ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЖАСТАРҒА ВИДЕОҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ

Әсел ДАҒЖАН

Алматыдағы бір топ зиялы қауым өкілдері Президенттің әскери есепте тұрған жастарды арнайы жиындарға шақыру жайлы Жарлығын қолдау мақсатында тілектестіктерін білдіріп видеоүндеу жолдады.

Естеріңізге салып өтейік, осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлыққа қол қойған болатын.

Соған орай еліміздің әскери есепте тұрған және денсаулық жағдайы бойынша жарамды деп танылған азаматтары арнайы жиындарға шақырылады. Ескере кететіні, жиынға шақыру кезінде еріктілерге артықшылық берілген. Өйткені, «үйде жұмыссыз отырғанша, әскер қатарына шақырылып, отанымды қорғап, халқыма көмектессем» деген отаншыл жастар қатарының көптігі белгілі болды.

Осынау ел басына түскен сын сағатта Мемлекет басшысының Жарлығын бір топ зиялы қауым өкілдері де қолдап, жастарды белсенді болуға шақырды.

– Бүгінгі таңда біздің дәрігерлер, журналистер, құқық қорғау органдарының өкілдері және әскери мамандар жанкештілік көрсетіп, осы қызу майданның дәл ортасында жүр. Кешегі Президент Жарлығын жүзеге асыру үшін өзін осы елдің патриоты сезінетін әрбір қазақстандық жас жұмыла іске кірісуі керек, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.

Өйткені, мұның бәрі еліміздің амандығы мен халқымыздың денсаулығы және ішкі мүмкіндігімізді сақтай отырып, тез арада қатерлі індеттің бетін қайтару үшін жасалып жатқан игі шара деді ол.

Видеожолдауын «менің сүйікті балаларым, немерелерім мен шөберелерім» деп асқан аналық мейіріммен бастаған КСРО Халық артисі Бибігүл Төлегенова: «Дәл қазіргі жағдайда бізге ең керегі – тәртіп. Әскери қызметтегілер мен осы жасқа жеткен жастар бізді қорғаңдар. Біз – әйелдер, бала-шаға мен үлкен кісілердің қолынан не келеді? Біз сендерге сеніп, сендердің арқаларыңда үйде отырмыз. Сондықтан бәріңе күш-қуат берсін. Бәрімізді бір-бірімізбен аман-есен қауышуды нәсіп етсін! – деді.

Ал ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Отанын қорғау – әрбір ер-азаматтың үшінші намысы дегенді еске салды.

– Пайғамбарымыздың хадисінде ер жігіттің үш намысы болады дейді: біріншісі – иманы, екіншісі – отбасы, үшіншісі – Отаны. Ер жігіт осы үш намысын да қорғауы керек. Иманын – ібіліс пен шайтаннан, отбасын – жат пен бөгдеден, Отанын – жау мен дұшпаннан қорғасын дейді. Біздің мынау жеріміздің кеңдігі, еліміздің байлығы кешегі өткен ата-бабамыздың ерлігінің арқасы. Ұрпақтары соған лайық болуы керек. Бүгінгі күні анталап келген жау жоқ. Бірақ коронавирус деген індет бүкіл жер шарын қыспағында ұстап тұрған кезде, осы қатерлі жаумен күресуге ер-азаматтардың мен әлгінде айтқан намысын қорғайтындай қайрат-күші керек. Президенттің Жарлығын міне, осы тұрғыда қабылдау керек , – деді ол.

Айта кетейік, еліміздің әскер жасындағы жастарына видеоүндеу жолдаған зиялылардың арасында белгілі қаламгерлерден Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Халық артисі Асанәлі Әшімов пен Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *