Әзірбайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді

Әзірбайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді
Сурет: Qazaqstan.tv

Биыл Әзірбайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді.

Бұл туралы елімізге ресми сапармен  келген Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Екі елдің мәдени онкүндіктерін өткізу туралы уағдаластықты айрықша атап өткім келеді. Қазақстанның мәдени күндері осы жылдың ішінде өтеді. Бүгін біз Әзірбайжанның құрметті Президентімен көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің атындағы көшені ашамыз. Бұл іс-шараны әзірбайжан халқының ұлы перзентінің 100 жылдығына орайластырып отырмыз», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Гейдар Әлиевтің өміріне арналған «Ғазиз ғұмыр» деректі фильмінің таныстырылымы өтетіндігін айтты. Фильмді Қазақстан телерадиокорпорациясы түсірген.

«Елдеріміздің достығы мен өзара қолдауының жарқын дәлелінің бірі - қазақ халқының Әзірбайжанға – Фезули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығын сыйға тартуы болмақ. Маған аталған орталықтың құрылысы барынша жылдам қарқынмен жүргізіліп жатқанын айтты. Меніңше, таяу арада осынау маңызды нысанның жұмыс істей бастағанын көреміз. Біз мұнан ары да жан-жақты гуманитарлық байланысты дамытуға, ортақ рухани құндылықтардың асыл қазынасын байытуға нық ниеттіміз», - деді Президент.