Әжемнің көзі ғой, көрпесін тастай алмаймын…

Апалы-сіңлілі Самал мен Жансаяға ата-анасы пәтер жалдап берген. Себебі, олар оқитын жоғары оқу орындарында жатақхана берілмейді. Үлкені 3-курста, кішісі 2-курста оқиды. Қыз балаға табиғатынан нәзіктік пен ұяңдық тән, оған қоса, үй тірлігіне икемділік қажет. Аналарынан алған үлгі болса керек, ұстаған үйлері тап-тұйнақтай. Көлденең шашылып жатқан зат жоқ. Тап-таза. Сабырлы қалып, салмақты сөз, байсалды іс-қимылдарынан қазақылық аңқып тұр. Көңіл сүйсінеді. Қайсыбіреулерге ұқсап қымбат көйлек немесе соңғы үлгідегі телефон деп тұрған олар жоқ. Барына риза. Киімдері бүтін, қолындағы теле­фон­дары байланысқа жарап тұр. Жалпы, бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала бойжеткенде сол әдетін сақтайды. Осындай қыздар ертең жұбайын сыйлайтын, ата-ененің алды­нан қия өтпейтін, әдепті келін атанаты­нына күмәнім жоқ. Мұның бәрін неге айтып отыр дейсіз, олардағы ұқыпты­лыққа көңіл сүйсінгендіктен. Тіпті ұқыптылығы сол, әжелері тіккен көрпе­лерді де, басқа бұйымдарын да қадір тұтатыны жанымды тербеп кетті.

Әнеукүні келініммен бірге балаларға мектепке киім алу үшін қалаға бараты­нымызды естіп, қыздардың аналары бізден сәлемдеме беріп жіберген-тұғын. Саудамызды жасаған соң қыздар тұрған пәтерге соқтық. Есікті Жансая ашты. Қонақ­жайлылық танытып, «төрге шығыңыз, шай ішіңіз, апа…» деген соң бала көңілін қимадым. Оның үстіне, өзімнің замандасымның қыздары маған да бала ғой. Жағдайларын біліп кеткенді жөн санап, үйге кірдік. Келінім екеуміз төргі бөлмеге өткенше Самал шәугімін алып шай қойып үлгерді. Амандық-сау­лық сұрасып, келген себебімізді айтқан­ша шай да қайнады. Ас бөлмеге барып шай іштік. Әңгімені келінім бастады:

– Үйлерің қандай тап-таза! – деді жан-жағына көз тастап…

– А-а-а, шашатын ешкім жоқ қой. Оның үстіне, күні бойы сабақтамыз, – деді Жансая сөзіме жауап қайтарып…

– Ой, біздің үйде қандала пайда болып, мазамыз кетті. Үйдегі заттарды ескі болмаса да лақтырдым, көрпе-жас­тықтардың бәрін тастадым, – деді келін.

– Тастағаны несі? Көрпе-жастықтар ескі емес еді ғой. Әлгі мен берген сырмақ­ты да тастай салдың ба? – дедім әңгімеге араласып.

– Иә, апа, бәрін тастадым… Ескі заттар керек емес…

– Неге тастадың, балам? Ол сырмақты енем көз майын тамызып отырып, немереме деп арнайы жасап еді. Әжесінің көзі ғой…

– Әпке, неге тастадыңыз? Мен әне, әжемнен қалған көрпені әлі пайда­ланамын. Ол менің бала кезімде ертегісін айтып, маңдайымнан сипаған әжемнің көрпесі. Оны мен тұрмысқа шыққанда да алып кететін шығармын. Өйткені, мен әжемнің ақылымен өсіп, әжемнің тәрбие­сімен есейген қызбын. Сол себепті, оның қолының табы тиген көрпе мен үшін қымбат. Ешқашан тастауға, тоздыруға жол бермеспін, – деді Жансая.

Жанарыма жас толып, кеудемдегі бір қимастықтың табын сездім. Сіз мұны дүниеқоңыздық деп түсіне көрмеңіз. Әттеген-айы, бүгінде сол әжелердің қолының табы тиген қазақы болмысы­мызды айшықтайтын текемет-сырмақ­тардың санының кемігені. Өкініштісі, сол ұлттық құндылықтардың қадірін түсін­бейтін келіндердің көбейгені. Есіңізде ме, бұрынғы әжелеріміздің қолынан ұршығы түспеуші еді ғой. Қойдың жүнін жуып, түтіп, сабап, кейін оны иіріп жіп жасай­тын әжелерді бұрын кез-келген үйден көретінбіз. Әлгі ұршықты санына бір үйкеп қалса, шыр көбелек айнала жөне­летін. Бала емеспіз бе, шыр айналған ұршығына қарап, таң-тамаша болушы едік. Ең қызығы, көз алдымызда уысыңа толатындай жіп иіріліп шыға келетіні еді. Сөйтіп, әлгі иірілген жіптен бала-шағаға бас киім, шұлық тоқитын. Әттең… Сол ұршық әжелермен бірге келмеске кетті-ау… Себебі, бүгін ұршық ұстаған әжелерді көру мұң. Бәрін техника атқа­рады. Сондықтан бұрынғыдай қой жүні жуылып, түтілмейді. Ұршық айналмайды. Тіпті, сол әжелердің қолының табы да (киіз, текеметтерді айтамын) көзге көріне бермейді. Бәлкім, ауылдық жерлерде бар шығар…

Иә-иә, заман дамысын, техника артсын. Көштен қалмауымыз керек. Әлбетте, біздің заманымыз ұршыққа зәру емес. Кез-келген жұмыс бір ғана тетіктің көмегімен жүзеге асатын болды. Десек те, кейде атадан қалған асыл мұрала­ры­мыз бен ұлттық болмысымыз осылайша жоғалып кете ме деп қорқамын. Қазір өткенін білмей, болашаққа қадам басып келе жатқан бала көп. Ұлттық құнды­лықтарды дәріптейтін, салт-дәстүрін құрметтейтін отбасы азайды. Жансая мен Самалдың ата-анасына мың алғыс деймін. Себебі, олар жүрген ортада ұлттық тәрбиенің үлгісін көруге болады. Қазекемнің «тәрбие – талбесіктен» дегені осы болар, бәлкім. Өркендерің өссін, айналайындар!

Ақкенже апаларың.

«Шаңырақ» ықшамауданы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close