Жастардың ғылымдағы үлесі зор

Рая ЕСКЕНДІР

 

Алматы технологиялық универ­ситетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Ғылым. Білім. Жастар» атты жас ғалымдардың республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының төртінші басымдығы: білімнің салтанат құруы бөлімінде «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп атап өткен болатын.  Мемлекет басшысы ғылым, технология мен техниканы дамытуда заманауи ойлау дәрежесі жоғары жастардың үлесі зор екенін қашан да алға тартады. Сол себепті, елде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер өткізуге бағытталған конферен­циялар мен іс-шаралар бірінен кейін бірі өткізіліп келеді.

Аталмыш конференцияға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қазақ техно­логия және бизнес университеті, Еуразия­лық технологиялық университеті және «Қазақ тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС сияқты жоғары оқу орындарынан, ғылыми-зерттеу институт­тарынан және өнеркәсіптік кәсіпорын­дардан келген студенттер, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар мен мамандар қатысты.

Конференцияны АТУ-дың ғылым және инновация жөніндегі проректоры, про­фессор Бердан Рыскелдиев ашып, шараның мақсаты мен бағыттарын айқындады. Проректор сөзінен кейін тағам өндірістері, жеңіл өнеркәсіп және робототехника тақырыптарында пленарлық баяндамалар жасалды.

Конференцияға ұсынылған 195 ғылыми баяндама қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таныстырылды. Тағам және өңдеу өндірістерінің технологиясы; Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі; Технологиялық үдерістерді механизациялау, автоматтан­дыру және ақпараттандыру; Жалпы эко­номикалық мәселелер, туризм және қонақ­жайлылық индустриясы; Жаратылы­с­тану ғылымдары; Әлеуметтану-гумани­тарлық ғылымдар бағыттары бойынша қатысу­шылар зерттеу жұмыстарын баяндады.

Шараның секциялық мәжілістерінде өзекті мәселелер талқыланып, Тағам және жеңіл өнеркәсіптің заманауи технология­лары; тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі химиялық, биология­лық және биотехнологиялық аспектілер, бақылаудың заманауи әдістері; тамақ өнімдерін ақпараттық-техникалық қамта­ма­сыз ету; азық-түлік және жеңіл өнер­кәсіп салалары үшін кадрлар даярлаудағы білім беру инновациялары; азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, қонақжай­лылық индуст­риясы, туризм саласы кәсіпорындарының басқару әдістерін жетілдіру сынды сауалдар басты назарға алынды.

Жас ғалымдар жақсы дайындық деңгейін көрсетті, көптеген жұмыстарда зерттеу нәтижелерін іс жүзінде қолдану мүмкіндіктері айтылды.

Аға-оқытушылар мен кәсіпкерлер жас ғалымдарға шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар көкейтесті сұрақтар мен қазіргі ғылыми-зерттеуде көп кездестіретін проблемаларды ортаға салып, шешімін табуға тырысты.

Шараның нәтижесінде ең үздік деп танылған жоба баяндамашылары, зерт­теуші жас ғалымдар арнайы дипломдармен марапатталды.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *