Абайтанудағы қияметті кезең оңайға түскен жоқ

Абайтанудағы қияметті кезең оңайға түскен жоқ
almaty-akshamy.kz

Қазақтың кемеңгер Абайы қараңғы түнекті қақ жарып туған жарық ай десек, оның сәулесіне шомылып, үлгі-өнегесімен сусындап өскен жасөспірім, көкөрім таланттар алыптың айналасындағы сансыз жұлдыздар іспетті болды. Абайдың артықшылығы – ол өлеңді ермек етіп, сөзбен сурет салып қана қойған жоқ, қазақтың бойындағы қыңырлықпен, надандықпен күресті, ұлт әдебиетіне жан бітіріп, іші-сыртын түзеді, терең ақылпарасатымен, асқан шыншылдығымен өлең, сөзге өзгеше мән-мағына беріп, мейлінше түрлендірді.

Абайдың ерекше таланты мен атағын асқақтатып, ел ішіндегі беделін көтерген әділдік, адалдық, мейірбандық тәрізді адами ізгі қасиеттері сол маңайдағы өнерлі жастардың ақын айналасына үйіріліп, оны өздеріне ұстаз тұтуына негіз болды. Бұрын-соңғы әдебиетшілердің зерттеулерінен білетініміздей, Абай сол жас талаптарға ұстаздық етті, біреулеріне өлең жазуға арнайы тақырып берсе, енді біреулеріне өзі әлем әдебиетінен оқыған қызықты сюжеттерді, тарихи оқиғаларды әңгімелеп беріп, болашақ шығармаларына жол нұсқады.

Жазғандарын оқып, ағалық ақыл-кеңесін, ескертулерін айтып отырды. Әділдікті сүйетін, жалғандыққа, жамандыққа жаны қас ұлы ойшыл кімге болсын әділ төрелігін айтып, қажымай-талмай үйретті, жалықпай жетеледі. Және ол еңбегі жеміссіз де болған жоқ. М.Әуезовтің уәжіне жүгінсек, «...Қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді».

Ақынның шәкірт-достарының өз ортасынан суырылып шығып, жеке-дара танылуына Абайдың оларға әрдайым жоғары талап қоюы да себепкер болғаны анық. Өмір шындығын боямасыз әрі дәл көрсетіп, өнердің тәрбиелік мәнін ескеруді жоғары орынға қойған ақын шәкірттеріне де осы талап тұрғысынан қарады, жасандылықтан бойын аулақ ұстауды тапсырды.

Бұл ретте қазақтың Абайы кез келген ұлттың беткеұстар ойшылынан оқшау әрі дара тұр. Мұның себебін әдебиетші ғалым Бауыржан Ердембековтің тілімен түсіндірер болсақ, «...Әлем әдебиетінде шәкірт тәрбиелегендер некен-саяқ кездескенімен, дәл Абай сияқты бірнеше ақынның басын құрап, тақырып беріп, өлең жазғызып, жазғанын ортаға салып талдап, түзеп дегендей, шын мәнінде, осындай әдеби іс жосығын жүзеге асырғандары кемде-кем. Өзімізге етене жақын орыс әдебиетіне назар аударсақ, А.Пушкин де, М.Лермонтов та әдеби мектеп ашып, шәкірт тәрбиелемепті.

ХІХ ғасырдың 50-жылдарында орыс әдебиетіне Н.Гогольдің әсері зор болғаны белгілі. Әйтсе де, «Біз Гогольдің «Шинелінен» шыққанбыз» деген кейінгі қаламгерлердің қанатты сөзі жазушының тікелей шәкірттері емес, оның дәстүрін жалғастырушылардың айтқаны екенін естен шығармау керек». Басқаша айтқанда, Гогольдікі – дәстүр, бағыт та, Абайдікі – ұстаз бен шәкірт арасындағы тікелей қарым- қатынастың көрінісін байқататын тура мағынасындағы мектеп болып шығады.

 Ақын майданы ұзаққа созылды

 Дейтұрғанмен де «ұлы» халықтың бетке ұстар ақын-жазушыларында кездесе бермейтін тікелей әдеби қарым-қатынастың айғағы болған ақындық мектеп, ақын шәкірттер қазақ әдебиетіне, оның ішінде Абайға тиесілі болуы кеңестік танымның қалыбына сыя бермеді.

Осынау қыңыр түсініктің салдарынан Абайдың өз айналасына тигізген әсері, тағылымдық қарекеттері тұмшалана берді. Мұның аяғы Абайдың Көкбай, Ақылбай, Шәкерім, Мағауия, Тұрағұл тәрізді аса дарынды шәкірттері мұраларының елеусіз, ескерусіз күйде, зерттеушілердің де, қалың көпшіліктің де назарынан тыс қалуына әкеліп соқтырды. Тіпті, оны былай қойғанда, Абайдың ақындық мектебін зерттеп және оның бар екендігін дәлелдеп баққан Абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың осы әрекеті үшін ғана 25 жылға сотталып кеткені тағы бар.

Қайымның «Абайдың әдеби мекте­ бі» деген тақырыптағы диссертациясын қорғауы – ел тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Содан бастап Әуезов пен Мұхамедханұлын айыптау күшейе түсті. Сол кездегі советтік әдебиеттанушылар, «Абай – феодал, бұлар тағы да феодалдар мен солардың айналасын көтеріп жатыр» деп сынды қарша боратты.

Бұл ретте белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай Абайдың ұлылығын таныту барысында қаншама Абайтанушылардың өмірден қияметпен өткенін өкінішпен еске алады. «Қайым Мұхамедханұлының тағдырымен Абайтанудағы бүкіл бір қияметті кезең тікелей байланысып жатыр. Кеңестік тұстағы әртүрлі идеологияның Абайдың өзін қазақ ұлтымен қоса қара тақтаға қосып жазып, ұлттың бетіне қара дақ түсіруге тырысқан пиғылы болды. Қайым жасөспірім кезінен бастап, қашан көзі жұмылғанға дейін күрес майданынан, Абай майданынан кеткен жоқ және сол үшін барлық арын, ұжданын, ұятын, өмірін, жеке тағдырын арнады, Абайды ХХ ғасырдың соңына дейін қорғап келді. «Абайтанудан бас тарт. Абайтануды маған жаздырған – Мұхтар Әуезов» деп айт, егер де бас тартып, Әуезовті көрсетсең, кандидаттық атағыңды да, үй ішіңді де, жұмысыңды да қайтарып береміз» деген. Соның өзінде «жоқ, екі айтатын адам емеспін. Абай біреу, Әуезов біреу» деп, 25 жылға жер айдалып кетті, ыстық-суық камераны бастан кешті, сонда да, өзінің айтуынша, «Ей, Алла, ей, Алаштың идеясы, Абайдың идеясы, қолдай гөр» деп ішімнен қасарысып отырдым» дейді. Мұндай қасарысқан төзімді рух кез келген ұлттың интеллигентінің басында өте сирек кездеседі.

Қазақта сондай қайсар тұлғаның бірі де, бірегейі де – Қайым Мұхамедханұлы. Ғалым ретіндегі Қайымның ұлы арнасы, ол Абайтану мектебін толық қалыптастырып, тамырландырып кетті. Қайым «Абай және оның ақындық мектебі» деген ғылыми бағыт қалыптастырды, – дейді Тұрсын Жұртбай.

Айтса, айтқандай-ақ, Қайым Мұхамедханұлы Абай мектебі ақындарының есімін жаңғыртты, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер жинап, әдеби мұраларын қалпына келтірді. Соның арқасында Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», «Хисса Жүсіп», Мағауияның «Медғат– Қасым», «Еңлік–Кебек», Көкбайдың «Сабалақ», «Кенесары–Наурызбай», Әсеттің «Салиха–Сәмен» және «Евгений Онегин» аудармасы, Әріптің «Біржан–Сара» айтысы, Тұрағұл, Мұқа, Әубәкір және тағы басқа шәкірттері мен Абайдың алашшыл ізбасарларының шығармалары мен аудармалары бүгінгі оқырманға жетті.

Қорыта айтқанда, Абайдың ақындық мектебінің ілгері-кейінді өкілдерінің қай-қайсысы да – зерттеп-зерделеуге, сый-құрметке лайық жандар. Сондай-ақ, олардың әдеби мұрасын саралау күні бүгін де қазақтың сөз өнерін қай жағынан болсын байыта түсері даусыз.