ЖЕБЕ

Әдетте жақсы хабар естігенде, көңіл тасып, шат сезімге бөленесің, мақтанасың, марқаясың. Жаратқан ие жарылқаған түзу ниетті жандарға шын пейілмен сәлем жолдап, ақ тілек айтуға асығасың, ақжолтай лебіз білдіріп, мерейлері аса түссін дейсің. Құдай кешірсін, қайда да, кім-кімге де жақсылық көптік етпейтін шығар. Алайда, мына жаңалықтың тұрқы бөлек, жөні басқа. Қалай десеңіз, міне, былай, ағайын.

Алмастай жарқыраған асқақ рухы туған халқымен әрдайым бірге, ұлы Абай айтқандай, «өлді деуге сыймайтын» кешегі өткен көрнекті ғұлама, белгілі театртану­шы-сыншы, бірегей ғалым, дара тұлға, айтулы азамат Әшірбек Сығайдың көре алмай кеткен немересі Жебе келді өмірге. Осы таяуда. Астанада. Ол жөнінде бір-екі күн айналасында Әшірбектің жары, ақ үрпек шақалақ Жебенің әжесі Күләш хабарлады: «Жебе Нұрзатұлы Әшірбек деген атбайлар туылды. Фамилиясы Әшір­бек болды. Бұйырса, алда ұл немерелердің фамилиясы Әшірбек болмақ. Жебе бірінші. Әшірбек бұл немеренің есімі Жебе болаты­нын біліп кеткен еді. Әттең, көруге жазба­ды!», – деп.

«Тәуба! Тәуба! Шүкір, шүкір!», – дедім қуаныштан тебірене толқып. Лезде шарықтай жөнелген қиял құсы күллі әлемді шарлап, қайта оралғандағы ойға келген бірер мәнзәла былай. Ер балалар балиғат жасқа жетіп, бозбала ғұмыр басталған шақтарда өздерінше асқақ арман, тәтті қиял жетегінде бір сәт алдағыны кесіп-пішіп, тіпті әке-шешелерінен де қысылып-қымтырылмастан «мен үйленген соң балам­ның атын пәлен қоямын, түген қоямын» демеуші ме еді (ондайды кезінде қатар құрбылар аузынан өзіміз де естіген­біз). Әне, Күләштің айтуынша, шамасы, оныншы класты бітіретін жылы ма екен, Әшірбек екеуінің кенжесі Нұрзат та келе­шекте үйленсем, ұлымның атын Жебе қоямын дейді екен. Жебе! Тегін емес. Кітап оқитын, оның ішінде, әйгілі Шыңғыс хан туралы әдеби, тарихи жазбаларға қанық өреннің ойы. Тәтті арман! Сонда да… Сонда да…

Қайран Әшірбек кенжесінің бұл сөзін іші қалағанмен, әкелік жоралғымен: «Қашпаған қара тананың уызын айтып қайтесің. Әуелі мектеп бітір, онан жоғары білім алып, қызметке тұр. Оң-солыңды таны. Басқасы содан кейін», – деп ақыл айтады екен (Күләштің сөзінен).

Дұрыс. Нұрзаттікі де, Әшірбектікі де. Әйтсе де, орта мектепті үздік бітірген Нұрзат Алматының Асфендияров атын­дағы медицина университетінде оқып жүрген жылдарда әкесі Әшірбек оған анда-санда қалжыңдап, Жебені атап қояды екен (жақсы оқы, тезірек үйлен, немере керек деген тұрғыдан болса керек те). Ал бұларға қосарым…

Әкесі Төребай мен анасы Аққыз ұлы Әшірбек пен келіні Күләштің шаңыра­ғында бірге тұрып, екеуіне де Алматыдан топырақ бұйырды. Аққыз апа Төребай атамыздан он төрт жыл бұрын дүние салды. Әшірбек бақилық болатын жылы ата-анасына арнап ас берді. Жылдың ақырына таман олардың соңынан өзі кетті.

Әшірбек пен Күләштің үш ұлы – Қанат, Сұңғат, Нұрзат – бүгінде бір-бір отау иесі. Бала-шағалы. Көз ашқаннан көріп өскендіктен, үш ұлдың үшеуі де өз басыма етене жақын, ізет-құрметтері ерек­ше. Үйлеріне телефон соққанда даусымды бірден танып, құрақ ұшатын (көпсінбе, тарылма, әлі солай).

Кенже ұлдары Нұрзат жайлы бір-екі сөз. Алғашқы шілдехана тойдан бастап көз алдымызда ержеткен Нұрзаттың болмысы бала кезден бөлек-тін. Әке-шешесіне де, араласатын адамдарға да кесіп сөйлеп, ойын тура, нақты айтатын. Онысы қызық­тау, таңсықтау көрінетін. «Әдеби кітапты көп оқиды, сондықтан ғой», – дейтін Әшірбек.

Белгілі ғалым, профессор Талғат Әшірұлы Момынов Асфендияров атындағы медицина университетінде ректор болғанда мен сонда сырттан шақырылған – түрлі сала өкілдері – алты адаммен бірге қабыл­дау комиссияға қоғамдық негізде сегіз жыл мүше болдым. Нұрзат диплом алатын жылы да сонда едім. Нұрзат соңғы емтиханды «беске» тапсырған бойы тура сол жерден ректор Талғат Момыновтың телефонынан Әшірбекке хабарласып, екеулеп құттық­тадық. Сыртқа шыққан соң Нұрзатты құттықтадым (ректор Т.Момынов әр отырыстан кейін комиссия мүшелеріне дастархан жайып, банкет беретін. Көрген­ді, ізетті, іскер, осынау текті тұлға бүгінде де өз биігіндегі танымал маман). Ал…

Мына жарық дүниеге жуықта көз ашқан Жебенің әкесі Нұрзат университет бітіргеннен бері Астанада нейрохирург боп істейді. Әшірбектің екінші ұлы Сұңғат та сонда. Төребай атамның Әшірбектен көрген бірінші немересі Қанат қана Алматыда. Ол ұзақ жылдан бері белгілі жазушы, талантты кинорежиссер Ермек Тұрсыновпен бірге еңбек етеді. Продюсер. Басы жұмыр әр пенде сияқты Әшірбекте де арман көп болатын. Үлкен перзенті Қанат қызметке ілігіп, ес жиғаннан немере сүю үшін оның тезірек үйленгенін қалады. Маған да «дұрыс қыз болса қарастыра жүріңіз, тек немере тауып берсе болды» дейтін. Өйтіп те көргенбіз. Лайықты-ау деген бір қызды театрға шақырып, Қанатпен бірге отырып, спектакль көрдік. Сәті түсе қоймады…

Әшірбектің көзі тірісінде мені көрген сайын қайталап айта беретін тағы бір сөзі еске түсе береді, соны келтірейік те, нүкте қояйық.

– Нұрзат балаңыз сізді ерекше сый­лайды, жақсы көреді, оны менсіз де білесіз, – дейтін қайран Әшірбек кейде шалқып-тасыңқырап отырғанда мерейлене сөйлеп. – Есіңізде шығар, үйлену тойына шақыру билеттерді  күнілгері өзіміз таратып, алашапқын боп жүргенде, Нұрзаттың бізге Астанадан сізге шақыру билетті өзім апарып беремін деп, қайта-қайта телефон соғып, ақыры солай еткені. Айтқаны болсын дедік, одан не зиян бізге?!

Рас. Басқалар алдақашан алған шақы­ру билетті тойға үш күн қалғанда маған Нұрзаттың өзі әкеп бергені, әрине, есте. Жебенің әкесі басқаша болатын ба еді?!

Зәкір АСАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *