ЗИЯЛЫ ЗИЯДА

Қызылорда  қаласындағы №140 орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен қырық бес жыл сабақ берген Зияда Бөріқызы Көздібаеваны әріптестері де, шәкірттері де, олардың ата-аналары да ерекше құрметтейді. Бір ғана мектепте жарты ғасырға жуық еңбек еткен Зияданың да оқушыларына деген ықыласы  бөлек.

Жалпы, Сыр бойындағы сырбаз шаһар Қызылорда қаласында Зияда Бөріқызы Көздібаева есімді тамаша ұстазды білмейтін адам кемде-кем. Себебі, 70 жасқа толып, мерейі үстем болып отыр. Әзіз жүректі  ұстаздың мек­тептегі жарты ғасырға жуық мұға­лімдік қызметінде алдынан  қаншама мыңдаған шәкірттер бітіріп шықты десеңші! Жастарға орыс тілінің грамма­тикасын бай ана тілімен байланыстыра жете меңгертіп, олардың  сауатты-салауатты өмір сүріп, қоғам жұмысына белсене араласуына өзінің білімді әрі қайраттылығының арқасында Зияданың  ерекше тер төккенін оны танитындар жақсы біледі. Балаларға өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болды. Уақытпен санаспай еңбек етті. Әлемнің ұлы классиктерінің шығармаларын майын тамыза оқытатын жарқын жүзді, жайсаң мінезді, өмірге құштар жанды әріптестері де, шәкірттері де ерекше сыйлады. Өзінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен, яғни барлық жағынан үлгі болды. Оның сабағын бәрі өліп-өшіп тыңдайтын. Мұның бәрін  жақсы білетінім, мен осы мектепте ұзақ жыл бойы ата-аналар комитетінің төрағасы болдым, негізгі жұмысымнан қолым қалт еткенде қоғамдық тапсырманы мұқият орындадым. Менің балаларым Серік пен Бақытжанға осы Зияда сабақ берді. Биыл Серікті Индонезия Прези­денті екінші мәрте Индонезияның Алма­тыдағы құрметті консулы етіп тағайындады. Сонымен бірге, Серік «Қазақстан–Индонезия» іскерлік кеңе­сінің төрағасы. Ол екі ел арасын­дағы іскерлік байланыстардың дамуына ұйтқы болып жүр.

Бүгінде өздерінің алды ата болған балаларының әрқайсысының жетістік­теріне әлі күнге марқаятын Зияда ұстаз болғанын нағыз бақытым деп есептейтін жан. Оны бұрынғы шәкірттерін   көр­ген­де жаны жадырап сала беретінінен де байқауға болады. Солардың әрқайсы­сының шырағын жақсам, болашаққа талпындырсам деп  уақытында қаншама жанталасқанына қуанады. Соған шүкір етеді. Шәкірттері  ұядан қияға ұшып кетсе де, жағдайларын біліп, қашан адам болып, өз қолдары аузына жеткенше, ұстаздық, аналық кеңесін айтып, үнемі қолдап жүретіні де содан. Қысқасы, Зияда шәкірттерін өз баласынан кем көрмейді. Ақжарқын, аңқылдап сөйлей­тін, ақкөңіл ана.

Мұның бәрі нағыз ұстазға тән қасиет! Әр баланың жан-дүниесіне шуақ түсіріп, кезінде жүрегіне жылулық нұрын себе білді. Жетпіске келсе де, оқушыларының жүрегінде, көңіл төрін­де  қалған, қадір тұтып, құрмет­тей­тіні де содан екені анық. Өйткені, баланы алдап, сый-құрметті ешқашан сатып та, қорқытып та ала алмайсың. Қашан да қасиетті, қадірлі ұстаз атына кір келтірмесең ғана, оқушыларың үшін өмір бақи аяулы тұлға бола аласың.  Әйтпесе, кез-келген мұғалім ондай биікке көтеріле алмайды. Оның бәрі алған атағыңмен де өлшенбейді.

Ұстаз болу – нағыз өнер. Оған табиғи дарын, іргелі ізденіс керек. Қиын­дығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін туабітті мұғалім болу керек десек, артық айтқандық емес. Әлбетте оңай емес, өте қиын мамандық. Қиын дейтінім: қырық жыл мұғалім болсаң да, қырық бес минуттік әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту – ұстаздың міндеті. Жалғыз сабақ берумен шек­телмейсің. Болса да, сынып жетекшісі боласың. Әр баламен  сырласу, мере­келік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңде­рін бірге бөлісу, бұл керек болса баламен бала болып кететін  ерекше бір қызық мамандық. Балаларға ұрысып, жекіп, кейімей-ақ, олармен сырласа отырып жан-дүниесін ұғынуға тиіссің. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп  данышпан Мұхтар Әуезов айтқан екен. Сол айт­қандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасаса,  мұғалімнің еңбегі еш кетпейді.  Қанша жыл тер төгіп еңбек етсе де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтса, онда  мұғалімнің тоқырағаны. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Үне­мі алға жылжып отыру керек. Себебі, жаңа заманның жаңа адамын тәрбие­леу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырмаса, ондай ұстаз көпке бармайды. Мұның бәрін өзіміз мұғалім болмасақ та, өмір тәжірибе­мізден жақсы білеміз.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында Қызылорда шаһарының оңтүстік беті ми дала еді. Сырдария жағалауындағы осы өңірге  біртіндеп алыс елді-мекен­дер мен аудандардан көшіп келіп, қоныстанушылар қатары көбейді. Сол кездегі жас мұғалім Зияда сабақ беретін аталмыш мектеп қазір қала орталы­ғында орналасқан. Айтайын дегенім, қалада өтіп жататын   шараларға, мейлі ол театрдағы спектакль немесе кітап­ханадағы ақын-жазушылармен кездесу­лер болсын, әйтеуір  руханиятқа қаты­сы бар басқосуларға Зияда шәкірттерін ертіп барудан ерінбейтін. Оны сондай ортадан жиі-жиі байқайтынмын.

Қызылорда облысының Сексеуіл стансасында 1949 жылы 1 сәуір күні дүниеге келген Зияданың балалық, жасөспірім  шағы ерсілі-қарсылы по­йыз­дар ағылып жатқан темір жол бойында өтті десек болады. Темір­жолшы әулетінен. Әкесі Бөрі Көздібаев темір жол саласында қарапайым жұ­мыс­шыдан Ақтөбе облысының Шалқар қаласының темір жол бастығы қызме­тіне дейін өсті, құрметті теміржолшы, 1965 жылы Зияданың он алты жасында өмірден өтті. Анасы Назым үй шаруа­сында болды, 2006 жылы сексен жасты еңсеріп қайтыс болды.

Зияда Бөріқызы Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы №439 мектепті 1966 жылы ойдағыдай бітіріп, сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, оны 1970 жылы бітірді.

1970 жылдан 2014 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін тек бір ғана жерде – Қызылорда қаласындағы №140 орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінің алдыңғы қатарлы мұғалімі ретінде сабақ берді. Жоғары білімді, жоғары санатты мұғалімнің бүкіл саналы ғұмыры осы қала орталығындағы мектептің қабырға­сында өтті.

Өмір болған соң, ол әрине, бір орнын­да тұрмасы белгілі. Зияда 1975 жылы тұрмысқа шықты.  Жолдасы Қаби­долла Қонақбаев құрылыс саласы­ның инженері еді, 2006 жылы қайтыс болғанға дейін жан жарымен бақытты ғұмыр кешті. Жұбайы марқұм екеуі бірге 5 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бір-бір үй болып отырған балаларынан 7 немере сүйіп отырған  мейірімді де бақытты әже.

Ұстаз бақыты алған атағымен өлшен­бейтінін жоғарыда айттық. Сонда да айта кетелік, Зияда Білім және ғылым ми­нистр­лігінің «Еңбек ардагері» (2017) меда­лімен және Құрмет грамота­сымен, облыс­тық  білім басқармасы­ның, қалалық әкімдіктің, қалалық білім бөлімінің түрлі мақтау қағаздарымен марапатталды. Бүгінгідей атақ-дәрежеге  жанталасып, лайықты болсын-болма­сын, неше түрлі марапат пен медальға ұмтылатын мұғалім­дерді балаларымды сабаққа апара жүріп, мектеп өмірінен байқайтын едік. Олардай емес, Зияда арзан атаққа ұмтылып, өзді­гінен мара­патқа ұмтылмады. Бұйырғанын қанағат тұтты. Одан да бойындағы асыл қасиет­терін шәкірттеріне сіңіріп,  адал тер төккенді артық санады.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп тегін айтылмаса керек. Зияданың кезінде өзі  білім берген оқушылары қазір сан-салада жемісті қызметтер атқарып жүр. Олардың ешқайсысын ұмытқан емес, олар да апайын ұмытпайды, үнемі хабар­ласып тұрады екен. Мәселен, қаншама уақыт өтсе де, Зияда оқушыларының қайда жүргенін, не жұмыс істейтінінен жақсы хабардар. Міне, шәкірттерін ол былайша тізіп қойыпты, бәрін бірдей атап шығу мүмкін емес, сонда да біразын келтіре кетелік. Олар, міне, мыналар: Жанар Балхожаева – Астана қаласында тұрады, дәрігер,  Гүлзинат Нұрабаева – терапевт дәрігер,  Жанат Сәдуахасова – Қызылорда қаласындағы №217 мектептің директоры, Ақгүл Алтынбекова – Қызылорда қаласын­дағы Сәкен Сейфуллин атындағы №4 орта мектептің директоры, Айбек Мыр­залиев – отставкадағы полковник, Жамбыл Айтмамбетов – Қызылорда газ шаруашылығы мекемесінің бастығы, Бекайдар Сариев Швейцарияда жұмыс істейді, Бекбау Тайманов Украинада еңбек етеді, Аида Қосымбетова –ауруханада бөлімше меңгерушісі, Марат Жәмиев  – Қызылорда қаласы су ша­руа­шылығы басқармасының басты­ғы, Маханбет Асылбеков – Қызылорда газ пайдалану жүйесінің бастығы, Татья­на Сәрсекбаева – Абылай хан атындағы №140 орта мектеп директо­рының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Серік Қа­рымсақов – Малайзияда елші, Бақыт­жан – кәсіпкер, Сәуле Өтегенова – Қызылордада судья, Эльвира Қазбекова – «Цеснабанк» қызметкері, Нұрбол Құл­мағамбетов – Құмкөлде мұнай кені­шінде аудармашы. Осылай тізіліп кете береді. Бәрі де өз маман­дықтарын жетік біледі. Осылардың барлығы Зияданың алдын көрген, Зия­да­дан тәрбие алған, Зияданың тәлімін алған. Осылардың барлығын өмір сүре білуге тәрбиелеген, адамгершілікке бау­лыған, топшысын қатайтқан  – Зияда!  Зияда – олар үшін ең сыйлы адам! Олардың бәрі өздерін Зиядаға қарыз­дар­мыз деп санайды. Нағыз ұстаздың бақыты да осы болса керек. Ендеше, Зияда Бөріқызы – нағыз бақытты ұстаз!

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

1 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *