Алдабергенова кубокта есе қайырды

Фристайл

Алматыда фристайлдан өткен әлем чемпионатында акробат Жанбота Алдабергенова олжа сала алмаған еді. Бірақ бұл додадан кейін бірден бастау алған Әлем кубогы кезеңінде Жанбота қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер арасындағы жекелей сында отандасымыз 84.99 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды. Бұл бағдарламада  канадалық Марион Зенаул топ жарса, ресейлік Любовь Никита күміс жүлдеге ие болды.

«Мен өзімді керемет сезініп тұрмын. Өйткені, бәрі де ойдағыдай өтті. Шынымды айтсам, әлем чемпионатында өзімді жақсы жағынан көрсете алмағаным үшін көңілім түскен еді. Бірақ міндетті түрде жүлде алатыныма сендім, тіпті, уәде бердім. Міне, сөзімде тұрып, жүлдегер атанып отырмын. Ал бүгінгі жарыстың жартылай финалында әлдеқайда жеңіл орындалатын, төрешілер аса жоғары баға бермейтін секіру элементін орындадым. Екінші мүмкіндігімде тәуекелге барып, қиын элементті алып шықтым. Біз үшін маңызды маусым енді басталады. Командамен бірге Бейжің олимпиадасында бар күшімізді көрсетеміз деген ойдамын.  Өзім үшін өткен маусым да жақсы өтті. Әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалғанда өте қиын секіру элементін меңгердім, осы жарыста сол элементті орындап, үздіктер қатарына ендім», — дейді Алдабергенова Olympic.kz порталына берген сұхбатында.
Алматыда күн райының күрт бұзылуына байланысты могулдан Әлем кубогының кезеңі өткізілмей қалды.

Естен САБАЛАҚ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *