ЖАС ОТБАСЫЛАР БАЛАЛАРЫМЕН БІРГЕ САЙЫСҚА ТҮСТІ
Жақында Алатау ауданына қарасты «Зерделі» ықшамауданындағы №153 бөбекжай-балабақшасында Жастар жылына орай, жас шаңырақ иелерінің қатысуымен «Өнерлі отбасы» және «Әкем, анам және мен» атты сайыстар болып өтті.
«Өнерлі отбасы» бәсекесін №153 бөбекжай-балабақша меңгерушісі М.Ерназарова ашып, іс-шараның мақсатына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бәсекеге алты отбасы төрт кезең бойынша қатысты. Атап айтсақ, Иманғалиевтар, Қуанышбаевтар, Танабаевтар, Әлімбековтер, Демесіновтер және Өміровтер «Сәлем – сөздің анасы» деген алғашқы кезеңде өздерін таныстырып шықты. Бағалары беріліп, келесі кезеңде әр команда әр түрлі жанрда өнерлерін көрсетіп бағаларын алды. Үшінші кезеңде әр топ конверттер таңдап, ішіндегі сұрақтарға жауап беріп жатты. Шешуші кезеңде әке, ана және бала үшеуі бірігіп «үй тапсырмасын» орындады.
Бас жүлде Танабаевтар отбасына бұйырса, бірінші орынды Әлімбековтер иеленді. Екінші орынға Демесіновтер, ал үшінші орынға Өміровтер көтерілді. Жеке номинациялар бойынша Иманғалиевтар мен Қуанышбаевтар арнайы дипломдарға ие болды. Осы «Өнерлі отбасы» байқауына бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын дайындаған әдіскер М.Әлжекеева да Алғыс хатпен марапатталды.
«Әкем, анам және мен» отбасылық спорттық сайысқа да алты отбасы қатысып, олар екі команда болып бәсекелесті. Командалар «Көңілді доп», «Кім жылдам?», «Үңгір», «Кенгуру», «Күш атасын танымас» ойындарымен сайысты. Көңілді көтеретін, бойды сергітетін бұл сайысқа қатысқан бала да мәз, ата-ана да жаймашуақ күйде. Ал жеңімпаз «Көгершін» тобы деп танылды. «Құлыншақ» тобы да сыйлықсыз қалмады. Осы бәсекеге бүлдіршіндер мен ата-аналарын дайындаған тәрбиеші У.Батырбектің де мерейі үстем болды.
Мәли ЖАПАҚҰЛЫ,
«Зерделі» ықшамауданы бастауыш Ардагерлер ұйымының төрағасы.