ЖУРНАЛИСТІҢ ЖҮРЕГІ

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

Таяуда  белгілі қаламгер Адольф Арцишевскийдің «Бигельды Габдуллин: «Право на исповедь» атты кітабын оқып шықтым.

Деректі роман-эссеге журналистің өмірі арқау болған. Шерағаңша айтқанда, «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» журналистердің осы елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, кез-келген  адам, тіпті, қолында құзырлы билігі бар адамның өзі айта алмайтын сөзді тәуекелге барып, тіпті, басын бәйгеге тігіп айтып жүргендері де  бірен-саран. Сол бірен-саранның бірі де – Бигелді дос. Сондай журналист жөнінде кітап жазылуы сирек кездесетін жағдай. Себебі,  қаламгер туралы  қаламгердің  қалам тербеуі  ұдайы  сәтті шыға бермейді.

2Бигелдімен бірге оқыдық. Ол орыс бөлімінде, біз қазақ бөлімінде. Ол заманның тілі орысша болғанын бәріміз білеміз. Қазақша сөйлеген адамға үрке қарайтын кез. Бірақ, Бигелді бізге көп үйірсек болды. Оның себебі, ол ауылда өскен еді. Бойында қазақылық ізет, ілтипат болатын. Күрес секциясына бірге барып жүрдік. Ол кезде Бигелді дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат, әскерден шыңдалып келген жігіт еді. Бәлкім, орыс ортасында өсіп, түртпек көргеннен бе, оның бойынан, көзқарасынан, іс-әрекетінен қандастарына деген бір мейірім байқалып қалып жүретін. Бигелді сол қасиетін күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Әдетте, орыс-қазақ журналистері билік өкілдері жиналған жерде де қазақша көсіледі. Қысқасы, орыс тілді бауырларымыздың Бигелдіден үйренетіні көп.

«Тұлпарлығы тай кезінен білінген» демекші, студент кезінен белсенді Бигелді биіктей берді. Кейде бір қарапайым шындықтарға да мойынсұнуға тура келеді. Орманшы әкесі Қайырдосқа судья досы келгенде дүниеге келген оған  «Би-келді» деп ат қойылуы да тегін болмаса керек.

Бигелдінің студенттік ортасы, әріптестері, курстастары шетінен бір шебер,  ойы озық оғландар болды. Мәселен, қазіргі Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, Президенттің алғашқы баспасөз хатшысының бірі болған Сейітқазы Матаевты кім білмейді!? Ал, Олег Никанов болса, республиканың белді басылымдарын басқарды, Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланды. Бүгінде Ресейдің  медиамагнаттарының бірі. Кезінде Премьер-министр аппаратының басшысы, Алматы қаласы әкімінің аппарат жетекшісі болған, бүгінде «Новое газета – Казахстан» басылымының басшысы Амантай Дәндіғұлов, Жамбыл облысының  газетін басқарған Бекет Момынқұловтың (Бауыржанның немере інісі) өзі бір төбе.  Игорь Шахнович «Мегаполистің» бас редакторы, Вячислав Коханов Қостанайда бірнеше басылымды басқарады. Қайран Володя Теслин де еске түседі. Ал, Жеңіс Дәрменов болса,  бүгінде өзінің бірінші орынбасары. Міне осындай ортадан шыққан Бигелдінің де осал болуға хақысы  жоқ  еді.

Аталмыш кітапта ұлтымыздың рухани өмірінде есімі құрметпен аталатын тұлғалармен арадағы Бигелдінің байланысы да бекзат баяндалады. Қайран Қалағаң – Қалтай Мұхамеджановтың қол астында еңбек  жолын бастаған оны «Казахстанская правдада» қызмет істеп жүргенде С.Әшімбаевтың өзі іздеп келіп, «Талантқа тағзым» кітабына қолтаңба берді. С.Бердіқұлов мақалаларын  аудартып, қаламақы төлеп отыруы, тіпті, Мәскеудегі Әдебиет институтында жүргендегі, басқасын айтпағанда С.Жүнісовпен бірге Қ.Түменбай екеуі бастан кешкен хикаялары, ақыр соңы «Таң» телеарнасында жүріп Храпуновтың қатынымен қақтығысуы – осының  бәрі Бигелді үшін тағылымы мол өмір сабақтары еді.

Бигелді Ғабдуллин – Қазақстандағы ең алғашқы  тәуелсіз басылым ашқан тәуелсіз журналистердің бірі. Егемендігіміздің алғашқы жылдарында қазіргідей қаптаған басылым болған жоқ.  Оның сол тұстағы көрген құқайын біршама білгенімізбен, мына кітапта сол жағдай егжей-тегжейлі жазылған екен. Ел өміріне батыл араласып, сол жолда бар білімі мен білігін, парасат-пайымын, қалам қуатын жұмсаған журналистің өмірі де Тәуелсіздік тарихының бір мағыналы бөлшегі десек те болады.  Бір заманда Пушкин атындағы кітапханада жиі ұшырасып қалатын қағылез қара бала Қазақстанның тәуелсіз ақпарат айдынында көбімізден бұрын  олжа салғанын жасыра алмаймыз. Әп дегеннен өзінің «наполеондық жоспарын» құрып, саяси процестерге, жеке тұлғалардың өміріне, жалпы, қоғамдағы өткір мәселелерге батыл араласты.

Ол шығарған алғашқы басылым – «Новое поколение» еді. Мәскеуде Бексейіт Түлкиев  арқылы  Иманғалимен танысқан оның кейін келе қоғамда дүмпу туғызатын осындай басылым шығаруына мүмкіндік туды.

Біз қазір зиялылардың, тұлғалардың қоғамдағы  рөлі туралы жиі жаза бастадық. Зиялылардың белсенділігі неге төмен, неге жалтақ, неге жағымпаз? – деген әңгіме арагідік айтылып қалады. Бигелді осы мәселені алғаш рет «Новое поколениеде» көтеріп, Асқар Сүлейменовтей аса ірі интеллектуалдардың   жетіспей жатқанын налып айтып, елді бір елең еткізген еді. Сол тұста ғой, Шерхан Мұртазаның   редакцияға келіп, оған аса жоғары ілтипат білдіретіні. Сол Шерағаң кейіннен де күрескер інісіне қолдау білдіруін жалғастыра берді. Басылым шынайы дерек, дәйектерге негізделген жарияланымдарымен қоғамда кең танымалдылыққа ие болды.

Бұл басылымды кейіннен Үкіметтің зорлықпен тартып алғаны да кітапта өте тартысты әрі тартымды баяндалады. Бүгінде әжептәуір көрінетін азаматтардың сол күндерде қысастыққа барғаны да ойландырмай қоймайды екен. Іле-шала «ХХІ век» газетін шығарды. Ақыр соңында  бұл басылымның кеңсесін өртеп жіберді. Тіпті, осы жолда Бигелдіге құрбан болуға бір-ақ қадам қалды.  Оған тура атылған оқ қоғамды дүр сілкіндірді.

Адольф Арцишевскийдің кітабы журналистің сұхбаты мен күнделігіне негізделіп жазылған.  Таяуда «Егемен Қазақстанда» жарияланған  «Бигелді» атты  мақаласында С.Елубай  күнделіктің  кейбір тұстарына тоқталған. Біз де сол  үзінділерді сөзбе-сөз пайдаландық. Осы кітаптағы Бигелдінің күнделігінен алынған мына бір үзіндінің өзі көп жайға қанықтырады. Оқып көрелік.

«Бигелді сол күні жұмыстан кейін Байзақов пен Төле би қиылысындағы үйіне жетіп, машинадан түсе бергені сол, тұмсық астынан мылтық гүрс етті. Маңынан зу етіп өте шыққан қара «тоғыздықтың» ашық терезесінен атыпты. Бигелді бұға қалды. Шопыр шошып кетті. Қашып бара жатқан қара «тоғыздықтың» артында нөмірі жоқ болып шықты. Маңайдағы жұрт лезде жиналып қалды. Полиция да жетті шауып. Фонариктерін жағып, жерден бір гильза тапты. Ертесіне Бигелді ертелетіп редакцияға келсе, қалай құлақтанғаны белгісіз, журналистер жиналып қалған. Бұл жаңалықты әлем радиостанциялары дуылдатып беріп жатса керек».

…«26 қыркүйек 1998 жыл. Таңғы сағат 4.30-да «ХХІ век» газетінің редак­ция­сында енді анау-мынау емес, бомба жарылды. Бас редактор­дың кабинетін көздеп біреу терезеден «Молотов коктейлін» лақтырыпты. Өрттен стол, жиһаз, редакция мұрағаты түгел жанып кетті. Бұл – ел тари­хындағы тұңғыш өртенген газет редакциясы. Әрі қарай Бигелді және оның газетіне қарсы соттар тізбегі басталды. Газет­тің екінші иесінен Бигел­дінің заңды қаражат алып жатқанын суретке тар­т­қан Рахаттың адам­дары оны КТК-дан бүкіл елге көрсетті, «мінеки, пара алып жатқан қылмыскер Ғабдул­лин» деп. Оған қарсы қозғалған прокурорлық айыптаулар ішінде «Қазақстан Президентінің намысына тиді» деген де асыра сілтеген айыптау бар еді. Енді осынау «айтқанға көніп, айдағанға жүрмейтін» журналисті соттап, түрмеге тығу ғана қалғандай еді. Бигелді және оның газетіне араша түсіп, шетелдік құқық қорғау ұйымдары дабыл қаға бастады. Ғабдуллиннің төбесіне «Дамокл семсері» төнді. Қазақша айтсақ, басына бұлт үйірілді. 8 ақпан күні (2001жыл) «Доживем до понедельника» газеті «Президенттің намысына тигені үшін Бигелді Ғабдуллинге қарсы қылмыстық іс қозғалды» деген ақпарат таратты. Сол күні Бигелді жұбайы Гүлнар екеуі америкалық демократиялық ұйымдардың шақыруымен АҚШ-қа ұшқалы жатқан. Қолда – билет. Енді буынып-түйініп бола бергенде үйге апыл-ғұпыл Әміржан кіріп келді. Қосанов.

– Әуежайға барсаңыз, ұсталасыз! Рахаттың адамдары сізді күтіп жүр! – деді.

Мұны естігенде Бигелдінің 16 жасар қызы Жанар жылап жіберді. Бигелді жақын досы генерал Айтқали Исенғұловқа телефон соқты. Не істеймін деп. Генерал шауып жетті. Бигелді мен келіншегін ол автовокзалға қарай алып жүрді де, Бигелдінің машинасы түн ортасында қызы Жанарды әуежайға апарды. Бұл аңдуды адастыру үшін жасалған әдіс еді. Генерал Исенғұлов Бигелді мен келіншегін бір жұпыны Бішкек таксиіне отырғызып тұрып, көз жасын әрең ірікті. Алматыда қар жауып тұр. «Алдым – тұман, артым – қар. Мен бұлыңғыр болашаққа қадам бастым» – дейді күнделігінде Бигелді.

«СССР-де социализм болмағаны сияқты, Америкада да демократия болмаған» (И.Глазунов) демекші, көбіміз үлгі көретін, мақтан қылып айтатын америкалық азаттықтың да оған құшақ жайып тұрғаны шамалы еді. Ол бір өліп, бір тіріліп жүріп, саяси босқын мәртебесін алғанымен, Қайырдостың бала­сына одан қайыр болмады. Атажұртты аңсаған сарыатандай елді аңсаумен болды. Сағыныш деген сары уайым теңіздің түбіне түсіп кетті. Бигелді ол күндерді кітапта айтылатынындай, былай еске алады.

«Түнде туған жерім, табиғаты ғажап Солтүстік Қазақстандағы қайыңдардың сарғая бастаған жапырақтары түсіме кіретін болды. Домбыра мен қобыздың әсем үнін естимін. Жасыл кілемдей көкорайда жалаңаяқ жүгіремін. Суық терге малшынып оянсам, тасбауыр жат елде жатамын. Бұның бәрі өтер-кетер деп өз-өзімді жұбауратамын. Бірақ, жан, жүрек жұбанар емес. Отанға деген сезім әлсіреудің орнына барған сайын асқынып, дертке айналды».

Орал Таңсықбаевтың «Өз туған топырағыңнан алыста, өзге өлкеде жүріп өнеріңді өрістету мүмкін емес. Шынайы өнер  еш боямасыз өз топырағыңнан ғана  тамыр тартады, топыраққа тартып туады екен» деп келетін  сөзі бар еді. Суреткер Бигелді де осы тағдырды бастан кешті.  Елге телефон шалды. Әбдіжәмил Нұрпейісовпен, Ғаббас Қабышевпен ақылдасты. Бұған дейін талай мәрте күрескер інісін қолдап келген абыз  Әбең «Адасқанның айыбы жоқ. Қайта айналып үйірін тапқан соң» деді. Үш жарым жыл жат жерге жерсінбеген ол елге оралды. Тағы да күнделігіне жүгінейік.

«Менің үлесіме зор бақыт тиді, туған жердің топырағын сезіндім, 2004 жылдың желтоқсан айында елге келе салысымен тіркеткен «Central Asіa Monіtor» газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шықты. Өзге елде қала бергенімде болашағым не болар еді, білмеймін. Сол тағдырым қыл ұшында тұрған кезде, менің өтінішімнен бас тартпай, үлкен адамгершілік тұрғыдан түсінген Президентке шын жүректен ризамын. Президент осы уақыт ішінде менің тағдырыма алаңдады, көмек беріп тұрды, кездесіп те тұрады, бұл – мен үшін тағдырдың сыйы болды. Ол кісімен қолдасып амандасқанымның өзін мақтан тұтамын. Екі мәрте үлкен екі газеттің бас редакторы етіп тағайындады. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапаттады. 2008 жылы БАҚ саласында Президент сыйлығын берді. Нұрсұлтан Әбішұлы – жаны жомарт, үлкен жүректі тұлға. Ол менің адасуымды кешірді. Отанға шақырып, қызметке орналасуыма көмектесті. Өзін соншама сынаған адамға бұлай кешірім жасау, кешірім жасап қана қоймай, оны тағдыр тәлкегінен алып шығу тек таумүсін Толағай тұлғалардың ғана қолынан келеді. Ол – түркі әлемінің данышпаны. Қазақстандық ғажайыптың жасампазы».

Америкадан оралған бетте «Алматы ақшамына» сұхбат берген Бигелдінің 500 беттен астам, екі томға жуық күнделігінде Елбасыдан бастап, қиын шақта өзіне қолұшын беріп,  қамқор болған жандар жөніндегі жүрек сөзі жазылған.

Табиғатынан күрескер, табанды  ол «Central Asіa Monіtor» апталығын шығарды. Бүгінде жарық көре бастағанына 10 жылдан асқан апталық зиялы ортаның сүйіп оқитын басылымына айналды. «Палуанға оңы мен солы бірдей» дегендей, Бигелді теледидарды біраз төңіректеп, ел көкейіндегі сөзді  айтатын айтулы хабарлар жүргізді. Сыншылық пен қаламгерлікті, оған қоса эстеттікті қатар алып жүретін Бигелді тарихқа да араласты. «Ұлы көш» атты тарихи эссе кітап болып жарыққа шығып, ол таралымы жағынан бестселлерге айналды. Бүгінде ағылшын, француз тілдеріне аударылып жатыр. Сондай-ақ, ол осыдан бір жарым жыл бұрын абызымыз Әбдіжәмил Нұрпейісовтің батасын алып, қазақ ПЕН-клубының президенті болып сайланды. Қазір ол қазақ әдебиетін шет жұртқа таныстыру жолында жаңаша, табанды жұмысқа кірісті. АҚШ-та қазақ әдебиетін насихаттап, «Біз – қазақпыз» атты ағылшын тілінде кітапхана ашты. Оған қажетті қаражатты тауып, өзін іскерлік қырымен де танытып жүр.

«Мәдениет дегеніміз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген сөз бар екен Жүсіпбек Аймауытовта. Бигелдінің елге, оның ішінде қазаққа сан қырлы қызмет етуіне осы сөздің өлшемімен де қарауға болады.

Әсершіл немеміз ғой. Есіме дәрігерімен келісіп жүріп, Нұрғисаның жүрегін көрген марқұм, талантты қаламгер Басқар Битанов түсіп отыр. Басқардың «Нұрғисаның жүрегі» деген сол ғажайып эссесі «Алматы ақшамында» жарияланды.   Алты алашты аяулы сезімге бөлеген ұлы композитордың жүрек соғысы, арпалысы қандай болғанын әркім де сезінер-ау. Ал «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» (Шерхан Мұртаза), елдің сөзін сөйлейтін, ұлты үшін отқа да, суға да түсетін журналистердің жүрегі қандай болды екен? Аталмыш кітаптан осы сауалға жауап табуға әбден болатын тәрізді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *