АҚШ-та торнадодан үйлер қирады

АҚШ-та торнадодан үйлер қирады
Сурет: видеодан алынды

АҚШ-тың Теннесси штатында болған торнадо мен қатты дауылдан кем дегенде 6 адам қаза тапты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz  BBC News-ке сілтеме жасап.

Көптеген үй зақымдалып, 60 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалды. Табиғи апаттан негізінен штаттың оңтүстік аймақтары зардап шекті.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода аударылған көліктер мен тамырымен жұлынған ағаштарды көруге болады.

Штат астанасы Нэшвилдің солтүстігінде 3 адам қаза тапты. Нэшвилден солтүстік-батысқа қарай 50 миль жерде орналасқан Кларксвилде екі ересек және бір бала қайтыс болды. Ондаған адам жарақат алды.

Кларксвилл мэрі Джо Питтс төтенше жағдай және жексенбіге дейін жалғасатын коменданттық сағат туралы жариялады.

«Бұл – қорқынышты жаңалық, жақындарын жоғалтқандар үшін жүрегіміз ауырады. Қала билігі оларға қиын уақытта көмектесуге дайын», - деді Питтс.