Әлихан Смайылов Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына сөгіс жариялады

Әлихан Смайылов Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына сөгіс жариялады
Сурет: Primeminister.kz

2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 17 мың отбасыға 372 млн теңгеден астам тұрғын үй көмегі көрсетілді

Үкіметте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндамасына сәйкес, Президент тапсырмасы бойынша әзірленген "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын енгізу арқылы республика бойынша электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозуын орта есеппен 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Бұл азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және апаттық жағдайлар санын азайтуға мүмкіндік береді.

Ол үшін 145 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеу қажет. Осыған байланысты биыл өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, ТКШ қызметтері тарифтерін кезең-кезеңмен өзгерту көзделіп отыр. Нәтижесінде осы жылдың өзінде 5 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеу және ТКШ саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру жоспарлануда.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың баяндауынша Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың коммуналдық қызметтерге шығындарын азайту үшін оларды мемлекет тарапынан көрсетілетін тұрғын үй көмегі аясында ішінара өтеу көзделген.

2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша 17 мың отбасыға 372 млн теңгеден астам тұрғын үй көмегі көрсетілді.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың мәліметінше, Дүниежүзілік банк және KPMG халықаралық компаниясымен бірлесіп, республиканың 56 жылу электр станциясына техникалық аудит жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша станциялардың техникалық жай-күйі мен негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштер рейтингі жасалды. Осы айдың соңына қарай күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қамтитын кешенді есеп дайын болмақ.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы саладағы күрделі проблемаларды ескере отырып, елдің тіршілік көзіне қажетті барлық жүйені жаңғыртуға және күрделі жөндеуге бағытталған "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыруды тапсырғанын айтып өтті.

"Ол үшін біз заңнамалық түзетулерді, нормативтік құқықтық актілерді қабылдадық. Бұған дейін табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары мен тарифтерін түзете алмай келген едік. Енді оған мүмкіндік туып отыр", — деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Үкімет басшысы коммуналдық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту процесін бастау үшін қажетті құжаттаманы баяу дайындап жатқанын атап өтті.

"Бұл процесті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын жедел бастау маңызды. Бұл – кезек күттірмейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте басталатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе", — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы қалыптасқан жағдайды Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов ведомство басшысы Әлібек Қуантыровқа ескерту жасап, үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады.

"Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ", — деді Әлихан Смайылов.