А. Байтұрсынұлының музей-үйі реэкспозициядан кейін ашылды

А. Байтұрсынұлының музей-үйі реэкспозициядан кейін ашылды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Биыл ұлт ұстазы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-реформатор Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды.

Алматы қаласы мәдениет басқармасының қолдауымен А. Байтұрсынұлы музей-үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, экспозициясы жаңартылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ХХ ғасырдың ұлы реформаторы, қоғам және мемлекет қайраткері, лингвист-ғалым, қазақ филология ғылымының негізін қалаушы, ақын-аудармашы, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі 1993 жылы ашылды. Музей-үйдің жанындағы А. Байтұрсынұлының бюсті 1998 жылы орнатылған.

Алматы қаласы әкімінің 2021 жылғы 13 қазандағы №4/508 қаулысымен музей-үй жеке меншіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне берілді.

Жаңарған музей-үй үш экспозициялық және бір дәріс залынан тұрады. Қазіргі уақытта музейде ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған. Бұл – мемлекеттік архивтен алынған түпнұсқа құжаттар, жеке және ұжымдық фотосуреттер.

Музей заманауи технологиялармен жабдықталып, жаңа мазмұнмен толтырылып, жаңа сипат алды. Арнайы сенсорлы тақталарда музей-үйдің құрылу тарихы, архивтік материалдар, фотосуреттер және реформатордың өмірі мен шығармашылық жолы туралы мол мағлұмат беретін құнды мәліметтер бар.

Музей-үй дүйсенбіден басқа күндері сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін келушілер үшін ашық.

Музейдің мекенжайы: Алматы қаласы, Байтұрсынұлы көшесі, 60.

А. Байтұрсынұлының музей-үйі.

Байланыс тел.: +7 747 836 76 06.

e-mail: museumalmaty@mail.ru.