ӘЗІЛҚОЙ ХИМИК ҒАЛЫМ

Бұрынғының адамдары-ай

 

14Батырбек Бірімжанов туралы мөлтек-сыр

Ұзақ жылдар мен кәдімгі ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» (кейінгі «Зерде») журналында қызмет жасап, республиканың белгілі ғалымдарымен аралас-құралас болдым. «Аралас-құралас» дегенде, журналдың атынан «мынадай тақырыпқа немесе мәселеге байланысты мақала жазып берсеңіз» деп өтініш айтамыз, қолқа саламыз. Я  болмаса, біз айтпай-ақ өз қалауларымен мақала-материалдар алып келеді. Сондайда бірге отырып тақылаймыз, пікірлесеміз, керек жеріне толықтыру мен түзетулер енгіземіз. Мұндай шығармашылық сипаттағы қарым-қатынас бір-бірімізді мейілінше жақын­дастыра түседі. Сөйтіп, бірте-бірте пікірлес, сыйлас адамдарға айналып кетеміз. Сондықтан да кейде әңгіме тек ғылымның шеңберінен шығып, басқа тақырыптар төңірегінде өрбіп жатады.

Қарап отырсақ (қазіргідей жанталасқан, ақша қуған заманнан ада) кішкене ибалылық, ар мен ұят алда тұрған ол да бір  қызық дәурен екен…

… Бір жолы ҚазМУ-дің химиктері өздерінің ақсақал ұстазы, көп жылдардан бері факуьтеттің деканы және кафердра меңгерушісі болып келе жатқан атақты ғалым Батырбек Ахметұлы Бірімжанов туралы мақала дайындап, журнал бетінде  жарияласақ деген ұсыныс айтты. Қисынды да орынды ұсынысқа қалай қарсы болайық, «мақұл, әкеліңіздер» дедік.

Әдетте мұндайда ғалымдардың көбі өз әріптестері жайында өмірбаянын тәптіштеп, ғылыми еңбектері мен жасаған зерттеулерін тізбелеп, жұрт онша оқи қоймайтын, қатып-семіп қалған дүниелер жазып әкеледі. Сонан соң оны  оқырманға тартымды ету үшін итшілеп жөндеп, орамды ойлар қосып, түзеп-күзеп жатқаның. Жүрегіміз әбден шайлығып, зәрезап болған біздер сондай мақаланы күтіп отырғанбыз.

Бірақ, қызық болғанда, біз күткендегідей емес, химиктер мүлде басқа сипаттағы материалдар топтамасын дайындап әкеліпті. Және онда Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Батырбек Бірімжановтың ғалымдық, ұстаздық және адами қырлары жан-жақты ашылған. Онда, мәселен, оның жас кезінде алыс ауылдарды аралап, елді сауаттандыру, жастарды оқу-білімге тарту ісіне белсене араласқаны, одан кейін ұстаздыққа біржолата ден қойып, сонау 1934 жылы, яғни Қазақ мемлекеттік университетінің  алғашқы ашылған күнінен бері қарай табан аудармай жарты ғасыр бойы қызмет етіп келе жатқаны, ғалым ретінде Қазақстанның химиялық минералды тұздарын зерттеуге зор үлес қосқаны, жүздеген талантты шәкірттер дайындап шығарғаны айтылған. Шәкірт­терінің айтуларынша, Батырбек ағамыз өмірде өте қарапайым, күнделікті қарым-қатынаста әзіл-қалжың айтып, айналасын қыран-топан күлкіге батырып жүретін көңілді кісі екен. Оның айтқан әңгімелерін құрдастары, замандастары жұртқа аңыз қып тарататын көрінеді.  Міне, сондай  әзіл-қалжыңдарын  жинақтап, бір альбом кітапша етіп шығарыпты.  Ол естелік дүние ҚазМУ-дің химфагында немесе Бірімжановтар әулетінде сақталған болса керек.  Сол альбомнан оқыған  бір-екі әзіл есімде қалыпты.

 

«Қызметтік көлігін беру»

 

…Бірде  Торғай жақтан Алматыға Батекеңе жас жағынан өзімен шамалас жамағайын туысы келеді. Түскен қонақүйінен хабарласып, амандық-саулықтан соң:

– Маған қызмет көлігіңді бер. Алматыны бір емін-еркін аралап шығайын, –  дейді. Ағамыз:

– Ойбай-ау, менде ондай қызмет көлігі жоқ қой, – десе, әлгі кісі:

– Қой, ҚазМУ-дің дырдай деканында көлік болмаушы ма еді? – деп сенбейді. Тіпті, ренжіп:

– Әдейі бермей отырсың! – дегенге дейін барады. Туысының беті қайтпайтынын  білген  Батырбек ағамыз:

– Жарайды, қоймадың ғой.  Ендеше, сол жатқан қонақ үйіңнен 67-11-11 деген нөмірге телефон соқ та, менің атымнан көлік сұра, – дейді. Анау:

– Бәсе сөйтсейші, түбі бір туыс емеспіз бе?! – деп риза болып, алғысын жаудырып, телефон тұтқасын орнына қоя береді.

Батекең миығынан күліп орнында отырады. Сәлден кейін әлгі туысы хабарласып:

– Әй, Батырбек, сен маған таксидің телефон нөмірін беріпсің ғой! – дейді ашуланып. Сонда ағамыз жайбарақат:

– Енді қайтейін. Қызмет көлігім жоқ десе нанбайсың. Көлікке зәру болып тұр ғой деп амалсыз таксидің нөмірін бердім, – деген екен.

 

«Қолдары тимей жүрген шығар» деп…

 

Батырбек ағамызбен өзі сияқты  белгілі бір ғалым көрші тұрады екен. Ағамыз үстіңгі қабатта да, әлгі кісі төменгі қабатта. Батекеңнің үйі қонақжай, жылт еткеннен көршілерін құр қалдырмайды. Елден соғым келсе екібастан. Көрші-көлеммен бірге асып жеп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрғанды тәуір көреді.

Қысқа таман бірде Батырбек ағамыз балконына шығып, төмен қараса, көрші ғалымның балконында самсап, жаюлы тұрған қазы-қарта, мол етті көреді. «Е-е бұларға соғым келген екен ғой» дейді іштей. Арада екі-үш күн өтеді. Әлгілердің тырс ететін түрі жоқ. Кездескенде емеурін танытса, көрші естімегенсіп, әңгімені басқа жаққа бұра береді. «Қап, бәлем, сені ме?!» дейді Батекең. Сөйтеді де, жуан сымнан қармақ жасап, көршінің балконынан едеуір ет, қазы-қартаны іліп тартып алады.

Сөйтіп, әйеліне: «Дымың ішіңде болсын» деп,  кешке  қазан көтертеді. «Ұрлап алған етті» түгелінен астырады. Мол дастархан жайып, төмендегі көршіні әйелімен екеуін қонаққа шақырады.

Буы бұрқыраған жылқының жас еті, дәмі ауыздан кетпейтін қазы-қарта желініп, сорпа да ішіледі. Мынадай қонақжайлылыққа, ықылас-пейілге риза болған көрші тісін шұқып отырып:

– Батырбек, сен құдай берген адамсың. Арғы шыққан тегің де осал емес. Жомарттықтан алдыңа жан салмайсың! – деп мақтай жөнеледі.

Сонда Батырбек ағамыз:

– Пәленшеке, «әкесін өлгенді де естіртеді». Мына асып-жеп отырғанымыз өздеріңнің еттерің. Қарасам, балкондарыңда қазы-қарта тізіліп тұр екен. Қо, бұлардың екеуі де жұмысбасты болып, қолдары тимей жүрген шығар  деп, қармақ сыммен тартып алып, қазанға салып асып едік. «Өле жегенше бөле же» деген. Сіздің үйде жеген не, біздің үйде жеген не? Бәрібір емес пе? – дейді.  Көршісі қызарақтап:

– Өзіміз де шақырайық деп жүр едік, – дей беріпті.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *