194 мыңнан астам қазақстандық шетелде жұмыс істейді

194 мыңнан астам қазақстандық шетелде жұмыс істейді
Сурет: Sputnik.kz

Қазақстан азаматтарының шетелде еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылданды.

Бұл туралы Үкімет отырысында Көші-қон саясаты тұжырымдасын іске асыру барысын талқылау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Сыртқы істер министрлігінің деректеріне жүгінсек, биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Біз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылдадық», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment permit System – EPS) қосу мәселесі пысықталып жатыр.

Бұл ретте, migration.enbek.kz сайтына тіркеле отырып, осы жүйе арқылы жұмысқа орналасуға болады. Оны еңбек ұтқырлығы орталықтары жүзеге асырады. Шетелде жұмыс істегісі келген адам алдымен тіл үйренеді, міндетті медициналық тексеруден өтеді, сосын шетелге шығатын құжаттарын рәсімдейді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанға негізінен қай елдің азаматтары қоныс аударып жатқаны анықталды.