ЖАСТАРДЫҢ КӨПШIЛIГI ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ КIМ ЕКЕНIН БIЛМЕЙДI

Дәулет ӘБДIҒАППАРОВ, Ғ.Мүсiрепов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық жасөспiрiмдер мен балалар театрының әртiсi:

— Дәулет аға, сiзге бұрынырақта хабарласқанымда, шет елде болдыңыз. Ол жаққа не мақсатпен бардыңыз?

— Украинада, Қырым жерiнде түсiрiлiмде болдым. Онда Иван Поддубный туралы ресейлiк картинада Қара Ахмет паша деген түрiктiң балуанын ойнадым. Иван Поддубный сол жақта туып-өскен екен. 18-19 жасында Севастопольде жүк тиеушi болып жұмыс iстейдi. Содан тағдырдың айдауымен циркке келедi, сол жерде оның карьерасы басталады. Жалпы, Поддубныйдың тағдыр жолы Қажымұқанның өмiрiне ұқсайды, екеуi қатар өмiр сүрген адамдар.

— Бұдан бұрын Қажымұқан туралы Сұлтан Қожықовтың «Знай наших» деген толықметражды фильм түсiргенiн бiлемiз. Ендi режиссер Қанағат Мұстафин сiзге Қажымұқан туралы жаңа фильмдегi басты рөлдi ұсынып отыр. Түсiрiлiм жұмыстары қашан басталады?

— Дәл қазiр картинаға қаржы табылмай жатыр. Қанағат көшедегi жұртшылықтан Қажымұқанның кiм екендiгiн сұрап, сауалнама жүргiздi. Сол сауалнамаға жауап берген жұрттың 80 пайызы Қажымұқанның кiм екенiн бiлмейтiн болып шықты. Тек бiр орыс шал ғана Қажымұқанның өмiрбаянын баяндап берген. 30-35-жасқа дейiнгi жастар балуанның өмiрiнен мүлдем бейхабар екен. Қажымұқантанушы Маркс ағадан сұхбат алдық. Ол кiсi Қажымұқанның Сталинге жазған телеграммасының, өзге де құжаттарының көшiрмесiн бердi. Солардың бәрiн жиыстырып қойдық.

Қазiр қаржы қарастырып жатырмыз. Бiзде патриот адамдар көп қой. «Қаржылай болмаса да, басқа жағынан көмектесейiк» деп жатқан кiсiлер бар. Бiрақ, әзiрге қалталы демеушiлер табылмай тұр. Қаражат табылса, осы күз айларында алдын-ала дайындық жұмыстары басталады. Ол дайындық кемiнде жарты жылға созылады. Түсiрiлiм шамамен 2013 жылы басталатын шығар деп топшылап отырмыз.

— «Николай Валуев сiздiң қарсыласыңызды ойнауы мүмкiн» делiнген едi. «Твиттерде» ол жағымсыз кейiпкердi ойнамайтындығын айтыпты.

— Қанағаттың Николай Валуевтi фильмге түсуге шақырсам деген ойы болған едi. Өткенде Қанағат «Мен әлi ұсынысымды жасаған жоқпын, әлдебiреулер «Твиттер» әлеуметтiк желiсiнде Валуевқа «Фильмге түсесiз бе?» деп сұрақ қойыпты. Ол артынша «Мен жағымсыз рөлдi ойнамаймын» деп жауап берiптi» деп ашуланып отырған. Бiз әлi бiр келiсiмге келмеген едiк, айдаладағы бiреулер боксшыға осылай деп жазып үлгерiптi.

— Соңғы кезде шығып жатқан фильмдердiң қайсысын қарасақ та, сiздi көремiз. Бiрақ, сiзде көбiнесе эпизодтық рөлдер басымырақ сияқты. Қажымұқан сiздiң алғашқы басты рөлiңiз бола ма, бұйырса?

— Жоқ, бұдан бұрын «КТК» телеарнасы түсiрген «Два пистолета» фильмiнде басты рөлдi ойнадым. Онда бiз ресейлiк әртiс Дмитрий Нагиев екеумiз жұмыстан шығып кеткен полиция қызметкерлерiнiң рөлiн сомдадық.

— «Актив» байланыс операторының жарнамасында аюмен алысқаныңызды көрдiк.

— Иә. Мұның алдында мен бiраз жарнамаға түсуден бас тартқан едiм. Өйткенi, мен мына тұрған қантты «Бұл қант тәттi, дәмiн татып көрiңiз» деп жарнамалағым келмейдi. Дәл осы қанттың жарнамасы, бiрақ, онда актерлiк ойынды көрсетудi ұсынса, қуана келiсемiн. Байқасаңыз, «Активтiң» жарнамасында бiз актерлiк ойынымызды көрсеттiк және ол ойынның «Активке» еш қатысы болмады.

— Театрда былтыр Роман Виктюк қойған Шиллердiң «Махаббат пен ғадауатының» премьерасында көрермендер сiздiң басты кейiпкердiң сөзiн артынша қайталайтындығыңызға қайта-қайта күлiп отырды. Көрермен мәдениетiнiң төмендiгiне ренжитiн кездерiңiз бола ма?

— Қалай айтсам екен? Негiзi, осы «Махаббат пен ғадауатты» көрермен кiшкене ауырлау қабылдады. Өйткенi, бұл – бiздiң емес, еуропалық дiлге көбiрек келiңкiрейтiн қойылым. Ресей мен Украинаның Халық әртiсi Роман Виктюк қойып кеткен нұсқаның бiраз жерiне Талғат Теменов бiр түнде өзгерту енгiздi. Виктюк қойған нұсқада мен басты кейiпкердiң айтқан сөздерiн ақырын қайталап тұруым қажет болатын. Кейiн оны алып тастады, маған қазiр спектакльде тек iс-әрекеттер тиесiлi. Бұл бiздiң көрермен оңайлықпен қабылдай қоятын қойылым емес, сол үшiн режиссерiмiз оның көп жерiн өзгерттi.

— Ғаламтордағы «Google» iздеу желiсiнде «Дәулет Әбдiғапаровтың бойы қанша?» деген сұрақ көп қойылады екен. Демек, жұртшылықты сiздiң бойыңыз көбiрек қызықтыратын болып тұр.

— Менiң бойым – 2 метр, аяқ киiмiмнiң өлшемi – 48-өлшем, ал, салмағым – 120 келi.

— Бiр сұхбатыңызда атаңыздың салмағы ауыр болғандығы себептi, оны тiптi жылқы көтере алмай, тек түйеге мiнiп жүрген депсiз. Ал, сiзде ондай қолайсыздықтар жоқ па?

— 2 метр деген соншалықты ыңғайсыздық тудыратындай бой емес қой. Менiң марқұм ағамның бойы тiптi менен де ұзын, 2 метр 15 см болатын. Әкемнiң екiншi ағасы да менен бойшаң, iрi кiсi болатын. Бұл бiзге тұқымқуалаушылық арқылы берiлген. Қарамеңдi деген атамыз ел арасында түйемен ғана қатынаған. Ол кiсi қыр асқан сәттен-ақ жұрт оның сұлбасын жазбай таниды екен.

— 4 балаңыз бар екен. Арасында сiздiң жолыңызды қууға құлық танытып жүргенi бар ма?

— Үлкен ұлым 18 жаста, қазiр Ж.Елебек атындағы эстрада және цирк колледжiнде «Актерлiк шеберлiк» мамандығында оқып жүр. Өзi қоярда-қоймай сол мамандыққа дайындалып, өз күшiмен грантқа түстi.

— Сiздiң түр-тұлғаңызға қарасам, тек қана бұзақылардың рөлiн ойнай алатын сияқты боп көрiнесiз. Бiрақ, сiз «Балалық шағымның аспанында» Әбiштiң мылқау немере iнiсi Мәмбетбайдың рөлiнде сондай бiр әлсiз, аянышты образды сенiмдi ойнап шықтыңыз. Өзiңiздi әлсiз де, күштi де қып көрсете аласыз. Болашақта бiз бiлмейтiн қандай қырыңыздан танылғыңыз келедi?

— Маған, негiзiнен, комедия жанры ұнайды. Егер өзiме ұсынылған рөлдерге тыңғылықты дайындалар болсам, қай-қайсысын да жақсы алып шығатын сияқтымын. Өзiмде сондай бiр iшкi сенiм бар. Кейбiр рөлдердiң сценарийiн оқып отырған кезде, iшкi түйсiгiм оны қаламай тұрады. Ондай кезде рөлден бiрден бас тартамын.

— Кеше шыққан «Жаужүрек мың балада» эпизодтық рөлiңiз бар, «Көшпендiлерде» жоңғар қонтайшысының күзетшiсiн ойнадыңыз. Ендi бұйырса, Қажымұқанның өмiр желiсiн баяндайтын киноға түсесiз. Сiзге тарихи жанрдағы фильмдер көбiрек жақын ба, әлде?

— «Жаужүрек мың балада» Қабанбай батырдың рөлiн сомдадым. Бiрақ, фильмнiң көп тұсы қиылып кеткеннен кейiн, ешкiм менiң кейiпкерiмнiң Қабанбай екенiн аңдамаған сияқты. Бiраз сөйлейтiн жерiм, төбелесiм бар едi, барлығы қысқартылып кеткен. Фильмге мен қатысқан екi эпизод қана енiптi.

Тарихи жанр менiң жаныма жақын, бiрақ мен әзiр онда толыққанды ойнап көрген жоқпын. Көбiнесе эпизодтарға қатысып жүрмiн.

— Бос уақытыңыз көп пе?

— Әркезде әрқалай. Кейде қатарынан 5-6 фильмге түсуге ұсыныс түседi. Ал, кейде ешқандай ұсыныс болмайды, босқа жүрiп қаламыз.

— 2009 жылы Ғ.Мүсiрепов театрына қабылдандыңыз. Өзiңiздi театрға кеш келдiм деп есептемейсiз бе?

— Алғашында менде әртiстiк бiлiм болмады. Сондықтан, театрға орналасуға мүмкiндiгiм болған жоқ. 2009 жылы театрға келген кезде Бiшкектегi театр институтына сырттай оқуға тапсырдым.

— Көпшiлiк әртiстер театрдың жалақысы күнкөрiске жетпейтiндiгi себептi, тойларда ән айтады, асаба болады. Ал, сiзде театрдан басқа табыс көзi қандай?

— Менiң жақын досым бар. Сол екеумiз өнерге мүлдем қатысы жоқ жеке бизнеспен айналысамыз.

— Сауда-саттық саласы?

— Жоқ. Бiрақ, әйтеуiр, бұзақылық емес (күлдi).

— Әлгiнде «Қабанбайдың рөлiндегi бiраз сөздерiм қиылып кетiптi» деп отырсыз. Көбiне әлдекiмнiң оққағары не күзетшiсi болып ойнайсыз. Эпизодтық рөлдерге көбiрек шақырылатындығыңыз үшiн сiзде iштей ренiш, қынжылыс болмай ма?

— Алғашында мен кинода көбiрек бой көрсету мақсатында қандай рөл ұсынса да бас тартпай, барлығына түсiп жүрдiм. Эпизодтық рөлдiң өзiне үлкен ыждаһатпен дайындалып, ойнауға тырыстым. Қазiр салыстырмалы түрде үлкен рөлдерге шақырыла бастадым. Мәселен, мен қазiр Ресейге көбiрек барып жүрмiн. Ол жақта да ақырындап көзге түсе беру үшiн үлкендi-кiшiлi рөлдердiң барлығын ойнап жатырмын. Ресейлiк Лев Борисов деген әртiс өмiр бойы эпизодтық рөлдердi сомдаған. Ал, 62 жасында «Бандитский Петербург» фильмiндегi Антибиотиктiң рөлiн жарқыратып алып шықты. Сондықтан, менде асып бара жатқан өкiнiш жоқ. Өмiрiм алда.

— Менiң бiр досым сiздiң өте қарапайым актер екенiңiздi айтады. Түсiрiлiмде оққағардың рөлiн тегiн ойнап берiпсiз. Үнемi сөйтесiз бе?

— Диплом тапсырып жатқан болашақ режиссерлердiң фильмдерiне еш қиналмастан тегiн түсiп беремiн. Ақшаға тiрелiп қалған ештеңе жоқ. Қолдан келгенше айналамыздағы адамдарға көмектесiп, қоян-қолтық өмiр сүруiмiз керек қой.

— Сiз қатысқан «Книга легенд, таинственный лес» фэнтэзи жанрындағы фильм қашан жарыққа шығады?

— Өткенде фильмнiң режиссерiнен сұрасам, «Мен тiлшiлерге «әне шығады, мiне шығады» деп айта-айта өтiрiкшi болдым» дейдi. Оның қашан жарық көретiнiн «Қазақфильм» шешедi. Бұйырса, осы күзде көрсетiлетiн шығар.

— Сiз онда қандай кейiпкердi ойнайсыз?

— Бұл фильмнiң желiсi американдық «Один дома» киносына ұқсайды. Мен екi ұрының бiрiн, қорқақ ұрыны ойнадым. Фильмнiң желiсi мынадай: әйелi қайтыс болған кәсiпкерден ақша талап ету үшiн бiз, екi ұры оның баласын алып қашып кетемiз. Содан әрi қарай хикая желiсi қызықты өрбидi. Бұл жерде менiң үш рөлiм бар, ұрыны, батырды ойнадым. Сосын, 3 метрлiк құбыжық аюдың денесiн компьютермен бейнелеу үшiн мен аяғыма биiктiгi 1 метр болатын ағашаяқ киiп, Көлсайда ағаштардың арасымен жүрiп үйрендiм. Киногерлер менiң жүрiс-тұрысымнан графика арқылы қорбаңдаған құбыжық аюды жасап шығарды. Онда менiң өзiм көрiнбеймiн, тек аюдың актерлiк ойынын ойнап бердiм.

— «Мәссаған» бағдарламасында сiз өзiңiздiң әртiс достарыңызды парашюттан құлап, өтiрiк жарақаттанған болып оңдырмай алдадыңыз.

— «Мәссағанның» жiгiттерiмен жолығысып қалғанда, «Сендер неге тек қана әншiлердi алдайсыңдар? Әртiстердi де алдаңдар» деп қолқа салған болатынмын. Олар «Әртiстер әншiлер сияқты қалжыңға жақын емес, тұйықтау сияқты» дедi. Сөйтiп, осы ойынды ойластырып шығардық. Мен бұрын парашют спортымен айналысқанмын, сол себептi маған түсiрiлiмде парашютпен секiру қиынға тиген жоқ. Негiзi, мен Азамат Сатыбалдыны қорқытпақ болдым, бiрақ оны қаладан таба алмадым. Оның қорыққаны бiртүрлi қызық едi, негiзi (күлдi). Сонымен, Мұрат пен Берiк досымды аэродромға шақырдым. Парашютпен секiрiп бара жатып құлап қалған сияқты болып, сөйтiп олардың бiр зәресiн алғаным бар. Негiзi, парашюттен жерге құлаған мен емес, әншейiн адамның сұлбасы болатын.

— Жоспарларыңызбен бөлiссеңiз.

— Алдағы уақытта ресейлiк фильмдер мен телесериалдарға түсуге ықылас танытып отырмын. Қазiрдiң өзiнде сол жақта бiршама рөлдерге түстiм. Ресейлiк киноөндiрiсте азиаттардың рөлiн сомдайтын әртiстерге сұраныс көп. Ол жақта киноға көбiрек түсу үшiн де сонда көбiрек тұрақтауыма тура келедi. Өйткенi, ресейлiктер үшiн Алматы алыс қала болып саналады. Олар рөлге шақырған кезде әрдайым жандарынан табылуым қажет.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Роза ӘРЕН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *