ЖРВИ-ға жеңіл-желпі қарауға болмайды

Күз келіп, күннің көзі көлеңкеленіп, салқын түсе бастаса түшкіріп, жөтеліп, тынысымыз тарылып, әл-дәрменіміз әлсіреп, сырқаттана қалатынымыз бар. Адам бойындағы мұндай өзгерістерді дәрігерлер жедел респираторлық вирусты инфекциялы ауру, қысқарта айтар болсақ, ЖРВИ деп атайды.

Алматы қаласының тауарлармен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары: ЖРВИ-ге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Оны дер кезінде емдемесе, оның соңы түрлі созылмалы аурулардың асқынулары мен тұмауға ұласуы мүмкін, – дейді.

Ал енді ЖРВИ-ді болдырмай, тұмаудың алдын алу үшін не істеуге болады, қандай сақтық шараларын жасаған жөн, бұл жөнінде біз аталған департаменттің жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Алмаш Сәрсенбайқызы АХМЕТОВАМЕН әңгімелескен едік.

 

– Алмаш Сәрсенбайқызы, жыл сайын жедел респираторлық инфекциялар мен тұмаудың алдын алу мақсатында, сол эпидемиологиялық кезеңге дайындық жұмыстары жүргізіледі емес пе, биылғы дайындық барысы, қаламыздағы эпидемиологиялық ахуал қандай? 

– Әзірге Алматы қаласындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Осы жылдың отыз тоғызыншы аптасында қала бойынша 1232 жағдай тіркеліп, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 66,7 жағдайды құрап отыр. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен 2018 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 25,4 пайызға төмен. Аурудың 65 пайызы балаларды қамтиды. Қазіргі уақытта тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Ал дайындық барысына келсек, қала бюджетінің есебінен осал топтардағы адамдарды тұмауға қарсы егуге 100 000 доза көлемінде Гриппол плюс вакцинасы сатып алынды. Қала тұрғындары арасында ЖРВИ, тұмаудың алдын алу және тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптастыру мақсатында қажетті  ұйымдастыру, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Біздің департамент пен қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының бірлескен бұйрығы негізінде қаламыздағы денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарымен бірлескен ведомствоаралық кешенді жоспарлар дайындалды. Емханаларда дене қызуы көтерілгендер оқшау қабылданады. Эпидмаусым кезінде жүкті әйелдерді бақылап-қарау күшейтілді.

Науқастардан түскен шақыруды қабылдау мақсатында 96 телефон және үйге барып медициналық қызмет көрсетуге 77 автокөлік, ауруханаларда сырқаттанғандарды емдеу үшін арнайы 283 орын бөлінген. Дәріханалар мен медициналық мекемелер бір рет қолданылатын бетперде, залалсыздандыру, тұмауға қарсы препараттардың керекті қорымен толық қамтамасыз етілген. Ұлттық сараптама орталығының Алматы қаласы бойынша филиалы зертханалық тексеру жүргізуге қажет тест жүйелерімен қамтамасыз етілді.

– Сөзіңізге қарағанда, Алматының денсаулық сақтау мекемелері мен ауруды ауыздықтауға мүдделі сала қызметтері ЖРВИ мен тұмауға қарсы күреске сақадай-сай көрінеді. Дегенмен, жылда тұмаудың ана түрі, мынандай түрі келе жатыр деп үркітетіндеріңіз бар ғой, биылғы тұмаудың аты-жөні қалай болып тұр?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша 2019-2020 ж.ж. күз-қыс маусымында тұмаудың A типті /Brіsbane/02/2018(H1N1)pdm09, A/Kankas/14/2017(H3N2) және B типті B/Colorado/06/2017 (В/Vіctorіa/2/87 линиясы), B/Phuket/3073/2013 (В/Yamagata/16/88 линиясы) штамдары айналымда болады деп күтілуде. Бұл штамдардың антигендері ДДСҰ-ның ұсынысымен тұмауға қарсы вакциналардың құрамына енгізілген.

– Демек, сатып алған екпелердің құрамында осы аталған тұмау түрлеріне қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектер бар ғой…

– Иә, тұмауға қарсы егілетін вакциналардың аталған тұмау түрлеріне қарсы күші басым деуімізге болады.

– Алмаш Сәрсенбайқызы, көп жағдайларда тұмауға қарсы екпе алғандардың өзі ЖРВИ-мен, тұмаумен ауырып қалдық дегендерін жиі естиміз…

– Екпені, ЖРВИ мен тұмауды жұқтырғаннан кейін емес, ауырмай тұрып салдыру керек, ал біз болсақ, ауырған кезде барамыз. Асқынған ауруға емнің қонуы қашанда қиын. Сондықтан алдын-ала екпе алған дұрыс.

– Сонда екпені қай кезде алған дұрыс?

– Қалада тұмауға қарсы егу жұмыстары қыркүйектің 3-декадасынан басталды. Жалпы, екпе жұмыстары 30 қарашаға дейін жүргізіледі. Сол себепті, тұмауға қарсы екпе ектіруге үлгермей қалдым деушілер болса, әлі уақыт барын ескерткім келеді.

– Әлгінде сіз 100 000 доза көлемінде вакцина сатып алдық дедіңіз, олар қалай жұмсалады?

– Жыл сайын эпидемиологиялық маусымның алдында осал топтағы, атап айтқанда медицина қызметкерлері, балалар үйінің мектеп-интернаттағы балалар, жиі ауыратын балалар, жасы 6 айдан асқан сәбилер, жүктіліктің 2-3-ші кезеңіндегі әйелдерге тегін екпе салу жүргізіледі. Ал енді тұмауға қарсы өз есебінен екпе аламын деушілерге жекеменшік медициналық орталықтарда жүргізіледі. Өз жұмыскерінің денсаулығын ойлайтын жұмыс берушілер жұмыскерлеріне өз есебінен екпе салдыруды ұйымдастыруларына болады.

– Тұмау несімен қауіпті?

– Түрлі асқынуларымен. Егер тұмау мен ЖРВИ-ді дер кезінде емдемей асқындырып алсаңыз, ол өкпенің қабынуы, тыныс жолдарының тарылуы, бұрынғы созылмалы аурулардың, жүрек-қан тамыр, жүйке жүйелерінің күрделі асқынуларына ұрындыруы мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алып, тиісті ем-шаралар қолданған жөн.

– Екпеден басқа тұмаудан сақтанудың тағы қандай жолдарын кеңес ретінде айтар едіңіз?

– Вакцинациядан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір тәсілі бар – ол ерекше емес профилактика. Эпидмаусымның басынан бастап күшейген кезінде профилактиканың ерекше емес қолжетімді әдістері мен шараларын қолдану қажет:

– дәрігердің рұқсатымен иммундық түзетуші препараттарды (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайларды (оксалин, антивир және басқалары), поливитаминдерді пайдалану;

– иммунитетті көтеретін белокқа, витаминдерге және минералды заттарға бай тамақ өнімдерін қолдануды (пияз, сарымсақ сияқты табиғи фитонцидтер, шөптер, қарақат, итмұрын қайнатпаларын көп ішу, құрамында С витамині бар ашытқан қырыққабат, цитрус өнімдерін қолдану), дене белсенділігін қоса алғанда дұрыс күн тәртібін сақтау керек;

– науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, маусымға сәйкес киіну қажет;

– халық көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ науқасқа күтім жасағанда науқас адам да, дені сау адам да медициналық бетперде киюі қажет;

– науқас үйде болғанда оны оқшаулап, бөлмелерді жиі желдетіп, шаң-тозаңды сүртіп, ылғалды жинау жүргізу керек, сонымен қоса науқасқа жеке ыдыс бөліп, оны тұрақты түрде өңдеу керек;

– қолды жиі жуу керек, егер қолды сабынмен жууға мүмкіндік болмаса, құрамында спирті бар немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану қажет;

– ата-аналар науқастанған балаларын балабақшаға, мектепке жібермеу керек.

Осы аталған қарапайым нұсқауларды сақтау, сіздерді ЖРВИ мен тұмау ауруынан қорғайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен – Н.ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *