Ағал-жағал автобустар

Алып шаһардағы қоғамдық көлік қызметін күнделікті миллионға жуық жолаушы тұтынады екен.

 

Соңғы кездері алматылықтардың қоғамдық көлік қызметіне көңілі толмай жүр. «Автобустар лас, жүргізушілер дөрекі» деп шағымданатындар көбейіп барады. Осы орайда, қала тұрғындары мен қонақтарының тұрмыс-тіршілігінде маңызды орын алатын автобустарға қатысты алматылықтардың айтары бар.

Мәселен, алматылық Ақпейіл Қанағатқызы жұмысына қоғамдық көлікпен қатынайды. Таңертеңгілік және жұмыстан қайтатын мезгілде өзі мінетін автобустардың қызметіне көп мән беретін жолаушы кейінгі кездері көліктердің тазалығы сын көтермейтінін айтып отыр. «Қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында көп жұмыс атқарылды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ сол көліктердің іші неге лас? Міне, нешінші күн… өзім мінетін №10, 133, 40 және №4 автобустардың ішін күнде бақылап жүрмін. Орындықтары кірлеп кеткен. Еденге қарап, құдды бір автобустың ішіне қар жауған ба дерсің… Жуылмаған. Қар суы езіліп, көліктің іші шылқыған су болып жатыр. Орындықтардың астына сыпыртқының шеті тимегеніне бірнеше күн болғанға ұқсайды. Қоқыс үйіліп жатады. «Жібекті күте алмаған жүн қылады» демекші, жап-жаңа автобустардың іші-сырты ешқандай талапқа сай болмай жатуы барлығымызға сын. Әсілінде, Алматыны әлем көз тіккен әсем қала дейміз. Дәл мынадай лас көліктерімізді көрсе, шетелдіктер не ойлайды?»,  – дейді Ақпейіл.

Ал Гүлім Бағдатқызы автобустар жаңа болғанымен, олардың көбі дауыс күшейткіш арқылы аялдамаларды алдын ала хабарламайтынына қынжылады. «Қалаға көшіп келгеніме көп бола қойған жоқ. Сол себепті, қоғамдық көліктердің қайсысы қай бағытта жүретінін онша біле бермеймін. Кейбір автобустарда аялдама алдын ала хабарланады, ал кейбіреуінде айтылмайды. Бірде метроға міндім. Үш тілде сайрап тұрған көліктің іші тап-таза, жып-жылы, жолаушылар үшін сондай жайлы екен. Дәл осындай қызметті автобус жүргізушілері де ескерсе…», – деген өтінішін білдірді.

«Егер қоғамдық көлік ішіндегі терминал жұмыс істемесе, оған жолаушы кінәлі емес. Сондай-ақ, жолаушы автобус жүргізушісіне терминал істемегені үшін қолма-қол ақша төлеуге де міндеттелмесе керек. Неге десеңіз, қазір халықтың басым бөлігі электронды төлем жүйесіне көшкен. Сол себепті, көпшілік ақшаларын қалтасына салып жүрмейді, карточкаларда ұстайды. Осы тұрғыдағы түсініспеушілік қазіргі кезде қаладағы көліктерде көп кездеседі. Өткенде №4 автобуста дәл осындай жағдай болды. «Жүргізуші төле дейді, менде қалтамда артық ақша жоқ». Бір-бірімізге осылай кедергі жасадық. Жолға шықпас бұрын, алдын ала терминалдардың жұмыс істеп тұрғанын тексеріп алған жөн шығар. Осы мәселені біржақты етсеңіздер», – дейді Гүлім.

Бұдан бөлек, алматылықтар автобустардың суық, діттеген жеріне жеткенше жаурап қалатындарын айтып шағымданса, екіншілері, керісінше, автобустың іші ысып кететінін айтып, пешті өшіруін өтінсе, жүргізушілер сөзімізге құлақ аспайды деген өкпе-наздарын жеткізіп жатыр. Көліктер арақашықтығын дұрыс сақтамайды, аялдамада ұзақ тұрамыз деп арызданатындар да жетерлік. «Дөрекі жүргізушілер көп» деп шағымданатын жолаушылар қатары да артқан.

 

P.S.

Шаһар тұрғындарының қоғамдық көлікке қатысты айтқан арыз-шағымдарын жоққа шығара алмаймыз. Расында да, көптеген көліктердің тазалығы сын көтермейді. Оны өзіміз күнде байқап та жүрміз. Тазалық сақтау бүгінгі күннің басты талабы екенін ескерсек, бұл көлік қызметіне де қатысты. Әрбір қоғамдық көлік тәулігіне бір рет міндетті түрде залалсыздандырылуы тиіс. Яғни жұмыс аяқталған соң, кешке әр автобустың іші-сырты жуылып, арнайы залалсыздандырғыш қоспалармен тұтқалар, орындықтардың жиегі түгелімен дезинфекциялануы керек. Ал біздегі көліктерден қазірге дәл ондай тазалықты байқай алмай жүрміз. Себебі, шаһарда сырты тап-таза, жасыл автобустардан гөрі, тазаланбаған соң сыртын кір басқан қаражасыл автобустар жүйткіп жүр. Алдағы уақытта көлік тасымалымен айналысатын жауапты мекемелер бұл олқылықты түзетер деген ойдамыз.

 

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *