Алатау ауданында инженерлік желілерді жаңғыртуға байланысты 7 жылға созылған түйткіл тарқатылды

Алатау ауданында инженерлік желілерді жаңғыртуға байланысты 7 жылға созылған түйткіл тарқатылды
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Былтыр Алатау ауданындағы инженерлік желілерді жаңғыртуға қатысты 2017 жылдан бастап тұрғындарды алаңдатқан ең өзекті мәселенің бірі 14-аумақ шағын ауданының мәселесі шешімін тапты. Жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге құрылысы аяқталмай қалған 16 проблемалық көшенің су (7,5 км) және кәріз желілері (7,5 км) толығымен ауыстырылып, асфальт жабындысы қалпына келтірілді. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.

Қала басшысы қазіргі уақытта аудан әкімдігі тарапынан Өжет шағын ауданында кәріз сорғы станциясы және 228 км болатын Алғабас, Шапағат, Болашақ шағын аудандарында су және кәріз желілерін салу жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстың жоспарланған аяқталу мерзімі - 2024 жылдың соңы. 

«Шаңырақ-2 шағын ауданындағы жаңа салынған желілерді пайдалануға беру үшін осы айдың аяғына дейін 6 кәріз-сорғы станциясы іске қосылады. Сондай-ақ, 2024 жылғы сәуірдің соңына дейін Қарасу шағын ауданында салынған 2 кәріз-сорғы станциясы іске қосылады», - деді Ерболат Досаев. 

Биыл сәуір айында Әйгерім шағын ауданында кәріз-сорғы станциясын және Саялы, Боралдай және Ақбұлақ шағын аудандарында 87,4 км сумен жабдықтау және кәріз желілерін салу бойынша жұмыстар жоспарланған. Теректі және Самғау шағын аудандарының инженерлік желілерін дамыту аясында екі жоба түзетуге берілді. Сараптама қорытындысын алу 2024 жылдың сәуірі мен тамыз айларына жоспарланған.