Жеңістің 73-ші көктемі

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Алматыдағы №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының  құрылғанына биыл 15 жыл. Бүгінде бұл орталық  жалғызілікті 300-ден астам адамның тұрақты баспанасына айналған. Олардың әрқайсысының өмір жолы бір-біріне ұқсамайды, бірақ бәріне ортақ ұқсастық – жалғыздық. Бұл орталықта қазір 7 соғыс ардагері (сегізіншісі Жеңіс күніне екі күн қалғанда көз жұмыпты), 3 ардагердің жесірі, 62 тыл ардагері тұрып жатыр.

185 қызметкері бар орталықта да қарттарға барлық жағдай жасалған. Бір үйге қажетті жиһаздармен, тұрмыстық заттармен жабдықталған тап-таза жеке бөлмелер. Ақ төсек. Ыстық су. Теледидар. Радио. Төрт мезгіл тамақ. Жылы ұя.

7000-ға жуық кітап қоры бар кітапхананың да қарттардың күнделікті өмірінде ерекше орны бар. Мұнда қариялар кез келген уақытта қалаған кітабын оқи алады, бөлмесіне апарып оқимын десе де өз еркінде. Компьютер де, ғаламтор да бар.

№3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тұрғындары да Жеңіс күнін мерекеледі. Арнайы шақыртумен келген кәріс мәдени орталығының «Родина» ән-би ансамблінің мүшелері соғыс алдындағы бейбіт өмірді, өмірге құштар қыз-жігіттерді, одан кейін Ұлы Отан соғысының басталып, жігіттердің майданға аттанған сәттерін, азалы сағаттарды сахналады.

Осы орталықтың тұрғыны Айымторы апа «Ана» монологын оқығанда үлкендер көз жастарын сүртіп, мұңайып-ақ қалды. Кішкентай өрендер ата-әжелеріне арнап «Катюша» биін билеп берді. «Родинаның» қарт өнерпаздары «Синий платочек», «Темная ночь», «Журавли», «Земля» сынды үлкен-кішінің жүрегіне жол тапқан, әлі күнге мәнін жоғалтпаған тарихи әндерді орындады. Ортаға шығып дөңгелене вальс билеген қарттар тамаша көңіл-күйде болды.

Әдемі кешті №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Раиса Сыпабекованың бастамасымен жуырда ғана құрылған, костюмдері де иненің көзінен жаңа өткен, ән-жырға жақын қариялардың басын біріктірген хордың орындауындағы «Катюша», «Жеңіс» әндері түйіндеді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *