«ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ТАСЫМАЛДАУ ЕРЕЖЕСІН ӨРЕСКЕЛ БҰЗҒАН 34 ЖҮРГІЗУШІ ЖҰМЫСТАН БОСАТЫЛДЫ»

  • Тікелей желі

 

16Дүйсенбі күні Алматы қаласының Жолаушылар көлігі басқармасының жетекші мамандарымен қаладағы қоғамдық көлік қызметіне қатысты тікелей байланыс ұйымдастырылған болатын. Егеменді еліміздің өркендеуі жолында көлік жүйесі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ауадай қажет. Жалпы, бүгінде халыққа қызмет етіп жүрген қоғамдық көлік мәселесі жиі қозғалатын тақырыптардың бірі болып тұр. Өйткені, өміріміздің жартысы жолда өтетіні мәлім. Олай болса, жеке көлігі жоқ азаматтар осы қоғамдық көліктерді қатынас құралы ретінде пайдаланады. Бұл ретте тасымал барысындағы кемшіліктер, автобус жүргізушісі жұмысындағы кез келген тәртіп бұзушылықтар, сондай-ақ, жолаушы тасымалындағы үлкен бір мәселе – кондукторлардың мәдениеті де жиі тілге тиек етіледі.  Сонымен, қоғамдық көліктегі мәдениет қандай деңгейде? Қаладағы жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр?  Осы және басқа да сұрақтарға Алматы қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы

Бақытжан Әміржанұлы БЕГЕНОВ

жауап берді.

 

«ҚАЛАДА ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ АЯЛДАМА БАР»

 

17–  Қайырлы күн, Бақытжан Әміржанұлы! Естуімше, еліміздің бірқатар қалаларындағы автобустарда тегін интернет желісі іске қосылған екен. Біздің қоғамдық көліктерді осындай құрылғылармен, яғни «wі-fі»-мен  жабдықтауға болмас па еді? Рахмет.

Қала тұрғыны.

 

– Сұрағыңызға рахмет. Иә, еліміздің бірқатар қалаларында қоғамдық көліктер «wі-fі» желісіне қосы­лып жатыр дегенді естіп жатырмыз. Дегенмен, автобустарға «wі-fі» орнату тасымалдаушылардың құзыретіне жатады. Бұл ретте аталған мәселені жергілікті органдармен келісу еш заңнамалық актілерде көрсетіл­меген. Дегенмен, болашақта бірқатар қоғамдық көлік­тердің интернетке қосылуы да әбден мүмкін.

 

– Сәлеметсіздер ме! Алматы қаласының байырғы тұрғындарының бірімін. Зейнеттегі адаммын. Осы «жа­нар­май қымбаттады» деп жолақыны көтереді. Әлбетте, жанармайдың құны көтерілсе, азық-түлік, өзге де өнімдер қымбаттайды ғой. Ал, қазір  жанармайдың бағасы, керісінше, түсті. Менің білейін дегенім, қоғамдық көлікте жолақы арзандай ма?

– Соңғы рет жол жүру құны 2012 жылы қымбаттады. Яғни, қала ішіндегі барлық бағыттағы автобустарда бір реттік жол жүру құны 80 теңгеге көтерілді.  Ол уақытта жанармайдың бағасы шамамен 90 теңгенің көлемінде еді. Жалпы, жол жүру құнының көтерілуі тікелей бензинге ғана тәуелді емес.

Өйткені, табыстың бір бөлігі жанармайдан бөлек, қоғамдық көліктің қосалқы бөлшектеріне де жұм­салатынын ескеру керек. Ақшаның құнсыздануымен қоғамдық көліктерге қажет қосалқы бөлшектердің бағасы, автобустардың құны да көтерілді. Одан қала берді, жүргізушілердің жалақысы бар. Мәселен, та­рифтерді бекіту туралы арнайы қаулы бар. Қаулыға сәйкес аталған қоғамдық көліктің жанармайға жұм­салатын ақшасын есептеу барысында, оның жөнделуі мен жүргізушінің жалақысы, сондай-ақ, автобус пар­кінің қызметі есепке алынады.  Жолаушылар тасы­малымен айналысатын әрбір ұйым заңға сәйкес әр үш жыл сайын жол жүрудің өзіндік құнын есептеп шы­ғаруы керек. Егер жүргізілген есепке сәйкес бағыт өзін­дік құнын ақтай алмаса, тарифті өсірудің қажеттігі туындауы мүмкін.

Қазіргі уақытта тасымалдаушылар тарифті көтеру туралы ұсыныс жасаған жоқ.

 

– Сәлеметсіз, Бақытжан Әміржанұлы! Сіздерге алғыс айту үшін хабарласып тұрмын. №39 мар­шрутты жүргізгеніңіз үшін Сізге көп рахмет. Дем­алыс күндері «Алғабастан» Медеуге дейін қаты­найтын көлік жүргізгендеріңіз үшін қатты қуанып отырмыз. Автобустар жаңа, таза, жүр­гізушілер мәдениетті, тәртіпті. Бірақ маршруттағы  автобус­тар санын көбейтсеңіз деген өтініш бар.

Алғыс білдірушілер – «Алғабастың» тұрғындары.

 

– Сізге де рахмет.

 

– №35 бағыт көп жағдайда аялдамаға тоқтамай кетеді. Шара қолданыңыздар.   

Есенбаева,

қала тұрғыны.

 

– № 35 маршруттың жұмысы қатаң бақылауға алынды. Автопарктің басшылығымен тиісті шара­лар жүргізіліп, басқарманың мамандары рейд жүргізетін болады.

 

– Сәлеметсіздер ме? Мен қаладағы аялда­ма­лардың адам шошырлық көрінісін айтқым келіп тұр. Қаламыздың әрін қашырған аялдамаларды жаңарту тым созылып кеткенге ұқсайды. Тіпті, кейбір жерлерде аялдама атымен жоқ. Мұндай жерлерді аялдама екенін топырлап тұрған адамдарға қарап айырасың.

Әлия Жүрсінқызы.

 

– Қалада екі мыңнан астам аялдама бар. Рас, аялда­малардың көбі ескі. Десек те, қала бойынша ескі аялда­маларды сүріп, орнына заман талабына сай жаңасын салу жұмыстары жүріп жатыр.  Мәселен, «РТС Деко» АҚ заманауи 500 аялдаманы салуды бастап кетті.

 

 

«ЖЕҢІЛ РЕЛЬСТІ КӨЛІК ЖЕЛІСІН ІСКЕ ҚОСУ 2018 ЖЫЛҒА ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР»

 

– Қаламыздағы қоғамдық көліктер жаңарып, тиісінше қызмет көрсету сапасы да жақсарады деп айтқалы қай заман. Алайда, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып отыр. Бірқатар бағыттағы қоғамдық көліктер жаңарғанымен, қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Неге? Бұл мәселе бірнеше мәрте газет беттерінде жазылып, сыналып жатса да, қалаішілік автобустардағы тәртіп жолға қойылар емес. Шара қолданыңыздар!

Қала тұрғыны.

 

– Жүргізушілер мен кондукторлар тарапынан жасалған дөрекіліктер көпшіліктің өкпесін тудыратынын бізге келіп түсетін хаттар мен жиі шалынатын телефон қоңырау­лары­нан байқаймыз. Сөз жоқ, қала мәдениеті автобустардан бастау алатыны белгілі. Сөйте тұра, халыққа қызмет көр­сетуді таңдаған қызметшілердің қарапайым ғана адами этиканы сақтамауы қынжылтады. Десек те, қызмет көр­сетуде мәдениет сақтамаған жүргізушілер мен кондук­торлар жазасыз қалмайды. Жолаушыларға дөрекілік танытып, өзінің қызметтік міндетін асырған жүргізушілерді сый­ақыдан айырудан бастап, жұмыстан шығаруға дейін бара­мыз. Жоғарыда айтқанымдай, қоғамдық көлік саласында қызмет көрсету сапасын көтеру мақсатында Алматы қала­сының әкімдігі үстіміздегі жылдың соңына қарай арнайы пластик және қағаз карточкалардың көмегімен жұмыс іс­тейтін электронды жолақы төлеу жүйесін (ЭЖТЖ) енгізбек.

Жалпы, қала бойынша қоғамдық көліктердің жұмысын бақылап тексеретін мобильді топ бар. Сондай-ақ, басқар­маның сайты да жұмыс істейді. Өткен жылы жолаушылар тасымалы басқармасының сайтына қала тұрғындарынан екі мыңға жуық хат келіп түсті. Соның ішінде 420-сы жүр­гізушілердің жол жүру ережесін бұзғандығын хабарласа, 500-ден астамы жолаушыларды тасымалдау ережесін өрескел бұзған шопырларға ренішін білдірген. Сондай-ақ, жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің ішінде ақпараттық қағаздар,  көлік жүргізу формасы жоқ­тығы мен аялдамалар жоқ жерден тоқтап, жолаушыларды түсіру және жолаушыларға арналған қосымша орын­дықтардың болмағандығы, т.б.  мәліметтер бар. Айта кету керек, біздің басқарма тұрғындардан келіп түскен хаттар­дың ешқайсысын назардан тыс қалдырмайды.  Бұл ретте өткен жылы қоғамдық көліктегі тәртіпсіздікті бақылайтын топтың күшімен  жолаушыларды тасымалдау ережесін өрескел бұзған 34 жүргізуші жұмыстан босатылса, 700-ге жуық жүргізуші түсініктеме жазды. Қазіргі таңда бақылау қызметі өзінің міндетін одан әрі жалғастыруда.

Сондай-ақ, жол жүру құнын төлемейтін жауапсыз жолаушылар да бар. Бұл ретте жолаушылардың билет ал­ған-алмағанын тексеруге күнделікті 30 бақылаушы шығады.

 

– Қайырлы күн. Біздің ыңғайлылығымыз үшін №38 автобус маршрутын ұйымдастырғандарыңызға өте ризамыз! Бұл муниципалдық автобустардың қызмет көрсету деңгейі жоғары, саны жолаушылардың барлығын тасымалдау үшін толығымен жеткілікті. Бұл автобустар тұрақты жүріп тұрады. Жұмысыңыз оңға жүрсін. Басқарманың қызмет­керлеріне көп табыс тілейміз.

Қала тұрғыны.

– Рахмет.

 

– №117 бағытты ұзартсаңыздар.   

Оспанова,

зейнеткер.

 

– Қазіргі таңда Алматы қаласының әкімдігі БҰҰДБ/ҒЭҚ «Орнықты көлігі» бағдарламасының шеңберінде маршрут желілерін оңтайландыру жұмысын жүргізуде. Осыған орай, маршруттардың сызбасын ұзарту, жаңа маршруттарды ашу және басқа да сұрақтар уақытша қаралмайды.

 

– Қайырлы күн. Қалада жеңіл рельсті көлік желісі қашан пайда болады? Сондай-ақ, «БРТ», яғни жылдам жүретін автобустардың көлік жүйесі туралы айтып берсеңіз.

Бақыт ТӨкенов.

 

– Мегаполис үшін экологиялық жағынан таза көліктің тиімділігі мен маңызы ерекше. Метро ашылғалы бері алматылықтар жүрдек транспорттың артықшылықтарын бағалап үлгерді. Енді жеңіл рельсті көлік те жолаушылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек біздің жолдардың жай-күйін және трамвай жолдарының бар екендігін ескерсек, бұл жоба әлемнің басқа қалаларындағы жеңіл рельсті көлік желілерімен салыстырғанда арзанға түседі. Оның үстіне жеңіл рельсті көлікті енгізудің арқасында қала көшелерінде көлік кептелісі азайып, ауаға тарайтын зиянды қалдықтар да төмендейді. Жоба бойынша жеңіл рельсті көлік желісі қаланың батысы мен орталығын жалғастырады. Жобаға сәйкес, жеңіл рельсті көлік желісін іске қосу 2018 жылға жоспарланып отыр.

Жалпы, 2012 жылы Алматы қаласының әкім­дігі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің арасында «Жеңіл рельсті көлік желісінің құры­лысы» концес­сиялық жобасын қаржыландыру туралы Мемо­рандумға қол қойылды. Жүрдек трамвайдың бағыты келесі көшелермен жүргізіледі: Момышұлы көшесі – Райымбек даңғылы – Батыс автовокзал – Райымбек даңғылы – Төле би көшесі – Панфилов көшесі – Мақатаев көшесі – Жетісу көшелері. Өткен жылы жеңіл рельсті көлік жоба­сының техникалық-эконо­микалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сарап­таманың оң қорытындысы алынды.

Жалпы, қала ішіндегі қашық бағыттарға жолаушыларды жедел әрі қолайлы көліктермен тасымалдау үшін балама қоғамдық көлік жүйесін енгізу қажет. Ол үшін қаламызда BRT (Bus Rapіd Tranzіt) – қала көшелеріндегі жолдарда арнайы бөлінген жолақтар арқылы жүретін жедел автобустар қатынасы жүйесін қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Яғни, «БРТ» – жылдам жүретін автобустардың көлік жүйесі. Жолаушыларға арналған жедел автобустар арнайы салынған жол жолақтарымен жүреді. Жаңа жүйе бетон жабынды арнайы трасса, тіршілікті қамтамасыз ету кешендерімен жабдықталған жабық стансалар, қауіпсіздік жүйелері, жолақысын электронды төлеу жүйесі, эскалаторлар мен лифтілер, сондай-ақ, депо мен жылжымалы құрамнан тұрады. Негізгі жүретін жолдан бөлектелген БРТ автобустары жүретін арнайы жолдар жабық жолаушылар стан­саларымен және жерасты өткелдерімен жабдық­талады. Нақтыланған қозғалыс уақыты аралы­ғында бағыт ерекшелігіне сәйкес жолаушылар сыйымдылығы аса үлкен автобустар жүретін болады.

Алдын ала жасалған болжамдар бойынша бұл көліктер «Орбита» ықшамауданы – Мұстафин көшесі – Сүлейменов – Жандосов – Тимирязев – Желтоқсан – Қабанбай батыр – Қалдаяқов – Төле би – Шығыс айналма автомобиль жолдары (ШААЖ) – шығыс автобекеті жолдарымен жүріп өтпек.

 

– Наурызбай ауданынан хабарласып тұрмын. Бұл аудан қаладан шеткері орналасқан. Ауданда бірқатар бағытта қоғамдық көліктер ашылды. Әлі де қаламен байланыстыратын қоғамдық көліктер керек-ақ. 

– Қазіргі уақытта Алматы қаласы шекара­сының кеңеюіне байланысты Наурызбай ауданы тұрғындарының ыңғайлылығы үшін № 26, 14, 15, 75, 118, 11, 22, 44, 52, 23, 9, 4, 128, 50, 49, 49а, 16, 104, 119 сынды  маршруттар іске қосылып, жұмыс істеп жатыр.

 

«№1 МАРШРУТТЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТҮСЕТІН ШАҒЫМДАР ӨТЕ КӨП»

 

– Сәлеметсіздер ме? Райымбек даңғылымен жүретін бірқатар қоғамдық көліктер «бізде жол жүру билеті жарамайды» деп ақша талап етеді. Олардың бұл әрекеті дұрыс па?

– Сұрағыңызға рахмет. Шынында да, Райымбек даңғылының бойымен жүретін, саны 200-ден басталатын автобустар қалаға емес, облысқа қарайды. Сол себепті бір айға арналған жол жүру билеттері бұл автобустарда жарамсыз деп танылады.

Жалпы, қала ішінде облысқа қарайтын автобустар да жиі қатынайды. Бұл ретте облыстық автобустардың жұмысын тәртіпке келтіруді сұрап, хат жазатын тұрғындар көп. Бұл автобустар аялдамада 10 минуттан астам уақыт тұрып алып, жергілікті қоғамдық көліктердің жұмысына кедергі келтіретін көрінеді. Оның үстіне кондукторлары айқайлап, адам жинайды. Жоғарыда айтқаным­дай, бұл автобустарда жол жүру билеттері жарамсыз. Сондай-ақ, қаланың кез келген жеріне тоқтап, жол жүру ережесін өрескел бұзады. Бұл автобустардың санитарлық жағдайы да мәз емес. Десек те, облысқа қарайтын бұл қоғамдық көліктермен де жұмыс жасалып жатыр.

 

– Түрксіб ауданына қарасты «РВ-90» ықшам­ауданында тұрамын.  Менің сұрағым №1 маршрут­тың қызметіне байланысты. Бұл бағыттың жолау­шылар тасымалдау жайы талай мәрте қозғал­ғанымен, мәселе әлі де қиын қалпында қалып отыр. Бұл тасымалдаушының аралық уақытты сақта­мауынан автобустарды аялдамаларда жолаушылар көп уақыт күтіп қалады. Көп жағдайда оқушылар мен зейнеттегі адамдарды алмай кетеді.

Айнұр Асқарова.

 

– Тұрғындар атынан №1 маршруттың қыз­метіне байланысты түсетін шағымдар өте көп. Бұл бағыт «БаТу travel» компаниясы ЖШС-не тиесілі. Жақында біздің басқарма аталған маршрутқа бекітілген «БаТу travel компаниясы» ЖШС-не хабарлама жолдап, аталған заңбұзушылықтарды жоюға бір апта мерзім берді. Егер осы ескертуден кейін аталған бағытта  қызмет көрсету деңгейі түзелмесе, біз өз тарапымыздан № 1 маршрутқа жасалған келісім-шартты біржақты тәртіппен бұзып, маршрутты конкурсқа қоятын боламыз. Кейіннен конкурстың нәтижесі бойынша маршрут басқа тасымалдаушының қызметіне беріледі.

 

– Қайырлы күн. Әуелі, бүгінгідей сұхбат ұйымдастырып отырған «Алматы ақшамы» газетінің ұжымына мың алғыс айтамын. Неге десеңіз, қоғам­дық көлік саласы – бүгінгі күннің ең өзекті тақы­рыбы. Қалалық жолаушылар тасымалдау көлігінің қызметінсіз көпшілігіміздің күніміз қараң. Ертемен көлікке мініп жұмыс орнына жетсек, кешкісін сол көлікпен үйімізге қайтамыз. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес екенін біліп те, көріп те жүрміз. Алайда, бәрі демей-ақ қояйын, кейбір жүр­гізушілер мен кондукторлар мәдениеттен жұрдай. Осы азаматтарды тәртіпке шақырса деген ұсыныс бар. Күнделікті қоғамдық көлікпен қатынай­тындықтан, еріксіз осындай келеңсіз жағдайларға тап боламыз. Кімге шағымданып, кімге жазары­мызды білмейміз?

Қала тұрғыны.

 

–  Сізге де рахмет. Бүгінде қалада экологиялық таза көлік мәселесіне көп көңіл бөлініп отыр.  Алматыда экологиялық таза  қоғамдық көлік жүйе­сін дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленіп, қала бюджетінен экологиялық таза көлікті  дамыту саласына   бірталай инвестиция құйылды.  Бұл қомақты қаржы  муниципалды парктің құрылуына, трамвай паркінің жаңартылуына жұмсалды. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің қатары газбен жүретін экологиялық таза автобустармен толықтырылып жатыр. Неміс технологиясы бойынша Қытайда құрастырылған автобустарда арнайы билет алатын валидаторлар мен аялдаманы хабарлайтын жүйе орнатылған. Барлық талаптарға жауап беретін еуростандарттағы көліктер мүмкіндігі шектеулі жандарға да еш қиындық тудырмайды. Себебі, автобустың баспалдағы төмен орналасқан. Бұл автобустар экологияға оң ықпал етеді. Өйткені, бұлар тек қана газбен жүреді. Жанар-жағармайды да қажет етпейді. Және тиімділігі сол, ауаға улы заттар шығармайды. Бүгінде қалада газбен жүретін 600 автобус, 200 троллейбус, 17 трамвай бар.

Қоғамдық көлікте орын алатын келеңсіздік­термен жұмыс жасап жатырмыз. Сіздей жанашыр тұрғындарымыздың болғаны бізді қуантады. Егер қоғамдық көлікте орын алған келеңсіз жағдай­ларды байқап қалсаңыз, біздің  басқармадағы 390-07-48 телефонына хабарласа аласыз. Сондай-ақ, басқарманың «upt-almaty.kz» сайты да жұмыс істейді. Мұнда көлік саласындағы жаңалықтар, әр бағытқа қызмет көрсету құқығына өткізіліп жатақан конкурстар туралы ақпарат ала аласыздар. Ал, «cіtybus.kz» сайтында автобус, троллейбус және трамвай маршруттарының қозғалысы бойынша ақпарат көрсетілген. Портал қала әкімінің тапсырмасы бойынша жасалды. Ондағы басты мақсат – қоғамдық көлік қызметінің сапасын көтеруге жұртшылықты тартып, олардың белсен­ділігін арттыру. Сондай-ақ, порталдан кез келген азамат автобустардың бағыттары, тасымалдау тәртібі, автобус парктері мен олардың басшы­ларының телефон нөмірлері және тағы басқа да Алматы қаласының жолаушылар көлігі жүйесі туралы мағлұматтарды ала алады. Ол, ол ма қоғамдық көлік қызметіне қатысты қандай да бір тәртіп бұзушылықтың куәгері болып жатса, ол туралы фото және бейнематериалдарды порталдың арнайы бөліміне жібере аласыз.

 

«ЭЛЕКТРОНДЫ ЖОЛАҚЫ ТӨЛЕУ ЖҮЙЕСІ (ЭЖТЖ) ЕНГІЗІЛЕДІ»

 

– Байқаймын, автобустардың кондукторлары көше атауларын ескі атауымен айтып, хабарлап жатады. Мәселен, Наурызбай көшесі дегеннің орнына Дзержинский деп, Төле биді Комсомольский көшесі және тағысын-тағы. Осы мәселені қолға алып, бір жүйеге келтірсеңіздер еді. Рахмет.   

Қала тұрғыны.

 

– Электронды билеттендіру жүйесінде аялда­малардың атауларын автоматты түрде қазақша атау керектігі қарастырылған. Яғни, осы жүйеде барлық аялдамалар, көшелердің атаулары жаңа атауларымен айтылатын болады.

 

– Қазір қала халқы валидатор дегеннің не екенін жақсы біледі. Бұрын мұндай қондырғы орнатылған автобустарға отырмауға тырысатынбыз. Себебі, қалтаңда темір теңгең болмаса, мұндай автобустарға отыру бекер еді. Ақшаңды ұсақтата алмай, салон­ның ішін аралап жүргенің. Бірақ, соңғы уақытта осы қондырғыны пайдаланып жүрген жұрт та аз сияқты көрінеді. Өйткені, көптеген жүргізушілер жол жүру құнын соған төлеу керектігін айтып, міндеттейді. Тіпті, «валидатор істемейді» деген сылтаулар жиі айтылады. Жүргізушілердің бұл әрекеті заңбұзу­шылыққа жатпай ма?

Рәбиға,

қала тұрғыны.

 

– Әлбетте, жол жүру ақысы тек валидатор арқылы төлену керек. Мұндай заңбұзушылыққа барған жүргізушілерді 390-07-48 нөміріне хабар­ласып, айту керек. Бұдан бөлек қоғамдық көлікпен жүруді қолайлы әрі тиімді ету үшін үстіміздегі жылдың соңына қарай арнайы пластик және қағаз карточкалардың көмегімен жұмыс істейтін элект­ронды жолақы төлеу жүйесі (ЭЖТЖ) енгізілмек. Бұл – Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиелік қолдауымен жүзеге асады. Сөйтіп, келер жылдың бірінші жартыжылдығында электронды билеттер шаһарда іс-жүзінде қолданысқа енеді. Бұл электронды билеттер автобустарда, троллей­бустар мен трамвайларда да бірыңғай пайдала­нылатын болады. Бұл ретте әрбір жолаушыға электронды карточкалар сатып алып, олардың балансын толтырып отырса жеткілікті. Сөйтіп, қаладағы қоғамдық көлікпен жүруге қолма-қол ақша пайдаланбайтын боласыздар. Бұл қала тұрғындары үшін өте тиімді. Сондай-ақ, бұл  жұмыстар жолақыны жүргізушілерге төлеумен күресу, қоғамдық көлік саласында қызмет көрсету сапасын көтеру мақсатында жасалып жатыр.

Электронды жолақы төлеу жүйесін «ҚР Ұлттық банкінің банкнотты фабрикасы» шығарады.

 

– №65 бағытты ұзартсаңыздар. Рахмет.   

Бейсен Байжанов.

 

– Қазіргі уақытта басқармадағы жұмыс тобының шешімі бойынша № 65 маршруттың сызбасы «Магнум» супермаркетіне дейін ұзар­тылды. Жалпы, қазіргі таңда Алматы қаласының әкімдігі БҰҰДБ/ҒЭҚ «Орнықты көлігі» бағдарла­масының шеңберінде маршрут желілерін оңтай­ландыру жұмысын жүргізуде. Осыған орай, маршруттардың сызбасын ұзарту, жаңа мар­шруттарды ашу және басқа да сұрақтар уақытша қаралмайды.

 

– Сіздерге қояр екі сауалым бар. Жасым 75-тен асты, зейнеткермін. Қоғамдық көлікте азаматтар қай жастан бастап тегін жүруге құқылы?  Мәселен, № 15 маршруттың кондукторлары біз сияқты қарияларға жолақы құнын толық төлеуге мәж­бүрлейді. Тегін жүруге құқылы екендігімізді айт­сам, түсінбейді. Сондықтан бұл автобустардың ішіне 75-тен асқан адамдардың тегін жүруге құқылы екендігін растайтын ақпараттық қағаздар іліп қою керек. Екінші сауалым, № 67 бағыттағы автобустар қашан жаңартылады?

 Н.Әбдіжаппарұлы,

зейнеткер.

 

– Бүгінде Алматы қаласының маршруттарында қызмет жүргізетін автопарктердің ұсынысы бойынша 75 жасқа  толған жолаушылар тегін жүруге құқылы. Сондай-ақ, мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберіндегі жеке тасымалдаушылар облигациялық қарыздың есебінен өздерінің жылжымалы құрамын жаңартуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта бұл автобустар да жаңарады.

 

 

Тікелей желіні жүргізген – Мәншүк БЕКБОСЫН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *