ЖАНАРМАЙ ТАЗАРМАЙ ОТЫР, АУА ҚАЙДАН ТАЗАРАДЫ?

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Алматы ауасын ластаудың 80 пайызы көлiк құралдарына тиесiлi болып отыр. Осы сөз рас па екен өзi? Бiздiңше, көлiк құралдарының еншiсiне одан да көбiрек «сыбаға» тиетiн сияқты. Өйткенi, Алматы көшелерiнде жүйiткiген көлiктердiң ескiлiгi өз алдына, оған темiр тұлпарларға құятын жанармай сапасының төмендiгi де ерекше әсер етiп келедi. 


Ауа тазалығын сақтау мәселесiне басқа қырынан келу керек-ау деймiн. Қарапайым халықтың қолы жете бермес, жаңа стандарттарға сай келетiн көлiктер туралы мәселенi қозғай жүрген дұрыс шығар. Дегенмен, дәл қазiр қолда барға қанағат етiп, барды ұқсата бiлуiмiз керек сияқты. Қазақтың да айтпайтыны жоқ қой, «Не iшсең, соны шығарасың» деп жатады. Алматының керiле көсiлген кең көшелерiнде ары-берi жүйiткiген көп көлiкке қарап тұрып та осыны айтуға болады. Көлiктерiмiз не «iшiп» жүр осы? Байғұс, темiр тұлпарларымызды бекерге кiнәлап жүрген жоқ па екенбiз…

Әңгiмемiздi былтырғы жылдың қорытындыларына қарап өрбiткен дұрыс шығар. Техникалық реттеу және метрология комитетiнiң Алматы қаласы бойынша департаментi 2010 жылы қала бойынша жанар-жағар май сатумен айналысатын 63 кәсiпорынға тексеру жүргiзген болатын. Осылардың iшiндегi 34 кәсiпорында әртүрлi тәртiп бұзушылықтардың орын алғаны анықталған. Бұл тексеру жүргiзiлген кәсiпорындардың 54 пайызын құрайды.

Аталған 63 кәсiпорынның 40-ы жанар-жағар май сатумен, қалғаны мотор майларын сатумен айналысады. Осы 40 кәсiпорынның қалада 150 жанар-жағар май құю стансалары бар. Осылардың бәрiн тексеру нәтижесiнде 17,7 миллион теңге тұратын 61 жанар-жағар май өнiмдерi тiзбегiне тыйым салынып, 194 өлшем құралдарын қолдануға шектеу қойылды (өлшем құралдарын дұрыс пайдаланбаған 21 мекеме анықталған). Тексеру нәтижесiнде тәртiп бұзғаны белгiлi болған 59 мекеме мен лауазымды тұлғаларға 2 миллионнан астам айыппұл салынды.

Иә, бұлар тексеру нысаны болған және кездейсоқ ұсталып қалған жанар-жағар май сатушы орындар екендiгi айтпаса да белгiлi болар. Сонда, әлi қаншама тексеру нысанына айнала қоймаған, әйтпесе тексеру боларын алдын-ала сезiп, «тәртiпке» келтiрiп қойған орындар бар десеңiзшi.

Жалпы, Алматы қаласы әкiмдiгiнiң қолдауымен мұнай қоймаларына тасымалданатын және жанар-жағар май стансаларында сатылатын өнiмдердiң сапасын тексеру үшiн жыл сайын жергiлiктi бюджет есебiнен 7-8 миллион теңге қаржы бөлiнiп тұрады. Алматы қалалық техникалық реттеу және метрология департаментi осы мүмкiндiктi пайдаланып, жанармайды сатып алу және зерттеу жұмыстарын жүргiзiп келедi. Мысалы, 2010 жылы жоғарыда айтылған 40 жанар-жағар май сататын кәсiпорындардан барлық өнiм түрлерiнiң 197 үлгiсi сатып алынған болатын.  Тiлге тиек етiп отырған тәртiп бұзушылықтардың бәрi осы үлгiлердi тексеру нәтижесiнде анықталған.

Осындай техникалық көрсеткiштерге сәйкес келмейтiн кәсiпорындарың iшiнде «Восток-ойл» ЖШС-нiң «РК Ойл» ЖЖБ, «АЛЕК НИЛЛ» ЖШС-нiң «V-Ойл» ЖЖБ, «Қазмұнайгаз» АҚ-ның май құю стансалары, «Галкина» ЖК-ның «Шим Ойл» ЖЖБ, «Нұрбол 21 Век» ЖШС, «Сарыарқа 2007КЗ» ЖШС-нiң «Ақ Жол» ЖЖБ бар.

Ал, «Стройкерамика» ЖШС-нiң «СК» ЖЖБ, «Костюхина» ЖК-ның «7-я» ЖЖБ және «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ-ның тиiстi орындарында мезгiлден тыс тексеру кезiнде мұндай фактiлер екiншi рет қайта қайталанып отыр.

Мұндай мысалдарды дизель отынға байланысты да айтуға болады. Тиiстi деңгейден табылмаған «Восток-ойл» ЖШС-нiң «РК Ойл» ЖЖБ, «Галкина» ЖК-ның «Шим Ойл» ЖЖБ, «Нұрбол 21 Век» ЖШС сияқты мекемелер осылардың қатарында тұр.

Оны айтасыз, 9 кәсiпорында бензиндегi октан санының техникалық регламент талабынан төмен екендiгi белгiлi болған. Ол қайсылары дерсiз… 6 кәсiпорында – АИ-80, 7 кәсiпорында – АИ-92, 2 кәсiпорында – АИ-93, 3 кәсiпорында – АИ-96, 1 кәсiпорында – АИ-95 маркалары талапқа сай болмай шыққан.

Бұған басқа ешқандай түсiнiктеменiң қажетi бола қоймас. Алматы ауасының тазалығы үшiн дұрыстап ойланбаса болмас…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *