ЖАРЫҚТЫҚ

Биыл қазақ сатирасының сардары Оспанхан Әубәкіровтің туғанына 85 жыл толып отыр. Соған орай «Біртүрлі беттің» бүгінгі санын біз Ос-ағаңның рухани мұрасына арнадық.

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ (1934–1986)

Бастығымыздың алдын «күзетіп» отырған Жылтың деген шыңылтыр қыз есігімнен баптап алған басын көрсетіп:

– Болған ағай кабинетіне шақырып жатыр! – деді де, аяғының арасында тауық қыт-қыттап жүргендей өкшесі тық-тық етіп, «неге?» дегізбей тез кетті.

– Жарықтық айтатын сөзін тағы ұмытып қалмаса екен, – деп ойладым да, шашымды жығып, жағамды шертіп, кірпігімді қағып-қағып кіріп бардым. Жігіттер де күндегідей түгел жиналып Бөкеңнің аузына қарап отыр екен.

Бөкең бізге «осыларды қайдан көріп едім» дегендей таңырқай қарайтын секілді.

– Бәрің бірдей топырлап, жәй жүрсіңдер ме, түге? – деді Болған ұзын мүштегіне кигізген ұзын сигареттің күлін түсіріп.

Біз аң-таңбыз.

– Сіз шақырады деген соң келіп отырмыз, Бөке, – деді біреу.

Бөкеңнің де есі екеу, түсі төртеу. «Осы­ларды шынымен өзім шақырып па едім?» дегендей алыстан ойланып отыр. Темекі­сінің де күлі ұзарып, қисық түтіндеп, бірге ойланғандай.

– Мен шақырды дейсіңдер ме, ей? – деді сәлден соң Бөкең.

– Иә, сіз шақырды деген соң…

– Кім айтты?

– Жылтың айтты.

– Әй, осы Жылтың да мені әбден жынды қылатын болды. Шақыршы өзін бері!

Жылтың келді.

– Жәй ма, ағай?

– Сен қыз, қарағым, жынды­мысың? Кім шақырды мыналарды?

– Өзіңіз шақыр дедіңіз ғой.

– Қашан?

– Жаңа. «Ойбуй, алжыған басым, кос­тюмімнің сыртынан костюм киіп келіппін» деп біреуін шешіп былай, екіншісін шешіп былай қойдыңыз. Күлдіңіз. Мен де күлдім. Сосын «жігіттерді тез шақыра қойшы!» дедіңіз. Мен, міне, жинап келдім.

Болған Жылтыңның бетбақтыр­мас дәлеліне «кет, и» деп айта алмай, екі костю­міне кезек-кезек қарап оты­рып қалды. Біз не көңіл айтарға, не жөнін айтарға еп таппай қаңтарылып отырмыз.

– Бірдеме айтайын деп ұмытып қалғамын да, бар, шаруаларыңды істеңдер! – деп таратып жіберді. «Адам қартайғанда бір бала» деген ғой, жарықтық не айтқысы келді екен?» деп бәріміз шығысымен дәлізде теме­кі тартып, шалымыздың қылығына мәз болып, дабырласып тұр едік, Жыл­тың ізімізше жүгіріп келіп: «Бөкең шақы­рып жатыр, тез жүріңдер!», – деді.

Адам жаман ойға жүйрік қой, «Бөкең талып қалды ма, әлде одан да сұмдық бірдемеге душар болды ма, жарықтық» деп ойладық та, темекі­мізді тастай салып жүгірдік. Жазым­нан аман екен. Бөкең екі қолын артына ұстап, бөлмеде ары-бері аяңдап жүр. Міне, қызық, Бөкеңнің аяғын көріп күліп жібердік. Бір аяғында – қызыл бәтеңке, бір аяғында – қара бәтеңке.

– Бөке, модаңыз құтты болсын, жаңа бәтеңке алғансыз ба? – деді Пошым елден бұрын дәлдеңдеп.

Болған аяғына қарап аң-таң.

– Мұнысы несі, а? Масқара! Түнде бір үйде қонақта болып едім, кетерде қалың бәтеңкенің ішінен іліп алып жүре бергенмін ғой. Ұят-ай, ә! Иесі табанын қасып жалаң-аяқ отырған шығар, тез Дырданның үйіне апарып, өзім­дікін ала кел! – деп қызыл бәтеңкені бауын ағытпай, өкшесінен басып шешті де, Пошымға нұсқады. Бейім тұрған Пошым Бөкеңнің бұты­ның арасынан қызыл бәтеңкені іліп ала жүгірді. Ол енді, көр де тұр, осы қызме­тін мият тұтып, ертең түске дейін жұмысқа келмейді.

Бөкең бір аяғында шұлық, бір аяғында «құлып», сәл ақсаңқырап ары-бері жүр. Жарықтықтың шұлы­ғы­нан түскен дымқыл ізге қарап біз отырмыз.

– Біреуден жасырынып жүргендей сендер осы менің кабинетіме келіп, тығыласыңдар да отырасыңдар, жұмыс істемейсіңдер ме, түге? – деген Бөкең оқыс тоқтап, бетімізге қарайды.

Біз «ақымақ» болып болдырдық.

– «Айтақтай-айтақтай қасқырдан да ұят болды» дегендей, өзіңіз қайта шақырады деген соң келіп отырмыз, – деді біреу.

Бөкең маңдайын езгілеп біраз ойланып қалды. Ернін шығарды, қаба­ғын түйді, көзін жұмды.

– Иә, айтпақшы, – деді бір кезде шошып оянғандай. – Мен, жігіттер, ұмыт­­шақ болып бара жатырмын, шама­сы, қар­тайсам керек. Содан қабыр­ғаммен ақыл­дасып, алжымай тұрғанда пенсияға шығуға тоқтам жасадым. Сендерге соны айтайын деп…

Біз «адам шаршаса күледі» деген­дей, күліп отырмыз.

– Бөке-ау, жылда пенсияға шығайын деп пе едіңіз? – деді біреу.

– Жылдасы несі, жынды ма мынау?

– Бөке, сіз қазір пенсияда жүрсіз ғой. Енді қайдағы пенсияны айтып тұрсыз? – деді ішіміздегі кексе кісі.

– Әй, мыналар мені жындыханаға түсіретін шығар, – деп Болған бәрі­мізге кезек-кезек қарап, қабақ қақпай қалшиып тұр.

– Ой, жарықтық-ай, сіз былтыр «Чер­меттен» шекпен киіп, пенсияға шықтыңыз. Содан «әлі көрсетері көп» деп, сізді біздің мекеменің меңгерушісі етіп сайлады ғой. Яғни пенсияға шық­қаннан кейін тағы жұмыс істеп, жалақы тауып жүрсіз. Қайта-қайта пенсияға шығып, екі жегіңіз келе ме? – деп әлгі кексе «шалған» болды.

– Шақыршы әлгі Жылтыңды! – деп бұйырды Болған.

Жылтың келді.

– Әй, сен қыз, анығын айтшы, мен пенсияға шықтым ба?

– Иә, былтыр шыққасыз.

– Енді мұнда не бітіріп жүрмін?

– Жұмыс істеп жүрсіз.

– Жарайды, бар, кет айда!

Жылтың «айдап» кетті.

– Мен осы ұмытшақ болып барамын. Айтпақшы, былтыр «Чер­мет­­тен» пенсияға шыққан соң осында келген екенмін ғой. Бәсе, осы пен­сия­ға шыққым келеді де тұрады. Жәрәй­ді. Ал жігіттер, жұмыста­рыңды істең­дер. Әкемнің өлгенін естіртуге кел­гендей топыр­лап жетіп келесіңдер де тұра­сыңдар. Тараңдар, түге! Иә, айт­пақшы, әлгі пәтіңкі келді ме, білің­дерші! – деп Болған бәрімізді тыр­қыратып қуып шықты.

«Ойнаса баласы жеңеді, шындаса әкесі жеңеді» деген осы-ау. Ой, жарықтық-ай, аман бол, әйтеуір!

 

Байғыз қалай бастық болды?

«Аты-жөні жоқ далбаңдап ұша бермей, жөн сілтеп, ақыл айтып отыратын бір басшы сайлап алайық» деп ұйғарыпты құстар қауымы. «Бас болып басым айтуға, кем-кетігімізді ашып айтуға кім лайық болар екен?» деп ақылдасқанда, бірі тұрып:

– Жапалақ дөп, – депті.

– Дөп болса, дөбіңді түсіндір, – дейді ақыл қосып отырғандар.

– Дөп дейтін себебім, біріншіден, жапалақтың беті теп-тегіс; екіншіден, бетіңе бедірейіп тіке қарағанда жүзің төменшік­теп, жерге кіріп кете жаздайсың. Басшыға бетті біреу жөн десек, Жапекеңнен басқа таңдау жоқ.

Бәрі бірауыздан осы шешімге шекпен жауып, Жапалаққа келіп, бұйымтайларын айтады.

– Рас, – дейді Жапалақ. – Бетімнің тегіс екені тегіс. Бірақ ақыл кеміс. Ақыл кеміс болған жерде құр беді­рейіп қараған­нан не пайда? Ал басшымыз тек бедірей­геннен болсын десеңдер, Байғызды айнал­дырып көрің­дер. Бедірейген бет те, ежірейген көз де содан табылады.

«Мынау елде жоқ ақыл екен» десіп, әлгі бұйымтайды Байғызға алып келеді. Байғыз бұларды тесірейіп отырып тыңдайды да:

– Басшылық ету – менің ата кәсібім. Көз ашқалы үрім-бұтағымызбен үстел тоқ­пақтап келеміз. Қаласаң­дар, аяқта­рыңды бір етікке тығып, қаққанда қанда­рыңды, соққанда сөлдеріңді алып отырайын. Ал сен­дерге керегі бедірейген бет болса, бетіме қарағанның беті күйетіндей бедірейгеннің көкесін көрсетемін, – дейді.

«Әйтеуір, алдыңа келгенімізде бедірейіп отырсаң болды, айналайын» десіп, мәз болған құстар Байғызды басшы сайлап тарасыпты.

 

Ыңқы-тыңқы не ойлайды?

Қаулап өскен қалың орманның ішіндегі бір дүкенде Аю ет шабушы, Түлкі ет сатушы болып өздерінше жоспар орындап жатқан-ды.

Бір күні Аю кеспектей қызыл ала балтасын лақтырып жіберіп, ойға батты.

«Батпандай балтамен ертеден кешке дейін ырсылдап ет шабамын. Жан терім шығып, күндегі тапқаным күнде желкемнен шығады. Ет шабыс бар, еш табыс жоқ. Ал мына езуін жимай өтірік күлетін қу түлкі қылшығы қылыштай болып терісіне сыймай семірді. Тісі де алтын, төсі де алтын. Құны толық еттің ара­сында ыржаңдап тұрып шеміршек-пеміршек, құйымшақ-пұйымшақ секілді құны жоқ шырт-пыртты тығып жібереді. Болмаса түлкінің әкесінен қалған алтыны жоқ. «Таразыдан жеген тасбақа» болса, осы түлкі әлдеқашан итбақа болып қаңғып кетер еді, қайта түлкінің төресі болып алды. Өтірік күліп тұрып таразыны изектету менің де қолымнан келеді. Ақымаққа да жарасатын алтын менің де үстімнен түсіп қалмайды. Олай болса түлкінің түбіне жетіп, орнына тұрып алу керек».

Айлап ойлап, айла тапқан Аю Түлкінің көзін ала беріп, таразы табағының астына тарс еткізіп жүз грамға жуық магнит сынығын жапсырды да кетті.

«Ет дегенде бет бар ма?» дейтін жұрт тара­зының тасында жұмысы жоқ «қырылысып» жатқанда, Аю Ыңқы-Тыңқы (комиссия – ред.) шақырды. Қыл­мыстың қайда екенін күні бұрын біліп келген Ыңқы-Тыңқы таразыны төңкеріп жіберіп, кенедей қадалып «сорып» жатқан магнитті жұлып алды. Ыңқы-Тыңқы сауданы тоқтатып, дүкенді жауып, Түлкіні түрмеге түсіреміз деп, алды да жоғалды.

Таразы басына өзім тұрамын деп Аюдың алақаны қышып жүргенде, түрме де жоқ, түк те жоқ, Түлкі түрін бермей, сол баяғы құнар­лы күйі құлпырып кеп, жұмысына кірісті де кетті.

…Тірлік баяғыша, өзгеріс жоқ. Аю ырсылдап ет шабады. Түлкі ыржаңдап ет сатады. Магнит күшті деп Аю ойлайды. Алтын күшті деп Түлкі ойлайды. Ал әділ қазы Ыңқы-Тыңқы не ойлайды?!

 

Бетті дайындаған —

Сәкен СЫБАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *