Жарасым тапқан жұртпыз

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ:

Дүниеде  тәуелсіз  Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы,сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел бола­шағы бар. Сол күнге берік  сенімі бар!

 

Қазақстан  халқының  бірлігі  күні  мерекесі әрқайсымыз  үшін  ерекше  қымбат. Ол біздің  миллиондаған  отандасымыздың  жүрек  қалауынан орын тапқан  мереке. Бұл  – қазақстан­дық  патриотизмнің,  елге және  халыққа деген  адалдықтың  мерекесі.

Біздің тағдырымыз  ортақ. Ол ортақ Отанымыз – Қазақстанның тағдыр-талайымен  ортақ  өрілген. Тарих –  өмір сүрудің  ұстазы.  Себебі, Қазақ­станның  тарихы мен  тағдыры – миллиондаған  жандардың  кездесу мен бауырласу жолы. Ол – бірлігімізді,  бірегейлігімізді  нығай­татын, ұлт болып  ұйысудың әліппесі.  Оны  Қазақстан  халқы  өздерінің  шынайы  істерімен  дәлелдеп  келеді.  Қазақстан  Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев көпұлтты мемле­кетімізде ынтымақ пен бірлікті нығайта түсу үшін  барлық  жағдай  жасап отыр.   Қазақ­стандықтар  үшін де  керегі  осындай  берекелі де  бейбіт  өмір. Бүгін  біз айтулы  мерекеге  орай, бір топ  қоғам  қайраткер­лерінің жүрекжарды  сөздерін  беріп  отырмыз.

  

Бірлік – таптырмайтын  қазына

Бұл  мереке  Қазақстанда өмір  сүріп жатқан  барша халық  үшін айрықша  қымбат  мереке. Ол біздің  миллион­даған  отандасымыздың  жүрегіне жол тапқан асыл  құнды­лығымыз. Біз жарқын  болашақ пен  асқақ мүмкіндіктер ғасырында  өмір сүріп жатырмыз. Біздің  тағдыр-талайымыз ортақ. Ол – ортақ Отанымыз Қазақ­станның  бүгінгі тағдырымен  байланысты.

Қазақстан  қашаннан   ұлттар  досты­ғының  алтын  бесігі. Бүгінгі таңда  Қазақ­станда 130-дан астам ұлт өкіл­дері бірлігі мен ынтымағы жарасып   өмір  сүруде. Олардың тілі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір.  Олар  Қазақстанды  туған  Отаным санайды.

Қазақстан менің  бақ мекенім. Бабала­рым о баста тік көтеріліп бел асқан жерім, бүгінде өзімнің кіндігімнің қаны тамып, бауыр басқан жерім. Арғы тарихты қозғасам, дадам Қорқыт біріктіріп, Бамсы Бәйрек  қорғаған даңқты елім.

Әзербайжан мен қазақтың түбін алып қарасаң,  түркі­лерден өрбіген, бір төскейді өрістеп, заманалар көшінде оғыз атам бұтағы шалғай қонып алыстап, тау асып, тас басып, көшінің басын Кап тауына бұрғанда, Отанда қалған бауырым.  Оның дархан даласындай   мейірге  толы көңілі түбірі бір біз тәрізді туысқа ғана ашыл­майды, жаны жомарт жайсаң жұрттың жүрегі   баршаға бірдей, төгілген нұры көп­ке бірдей.

Қазақстанда ұлтына,  наным-сенімі мен  білім деңгейіне  қарамастан,  адамдар  бір-бірі­не құрметпен  қарайды.  Мен Елба­сымыздың «Бұл  күн  барша  қазақстан­дықтың  бір-біріне  деген  мейірімділігінің,  достығы мен  құрметінің  жар­қын  мере­кесіне айналуы тиіс» деген сөзіне  құр­мет­­­пен  қараймын. Біздің  барлығы­мызды  бір құндылық  біріктіреді. Бұл – тату-тәтті өмір сүруге деген құлшыныс. Осы  құрмет  сезімі  бізге  бір-бірімізге  деген  толерант­тылық  пен төзімділік  сипатында  болуы тиіс.

Қазақ жерінде қаншама этнос өкілдері бейбіт  қатар  өмір  сүріп,  ұрпақ  өрбітуде. Солардың бірі де өгейдің күнін кешпейді, қайта жақсылығын көріп, жанына жақын балаған қазақтың кең қолтығында әрқай­сысы өз этносы­ның мәдениеті мен ұлттық дәстүрін дәріптейтін орталықтар ашып  отыр. Тіпті, елдің ең жоғары заң шығарушы органы – Парламентке депутат сайлап, мәртебесі Ата Заңда дәріптелуде.

Ел бірлігі, тұтастық – таптырмайтын қазына. Қазынаны қадіріне жеткендер ғана толайым толықтырып отырады. Қазіргі Қазақстан осындай бірлікті ортақ қасиет, баға жетпес қазына етуде.

Бірлікке сына түспесе, елім деген халықтың алар асуы, бағындырар биігі, жететін жеңісі көп болады.  Баршаңызды  алдағы бірлік  мерекесімен  құттықтаймын! Халқымыздың  бірлігі  жарасып,  Мәңгілік  елдің  жұлдызы  жана берсін!

 

Асылы  ОСМАН,

Қазақстан халқы Ассамблеясының 

мүшесі, Қазақстанның  еңбек  сіңірген

қайраткері, профессор.

  

Ырыс  ынтымақпен келеді

Қазақстанды Отаным деп қабылдаған әр түрлі ұлт өкілдерінің өзара достық пен татулықта өмір сүруіне барлық   қолайлы жағдай жасалған. Әр ұлтқа өз ана тілін меңгеріп, салт-дәстүрі мен әдет  ғұрпын жаңғыртуда және   өздерінің мәдениеті мен әдебиетін дамытуда қамқорлық көрсетіліп,  ол  жұмыстар одан  әрі жетілдірілу үстінде. Сондай-ақ, түрлі этнос өкілдері де еліміздің дамуы жолында еңбек етіп, игі бастама­лардың басы-қасынан табылуда. Соның ішінде Қазақстанда тұрып жатқан   түркі­мен ұлты да еліміздің бірлігі мен дамуына өз үлестерін қосуға атсалысуда.

Қай дәуірді алып қарасақ, тарихтың көмескі тартқан беттерін парақтасақ, Қазақ елі ежелден бітімгерлігімен, ара­ағайын­дығымен, достық қарым-қатына­сымен   айшық­ты  із  тастап  келеді. Ырыс­тың, береке атаулының бастауы әсілінде достықта, адамгершілік қасиеттерде жататыны айқын. Ынтымақ бар жерде жақсылық үстемдік құрады. Елдің пейілі кең болғаннан ешкім де кем болмайды.

Бүгінгідей үлкен үдеріспен дамып жатқан жаһанда ел ішіндегі татулықты сақтай отырып, ұлттар арасындағы достық қатынасты нықтай  түсу үлкен парыз.

 

Гүлнара  АННАКУЛИЕВА,

Түркімен  мәдени  орталығының 

төрайымы.

 

 Бұл – менің  Отаным!

Қазақстанда тату-тәтті ғұмыр кешіп жат­қанымыз Қазақстан  Президенті  Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбе­гінің арқасы екені талас тудырмайды.

Қазір біз айна­ламызға барлап көз салсақ, небір зұлымдық, ашкөздік, лаң­кестік секілді оқиғаларды көреміз. Әлемде орын алыпжатқан осындай  адами  қасиет­­терге жатпай­тын  әрекеттерге жаны­мыз ауырады. Қазақстанда барлық ұлт пен ұлыстардың құқығы тең дәрежеде сақтал­ған.  Ол  осынысымен  құнды.   Қазақ­стан­да шоғырланған ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәрі де мейірбан қазақ халқына тек қана алғыс айтады. Сол үшін де мем­лекет тізгінін ұстаған азамат­тарға алғыстан басқа айта­рымыз жоқ. Жаңарған, жасарған   Қазақ­станның гүлденуі, сәулеті келіскен еңселі ғимараттардың бой көтеруі – тәуелсіздік жылдарының  жемісі. Осы  уақыт  аралы­ғында  Қазақстанда  көптеген халық­ара­лық деңгейдегі шаралардың өткізілуі – мемлекет мерейінің артқанын, дәу­летінің   кемелдене түскенін  көрсетсе  керек.

Қазақстан халқының бірлігі күні мере­кесі – бұл қазақ­стандық патрио­тизмнің, елге және халыққа адалдықтың мерекесі.

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау тәуелсіз Қазақстанның басты және талассыз табысы.

Бұл  – менің Отаным!  Демек, ортақ Ота­нымыздың тағдыры үшін әрбір азамат­тың жауапкершілік сезімі күнделікті өмір­дің қалпына және баршаны біріктіруші бастауға айналуы  тиіс.

 

Үсейін ХАСАНОВ,

Түрік мәдени орталығының төрағасы.

 

 Бізді  бір  мақсат  топтастырады

Бірлік  мерекесінің  басты  мазмұны – Қазақ­стан  Прези­­дентінің  этносаралық  және конфессияаралық  қаты­настар  сала­сындағы  теңдестірілген  және көреген саяса­ты,  қазақстандықтардың  жоғары мәде­ниеті  мен даналығы, ұлттар  арасын­дағы бейбітшілік пен келісімді нығайту. Ол  біздің жүрегімізге  жақын, біздің еліміздің  ең  маңызды  мерекелерінің бірі  болып табылады.

Қазақстанда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де заң алдында тең. Біз бәріміз – біртұтас Қазақ­стан халқының теңқұқылы ұлдарымыз. Біздің бәрімізді бір мақсат  топтастырады. Ол –  біздің ортақ Отанымыздың  Қазақ­станның  гүлденуі мен  көркеюі. Қазақ­стан халқы Ассамблеясының  сессиясында Қазақ­стан  Президенті  Нұрсұлтан Назар­баев айтқандай, біз еліміздің қарыштап дамуына бар күшімізді салуымыз қажет. Мұны өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың бойына сіңіре  түсуіміз  керек. Елбасымыз  салған сара жолда еңбек етіп, жыл сайын­ғы Жолдаудың құндылығын ұғын­дыруға  тиіспіз.   Осы  жолда жас ұрпағымыздың  бола­­шағы жар­қын болсын, бейбітшілік ортаймасын деген тілегім  бар.

Бүгінгі  қол  жеткен  табыстарымыз  – бұл  біздің тәуел­сіз­дікпен бірге келген сыйы­мыз.   Алдағы уақытта бұл құн­дылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа тасымалдау баршамыздың ортақ міндетіміз  болмақ.

«Біз Қазақстан халқының мызғымас бірлігі мен ұлы Отанға мәңгілік сүйіс­пен­шілігін ұлықтай түсеміз!» деген  Қазақстан  Президентінің  мұратын алға  апарамыз.  Бұл  жолда  бізді біріншіден, ортақ үйіміз Қазақстанға деген шынайы махаббат біріктіреді. Осы  жерде  гүлдендік,  осы  жерде өркениетімізді жаямыз!

Мемлекет басшысы еліміздегі ұлтара­лық қарым-қатынас пен оның тарихы мектептерде, білім мен ғылым ордаларында ашық оқытылуы қажеттігін   айтып  келеді. Бүгінгі  таңда еліміздің бүкіл халқы Қазақ­стан Президен­тінің  өміршең идеясы төңі­регінде бірігіп отыр. Ол – бірлікті сақтау, ел тыныштығын қорғау, еңбек ету арқылы дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін мемлекетті өркендетуге үлес қосу. Өйткені, қазақ тарихтан сабақ алған халық. Небір жаугершілік замандарды бастан кешті. Соғыстың қасіретін, дау-жанжалдың кесапатын жақсы біледі.

Күш бірлікте, түсіністікте. Бүгінгі біздің мақсатымыз – бірлігіміз бен ынтымағы­мызға сызат түсірмеу.  Қазақстан халқы Ассамблеясының ең басты мақсаты да осы құнды­лықтар деп ойлаймыз.

Қазақстандағы халықтар  достығының еліміздің бірлігінің кепілдігі екенін таныту, жастарды отансүйгіш­тікке, тілін, дінін, мәдениеті мен салт-дәстүрін білуге, сон­дай-ақ, басқа ұлттардың да рухани құнды­лықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Ұлт  көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық қазақстандықты бір мүдде, бір мақсатқа біріктіру бағытындағы саясаты елімізді түрлі қақтығыстардан аман сақтап, бүгінгідей мамыражай заманға жеткізіп  отыр. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде  көптеген  тау  халықтары  қатарында біз,  шешен  халқы  да өз туған жерімізден күш­пен көшіріліп, қазақ   жерінен пана таптық. Ақса­қалдарымыз  күні бүгінге дейін «қа­зақ­тар бізді аштық­тан аман алып қалды. Бауы­рына тартты,  оларды  өмір бойы сый­лап  өтіңдер» деп айтып   кетті.  Сон­дықтан  біз  әкелер  аманатына  адалдық  танытуы­мыз  керек.

Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтап   келеміз. Біздің бірегей жолы­мыз тек адалдық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімін  сақтау  болып  табылады.

 

Абу-Касим  ХАЖАЛИЕВ,

«Вайнах» ассоциациясы  төрағасының 

бірінші  орынбасары, Қазақстан  халқы

Ассамблеясының  мүшесі.

Әзірлеген — Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *