Алатау ауданының 48 көшесінде жол жөнделді

Алатау ауданының 48 көшесінде жол жөнделді
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алатау ауданының 48 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазіргі уақытта Алматының Алатау ауданында ұзындығы 40 шақырым болатын 48 көшесінде жолдарды орташа жөндеу аяқталды. Шапағат шағын ауданындағы ұзындығы 6,5 шақырым болатын тағы 7 көшеде жол жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Жалпы, Алматының қалалық мобильділік басқармасының тапсырысы бойынша 2023 жылы ауданда ұзындығы 46,5 км 55 көшені орташа жөндеу жоспарланған болатын.

Жоспарланған көшелердің бірінде - Шәріпов көшесі бойынша Райымбек даңғылынан Шұғыла көшесіне дейінгі тротуар абаттандырылды әрі орташа жөнделді. Бұрындары көшеге қатысты тұрғындардан шағым жиі түсетін. Көшенің ұзындығы - 2640 м. Бүгінгі таңда жұмыстар толығымен аяқталды, осылайша қоғамдық көлік бағыттары қалпына келтірілді.

Сондай-ақ, Қарасу шағынауданындағы Балқурай көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Азаматтарды апта сайын қабылдауларының бірінде көше тұрғындары жолды асфальттау туралы өтінішпен жүгінді. Бұған дейін жол орташа жөндеу бойынша жұмыс жоспарында енгізілмеген болатын. Аудан әкімдігінің өтінімі бойынша Алматының қалалық мобильділік басқармасының мердігер ұйымы көше бойынша жұмыстарды аяқтады.