Әуезов ауданында жаңа жаяу жүргіншілер аймақтары салынады

Әуезов ауданында жаңа жаяу жүргіншілер аймақтары салынады
marimedia.ru

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Е.Досаевтың Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Өткен жылы ақпан айында "Ақсай-2" шағынауданының тұрғындары скверді (Төле биден Марғұлан көшесіне дейін) жөндеуді сұраған. Қазіргі таңда сквер заманауи қалалық дизайнның жаңа стандарттарына сәйкес абаттандырылды және тұрғындар үшін жаңа демалыс орнына айналды.

Бүгінде ауданның 5 магистралды көшесі, яғни Жандосов, Момышұлы, Саин, Төле би көшелері мен Абай даңғылындағы жаяу жүргіншілер кеңістігінің аумағын өзгерту жобалары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жіберілуде. Осы жылдың шілде айында жобалар мемлекеттік сараптамадан шығады деп күтілуде.

"Таугүл" шағынауданында бос демалу орындарының болмауына байланысты көлік қозғалысын шектеу арқылы Шалов бульварын заманауи жаяу жүргіншілер аймағы ретінде жайластыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді (ұзындығы - 660 м, ауданы – 3,7 га). Бүгінгі күні жоба сараптамадан өтіп жатыр. Сараптамадан шығу мерзімі – осы жылдың наурыз айының соңы. Жұмысты мамыр айында бастап, жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.