогерлері тобының дәлдеген доптары қақпадан дәл табылып жатты. Команда мүшелері бір-бірімен алма кезек доп алмасудың арқасында бірінші орынды иемденді. Ал «31 арна» екінші орын алса,  үшінші орынға «Qazaqstan» телеарнасының командасы лайық деп танылды. Сонымен қатар, ойын барысында өзіндік ойын үлгісін көрсете білген әріптестер бірнеше аталым бойынша марапатталды.

Жеңімпаздарды «Alatau Aqparat» медиахолдингі басшысының орынбасары Әбдіхалил Жалилов, «Almaty aqshamy» газетінің бұрынғы редакторы Қали Сәрсембай, «Вечерний Алматы» газетінің бас редакторы Евгений  Рахимжанов марапаттады.

Айту керек, ҚР Футбол федерациясы Атқару комитетінің мүшесі Әлім Анапьянов пен республикалық санаттағы судья Сәуле Жарболова ойынның әділ өтуіне талмай төрелік етті. 

Осылайша «Alatau Aqparat» медиахолдингі құрамындағы Алатаудың баурайынан шығып Алты Алашқа тарайтын, алып мегаполистің ғана емес, ұлттық басылымға айналған газеттің турнирі ерекше сәттермен есте қалды. Мерейтойдың өз деңгейінде өтуіне арнайы кең спорт залын бергені үшін Алматы мемлекеттік транспорт және коммуникация колледжінің директоры Ербол Жаруллаұлы Магазов мырзаға және жарыс барысында медициналық бақылау жұмыстарын жүргізуге жоғары санатты дәрігерлермен қамтамасыз еткені үшін Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ҰОС қалалық емханасының бас дәрігері Мұрат Қайдаровқа алғыс білдіреміз!