Жамбыл мен Кенен

«Кісі екен алпыс жасты алқымдаған,

Салдықтың самалымен салқындаған»

 

Атақты қырғыз манабы Шабдан Жанбайұлының  асы берілгенде  мен 17 жастың ар жақ-бер жағында едім. «Ри, қойым», «Бозторғай», «Көкшолақ» деген әндерім ел арасына жаңа-жаңа таралып,есімім еміс-еміс белгілі бола да бастағам-ды. Асқа қырғыз-қазақтың белгілі әнші-күйшілері, ақын-жыраулары шақырылды. Жамбыл да келеді екен деп естіп, жар құлағым жастыққа тимей, оны  бір көруге зар болып жүргенімде, ойда жоқ жерде, құдай оңкөзімен қарап, үлкен қуанышқа кенелгенімді қалай ұмытармын, – деп әкем Кенен өзінің Жамбылмен тұңғыш кездескендігі туралы тебірене еске алатын. Қой соңында еңіреп жүрген Кененнің бойындағы түлеп, тұтанып келе жатқан талантын алғаш танып, бағалай білген де, оны қой бағудан құтқарып, астына ат мінгізіп, үстіне  киім кигізіп, ән өлеңін жұптатып, сүліктей сұлу жас жігітті асқа алып келген де ауыл ағасы Еркебай Базарұлы еді. Осы жолы атам Сарбасша құлағын бұрап, аруақ шақырып тұңғыш рет Жамбыл, Тоқтағұл, Қалмырза, Майкөтұлы Арқабайдай атақты төкпе ақындармен бірге «Көпшілік, тыңда әнімді» деген әнін орындап, ел алғысына бөленген, халық аузына ілінген жүлдегерлердің қатарында күмістен сомдалған кемер белдік алған екен. Сондағы Жамбылдың бейнесін Кенен:

Кісі екен алпыс жасты алқымдаған,

Салдықтың самалымен салқындаған,

Домбыра ап, төңірекке қарағанда,

От болып екі көзі жарқылдаған.

Аузында айтар сөзі іркілмеген,

Ақынның дер шағы екен бұл күн деген…

Сөйлесе досын мақтап, қасын даттап,

Нөсердей дүркін-дүркін дүркіндеген…

Қызынса қияғынан мұртын жеген

Түк емес қызып кетсе бір күн деген… –

деп сипаттаған.

Ас тарады. Жамбылға ат мінгізіп, шапан жауып, құрметпен шығарып салып жатты. Менің екі көзім Жәкенде, қайткенде де жақынырақ барып сәлем беру. Тентек қойдай шыр айналып жүріп мен де жақындай түстім-ау. Алдына келіп әдеппен тізе бүгіп, қолымды төсіме қойып сәлем бердім. Сәлемімді ықыласпен алған Жамбыл жылы жүз танытып қарай берді:

– Қарағым, қай баласың? – деді. Сол-ақ екен:

– Мен өмірде өнер қуып жүрген жас бала едім. Дулаттың бір атасы Қасқарауданмын. Бата, бата беріңізші, ата! – дегенім есімде. Сонда Жәкең:

Кешегі анау бозүйден

Шыққан дауыс сен бе едің?

Бөдене мен тұрымтай

Бұққан дауыс сен бе едің?

Бүркіт болсаң боларсың,

Үлкен екен шеңгеленің.

 

«Кенен-Кенен» деп жүр ғой елдің бәрі,

Осы тойға жиналған жас пен кәрі.

Сәлем берсең, карағым, бақытты бол,

Бабалардың балаға көшкен нәрі.

Ақындық Ораздан да үзілмеген,

Сарбас, Әлмен ақынды кім білмеген?

«Бабаның батасынан» деген нақыл,

Жас жүйрікті жарамас тізгіндеген.

Құдай сені сақтасын кесірінен

Жар бағатын жапалақ, құзғын деген.

Досың болсын Алатау аспаныңда,

Қыран құстай шырқағын қызғынды өлең,

Әумин! –

деп бата береді.

Міне, осы күннен бастап Жамбыл мен Кенен ара­сындағы өнер жалғастығы ұстаздық-шәкірттік өмір жолымен ұштасып, 50 жылдай біте қайнап, бірге өсіп толысты.

– Жәкең менің даусымды жақсы көретін еді. Кездескен сайын ән салдырмай жібермейтін. Қайда жүрсем де іздестіріп, сұрастырып, таптырып алатын. Ұзақ уақыт қатынаспай қалсам: «Кененжан-ау, қайда кеттің? Не тындырып жүрсің өзің? – деп ұрсып та алатын.

Балаларым бірінен соң бірі өліп, қайғыдан жүдеу тартып жүрген кездерімнің бірінде:

Әй, Кенен!

Атыңның бұты тыртиып,

Өзіңнің мойның қылқиып,

Әжептәуір жігіт ең

Қалған ба саған тіл тиіп?!

Ер жігіт десем, ез бе едің?

Мойып қапсың сылқиып,

Қой, ойлама уайым,

Туарынды ұрайын,

Тағы да табар жұбайың

Түбін берсін құдайым… –

деп, әрі күлдіріп, әрі ақыл айтып жұбатқан еді.

 

«Ғашық етсін қыздарын

Қордай, Шу мен Меркенің»

 

Жамбыл, Көркем дүниеге келгенде арнайы келіп құттықтап, мына аналарың Нәсихаға батасын берген еді.

Кененжан, келіп қалдым қуанған соң,

Тұйғының үйрек-қаз бен қу алған соң.

Келінжан, бата берем, қолынды жай,

Құдайдан өлгеніңе құн алған соң.

Құтты болсын Көркемің,

Өсе берсін өркенің!

Кененнен тудым дейтіндей,

Ұлы болсын өлкенің.

Жігіт болып жеткенше,

Бетін қақпа еркенің.

Өзі болсын өскенде

Қой бастайтын серкенің.

Ғашық етсін қыздарын

Қордай, Шу мен Меркенің, –

деп, екі күн бойы ән шырқап, жыр толғап, Қордай өңірін жыр бұлағына кенелткен еді, – деп еске алатын әкем.

«Жәкең басқаға айта бермейтін көп жайларды маған айтатын. Жарықтықтың қолына су құйып, дәрет алдыртып, намазын оқытып, тамағын беріп, төсегін салып, көзі ұйқыға кеткенше әңгімелесіп, қасында отыратын күндерім көп болушы еді. Оның үстіне мен ол кісіге туыстық жағынан да жақын болғандықтан ба, маған қатты сенетін. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына Мәскеуге баратын болдық. Даярланып жатырмыз. Өкімет басшылары келіп: «Қалайсыз, Жәке? – десе, «Шүкіршілік, шырақтарым. Сендердің арқаларыңда, Алланың арқасында денсаулығым жаман емес. Бұйырса, Мәскеуге барайын деп отырмын», – дейді де, артынша олар кеткен соң нілдей бұзылады. «Әй, Кенен, осы біз жер ортасы қиянға неменеге барамыз. Айтатынымызды осы жерде-ақ айтпаймыз ба, жазып алмай ма?», – деп мені айналдыра бастайды. Мен көбіне үндемей қоятынмын, кейде «Басымызды бағалап шақырып тұрғанда барып қайталық та, Жәке», – деймін. Әрі-беріден соң ашуланып: «Әй, Кенен, сен айтпады деме, бара салып қайтамыз деп ойлайсың ба, көр де тұр, осы барғаннан тура ақ сабанда бір-ақ қайтамыз», – деп жүз құбылып жүріп, барып қайттық-ау, әйтеуір. Абыройлы болдық. Жәкеңнің бағы жанды, жолы ашылды. Бұдан кейін де талай-талай жол жүрдік, соның бәрінде мен бірге жүрдім. Бір күні дәрігер қарап, ақыл-кеңес беріп шығып кеткен соң, маған сыбырлап: «Осы мына орыс доктор бір пәле болды, етті аз жеңіз дей ме, көк-сөкті көбірек жеңіз дей ме, мазамды алды, о немесі  тамағымнан өтпейді, – деп кейіңкіреді.

– Кененжан, ол жақта маған еттің жылы-жұмсақ жерлерінен кесіп беріп отыр, бастың миын әперші, осылар мені әдейі аштан  өлтірейін деп жүр ғой деймін. Кім білсін, «осы шал пәле болды» деп те жүрген шығар іштерінен», – дейтін.

– Жарайды, Жәке, естіп қойса ұят болады, ақырын сөйлеңіз, – деймін. Сонда да сыбырлап: «Әй, Кенен, жаман айтпай жақсы жоқ демекші, алда-жалда осы пойыздың үстінде жүріп кетсем, бұлар мені не істейді, ә? Сен менімен бірге жат. Бүгін өзім біртүрлі болып та отырмын. Қысылсам, иманымды қайыруға да мұршам келмеуі мүмкін, сен бәрін білесің ғой, сүйегімді елге апарып жерлет, түсіндің бе? – деп уайымдайтын кездері де болатын.

Жәкеңнің әзілдескендегі шымшыма сөздері қандай еді? 1937 жылы грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты дастанының 750 жылдық тойына барғанымызда Жәкең мені шақырып алып, Д.Бедный, М.Шолохов, А.Толстой, М.Бажан, П.Тычина және басқа да тойға келген қонақтарға көрсетіп, менің шәкіртім деп көтермелеп, мақтап алып бір кезде: «Кененжан, сен өзің елде жүргенде әжептәуір ірі, көрікті, сұңғақ бойлы, қоңқақ мұрын­ды сияқты едің, мына қалың грузиндердің арасында аласарып қалғансың ба, қалай өзі», – деп әзілдеп әрі бәрін күлдіріп, әрі менің бойымдағы ерекшеліктерді де елге әзілмен жеткізген.

1939 жылдың жазын­да Мәскеуде Одақ көлемінде ауыл шаруашылығына арналған үлкен көрме болып, соған Қазақстаннан бір топ делегаттар қатынасып, қайтып келе жаткан бетіміз. Ол кезде пойыз Мәскеуден Алматыға дейін он күндей жүреді. Бәріміз жаспыз. Ішіміз пысып, уақыт өтпейді. Пойыздың рестора­нынан тамақ ішіп көңіл көтерейік десек, ақшамыз жоқ. Ақша тек Жәкеңде бар. Оны бәріміз де білеміз. Ол кісі ақшаны санай да білмейтін еді. Құлағы да жөнді естімейді, әйтеуір қолына тиген ақшаны дереу жамбасының астына тығып қояды. Бір күні Тайыр Жароков: «Кенеке, осы Жамбыл атадан ақша сұрасақ қайтеді. Ол кісіде бар ғой» – деді. Бәріміз бір-бірімізге қарадық. Сәбит Мұқанов: «Тәтем берсе, тек Кенекеме береді, сіз сұраңыз», – деді. Ақылдасып-ақылда­сып, ақыры мені жіберді. Қалай ақша аларымды, қалай сұрарымды білмей отырғанда пойыз Жамбыл қаласына келіп қалды. Ол қала соның алдында ғана. «Әулиеата» деп аталынатын. Қасына жақындаңқырап барып: «Жәке, сіздің атыңызды қойған. Әулиеата қаласына келіп қалдық», – дедім. Орнынан ұшып кете жаздады жарықтық. «Әулиеатаға келіп қалдық дедің бе, Кененжан? Атыңнан айналайын, Әулиеата, атымды тартып алды деп болма қапа», – деп бірнеше рет қайталады да, «Апыр-ай, не істесем екен, Кенен?» – деді.

– Енді, ол жерде сізді көруге көп адамдар келеді ғой. Оларға көрініп, бірдеме дейсіз бе, қалай? – деймін.

– Әй, айналайын Кененжан, мені әурелемеңдер, мына пойызыңнан түсе де, қайтадан шыға да алмаймын. Одан да сен мына ақшаны ал да күтіп тұрғандарға балаларыңызға мәмпәси алып берініздер, Жәкең жол жүргенді көтере алмай аздап шікерттеніп қалыпты, сіздерге көп-көп сәлем айтты, алғысын жаудырып, батасын беріп жатыр дерсің деп, қолыма бір уыс ақшаны ұстата салды. Көктен тілегенім жерден табылды дегендей: «Жарайды, Жәке, құп болады», – деп ақшаны алып атып шықтым. Жігіттер де күтіп жүр екен, ресторанға тарттық. Асықпай отырып тамақ ішіп, көңілденіп, жетісіп қалдық. Шығарда: «Ойбай, Жәкеңе енді не десем екен», – деп қысыла бастадым. Оған жігіттер қуақыланып: «Өтірік айтқан соң аяғына дейін шығарсаңызшы», – деп күліп алды.

 

«Байға қашан жағындым?!

Болысқа қашан бағындым?»

Енді қайтадан Жәкеңе келіп: «Құдай сақтасын, Жәке, қолдарына гүл ұстап, «Жамбыл ата, Жамбыл ата» деп шуылдап тұрған халық, не істерімізді білмедік. Содан шығып өзіңіз айтқанның бәрін айтып, ақшаны таратып бердім. Бәріне де жетті, ақшаны аямай-ақ беріпсіз. Сіздің 100 жасқа келуіңізді тілеп, дән риза болды», – дедім ұялмай. «Жәкең сан білмеуші еді, берген ақшасы бізге Алматыға жеткенше жарады», – деп атам өздерінің келмеске кеткен жас кез­деріндегі бір әбестіктерін (әрі еркеліктерін) есіне алып ішек-сілесі қатқанша күліп, «ұялған тек тұрмайдының» керін келтіргендей болушы еді.

– Жамбыл аталарың топ алдына шыққанда, әуелі домбырасын қағып-қағып алатын да, екі иығын қомдап, құнжындап бүлкілдей жөнелетін. Ал ашуланғанда, кұдай сақтай көр, сақал-мұрты быт-шыт болып, екі көзінен от, аузынан уытты сөздер түйдек-түйдегімен құйы­латын еді, – дей келіп әкем: «Кеңес өкіметінің табан тіреп қалған кезі. Осы Ұзынағашта Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев бастаған өстепке  (жиын) өтті. Онда Жетісу ақындарының айтысы, өнерпаздардың өнері сарапқа салынбақшы. Мақсаты­мыз – Кеңес өкіметінің жолының дұрыстығы, партияның қамқорлығының арқасында бақытқа қолымыздың жеткенін, Ленинді жырымызға қосып марапаттауымыз керек. Өстепкеге Мәскеуден, Түркіс­таннан уәкілдер келді. Белгілі деген ақындарымыздың бәрі жүр. Жамбыл ғана жоқ.

Хабар жетпепті. Жандосов: «Жамбыл қайда?» – дегенде жерге кіріп кете жаздадық. Кеш болса да ат шаптырып хабаршы жібердік: «Ойбай, Жамбылды таппай келме», – деп қақсап жатырмыз. Ал Жәкең бұл кезде елден естіп, хабаршыдан бұрын өзі келіп: «Мен де ақынмын», – десе, орыс милиционерлер кіргізбей, өзі де ашу қысып жеткен кісі, сол жерде айғай салып, күшпен ентелеп кіріп келгендегі түсін айтып жеткізу қиын. Ашулы, ащы дауыспен:

Ау, мен Жамбылмын, Жамбылмын,

Өлең сөзге даңғылмын,

Күңіреніп күн-түні,

Жалғыз қалып қанғырдым,

Қатар-құрбы қадірлес,

Замандасты сағындым.

Қатаған мен Кебекбай,

Мақамдасты сағындым.

Қалдырмайтын тойынан

Ноғайбайды сағындым.

Байға қашан жағындым?!

Болысқа қашан бағындым?

Бой бермей жүріп оларға

Бостандығым сағындым.

Күткен күнім туғанда,

Құрметім мен олжамнан

Не себепті қағылдым?!

Жас ақындар қасыңда,

Дудар шашың басында,

Сиыр баққан, тас шаққан,

Әкелеріңді көріп ем,

Ораз бенен Жұбаныш,

Торқалы тойға шақырмай

Мен сендерге неғылдым?

Жігіттерде әдеп жоқ,

Қыздарында қылық жоқ.

Шолақ дамбал кигені,

Селтең-селтең жүргені.

Николай патша кезінде

Бұл сұмдықты көргем жоқ.

Лениншіл большевик,

Келсе екен деп, аңсап ек.

Сол айтар деп күтіп ек,

Өзің тойды баста деп,

Үйретті ме сендерге

Шал-кемпірді таста деп?!

Ой, ағытты-ай келіп, сол кезде Еркебай домбы­расынан ұстай алып, «Айналайын Жәке, қой енді, ашуынды басшы, далаға шық, демінді ал, алыстан келген қонақтардан ұят болады», – деп әрең тоқтатты. Бәріміз шошып кеттік. «Мына шал ұсталып кететін болды», – деп дуылдастық, қыз-қыз өсек, ду-ду әңгіме, қойшы әйтеуір, Жамбылды апармаған жер, оның атына айтылмаған сөз  қалмады.

 

«Олжаны Жамбыл алмай кім алады,

О бастан сүйген жарлы-жақыбайды»

Мәскеуден келген уәкілдер: «Почему он сердитый? Что он сказал?», – деп сұрап болмайды. Анау-мынау жерлерін әдемілеп, ашуланған себебін айтып, Ораз орыс тілінде түсіндіріп жатыр. Қызықтың көкесі келесі күні болды. Өстепке аяқталды. Жамбылды жаппақ түгіл айдаған да жоқ, артына екі қолын байлаған да жоқ, қайта астына ат мінгізіп, алдына екі түйе байлап, елу қой айдатып кұрметпен шығарып салды. Ал басқа Жәкеңді күндеген ақындар жиналып, большевикті күні-түні мақтадық, тезек теріп босқа қалдық, бәрін Жамбылға берді, біз өкіметке шағым жазамыз, арызданамыз деп шуылдап, қол жинай бастады. Сонда қайран Ілияс (Жансүгіров), мандайымызға сыймай кеткен боздағым, бәрімізді жиып алып:

Қарғаның қарға көзін шоқымайды,

Өрмекші ауды бекер тоқымайды.

Олжаны Жамбыл алмай кім алады,

О бастан сүйген жарлы-жақыбайды.

Ақындар, ақсақалды сөз етпеңдер,

Ежелден үлкен жейді қойдың басын.

Өлеңге Жамбыл артық, әнге – Кенен,

Су жорға Үмбетәлі – қара дөнен,

Төреші басшыларға рақмет,

Жамбылға өкпелемей олжа берген.

Жамбылдың сүйсінді де ерлігіне,

Сый-құрмет тарту етті енді міне.

Жандосов, Бәрібаев үндеген жоқ,

Ойландар тарлығы ма, кеңдігі ме? –

деп ақыл айтып, қаулаған өсек сөзді қаңылтырдай жапырып еді, – деп айтып отырушы еді әкем.

1972 жылы заманымыздың алып жыршысы, ұлы жырау Жамбылдың туғанына 125 жыл толды. Сол тойға 88 жасында Кенен де қатысты. Құр келген жок, ақын өзінің жол-жоралғысымен  келді, ол былайша толғаған:

Дүниеде Жамбыл сыры жан сырымдай,

Енді мен соны айтамын жасырынбай.

Біреуге бұл өлеңім көне сарын,

Біреуге бұл өлеңім бал-шырындай.

Бір күні Жамбылды ойлап қиялдадым,

Көз ілмей төсегіме сыя алмадым.

«Кененжан» дейтін сөзі еске түсіп,

Өзімді-өзім сөгіп ұялғаным, –

деп басталатын «Жамбыл-жыр» деген дастанын алып келді.

Дастанда өмір жарастығы, дәстүр жалғастығы, Жәкеңнің өнегесі, ақындық сипаты, ұстаздық қасиеті жеткілікті жырланған. Бұл дастан бүгінде Жамбылға арналған ескерткіштердің ең биігі – бірегейі деуге де болады, – деген еді белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков.

 

Жамбыл атаның зер шапаны

 

Әкем ел аралап көп жүретін. Кейде тіпті бір айлап та, бірнеше айлап та кететін. Сондай бір ұзақ сапардан келе жатқан әкемнің алдынан шығып, бәріміз күтіп тұрмыз. Сол көрініс бүгінгідей есімде әрі көз алдымда. Атам атпен келе жатқан. Аты да аппақ, желмен желбіреген сақалы да аппақ, үстіне киген шапаны да аппақ, құдды бір ақ нұр шашқан әулие келе жатқандай әсер етті маған. Келе аттан секіріп түсіп, тұрғандардың бәрімен амандасты да, жүгіріп келе жатқан мені үстіндегі шапанын шешіп алып, орап, біраз көтеріп тұрды. Даладай кең, алтындай жарқыраған зер шапан жұрттың көзін қарыды. Атам: «Бұл шапанды маған дүйім жұрттың алдында Жамбыл үстіме жапты, батасын беріп шығарып салды», – деп, көтеріңкі көңілмен елге айтып жатты. Шапанды жұрт қолдарына алып, кезек-кезек қарап: «Кенеке, шапаныңыз құтты болсын! Жамбылдың енді жасына да жетіңіз», – десті. Әкем шапанды біраз уақыт киіп жүрді, біраз уақыт кілемнің үстінде ілініп те тұрды. Сонан соң шапанды апам сандыққа салып тастады. Арада біраз жылдар өтті. 1945 жылдың 9 мамыры – Жеңіс күнін тойлап жатырмыз. Қызыл-жасыл киінген келіншектер ішінде апам Нәсиха да бар, тым көңілді. Ол кезде жас келіншектер кимешектерінің  жақтауын түрлі-түсті жібек жіптермен немесе алтын түсті зермен кестелеп, шеттерін ұсақ ақ меруерттермен әшекейлейтін. Үл­кендер жағы зер жіптің өзімен ғана сыпайы кесте­лейтін. Осы күні басқа көрші ауылдың қыз-келін­шектерінен гөрі біздің ауылдың әйелдері ұлттық киімдерімен де, өнерлерімен де алда көрінді. Жара­сымды киімдері қуанышты шат көңілдерімен астасқан әйелдердің ішінде біздің анамыз Нәсиха тым сұлу еді.

– Нәсиха, бүгін өзінді танымай да қала жаздадым, тым әдемі болып кетіпсің. Әсіресе, мені осы ауылдың әйелдерінің кимешектері мен күндік орастары тәнті қылды, – деді атам. Қасына еркелей келген апам да: «Бұл күнді көп күттік қой, Кенен. Соғыс деген елдің еңсесін басып жіберді емес пе? Бой жазып, рахаттанып қалдық-ау, құдай ұзағынан бергей», – деді. Сол мезгілде: «Ата, мен жарысқа қатынасып, бірінші келіп бес сом алдым», – деді Көркемжан. «Ата, мен де ән айтып, сыйлыққа кітап алдым», – деймін мен. Бәріміз де зор қуаныштымыз.

– Кенен, мен саған көптен жасырып жүрген бір сырымды айтайын деп отырмын. Бірақ Жеңіс күні ренжітіп аламын ба деп зәрем жоқ, – деді апам.

– Айта бер, бүгін бәрі кешірімді, – деді атам.

– Осыдан бір-екі ай бұрын сандықты ашып, ішіндегі киімдерді күнге жайып, әр нәрсе ойыма түсіп, мұңайыңқырап отыр едім, мені көріп қасыма көрші, абысын-ажындарым, келіндерім жиналып қалды.

– Жеңеше-ау, сандықтың аузы ашылды, ішінен жібек шашылды деуші ме еді, қалай еді, мынауыңыз жақсылықтың нышаны болғай. Түу, мына бір шапан­ның әдемісін-ай, – деді Рахила абысыным.

– Ол Жамбыл атамыздың Кененге сыйлаған зер шапаны, соғыс басталғалы иығына бір де ілген жоқ, – дедім.

– Радиодан да айтып, газетке де жазып жатыр ғой, Жеңіс күні жақын көрінеді, біздің әскерлер немістерді өз жеріне қарай қуып бара жатыр екен. Амандық болса, Жәкем бұл шапанды жауды жеңген күні тойда киіп, ән салады, – деді Сақыпбала келінім.

– Аузыңа май, Сақыпбала шырағым. Ондай күн туар болса Кенен киер киім табылар. Одан да сол тойда өзіміз не киіп шығамыз, соны да ойлайық, – деймін.

– Құрысын қу соғыс, жүдеп біттік, жалғыз көйлекті түнде жуып, күндіз киетін халге де жеттік, – деп мұңайды құрбым Күләнда.

Қой, бұлардың көңілін бір көтерейін деп ойладым да:

– Әй, қатындар, бүйтіп қайғылана бермейік. Мына Сақыпбаланың айтқанының жаны бар. Елдің бәрі де Жеңіс күні жақын деп жатыр ғой. Бәріміз де бар көйлектерімізді жөндеп, басымызға кимешек тігелік, оны мына шапанның зерлерінен суырып-суырып алып кестелейік, қалғанынан қыз-келіндерге орамал жасап, кеудеше тігелік. Сөйтіп, біз де тойда жарқырап шығалық. Ал енді шай қойыңдар, бауырсақ пісірелік, біраз көңіл көтерелік, бүйтіп басымыз қосылуды көптен ұмыттық қой өзі, – дедім. Бәрі де соғыс бүгін аяқталғандай-ақ қуанып кетті. Түннің бір уағына дейін ән айтып, әзілдесіп, бәрін ұмытқандай болдық. Сол бастамамыз жақсылықтың алды болыпты, көп кешікпей-ақ Жеңіске де жеттік. Бір сенің шапанды жарқыратып киіп шыққаныңнан не шығатын еді? Оның орнына қаншама адамдардың көңілін ауладым. Көрдің ғой біздің ауылдың әйелдерінің түрлерін, – деді апам.

– Е-е-е, Жәкең берген шапанды құрттым десеңші, – деп атам біраз ойланып отырды да, – дұрыс істеген екенсің, Нәсиха, бірдің жарқыра­ғанынан жүздің көңіліне қуаныш ұялатқаныңа ризамын, – деді әкем.

Сөйтіп, ұлы Жамбыл бабамыздың әкем Кененге сыйлаған шапанының зер жібі біздің ауылдың әйел­дерінің бойында теберік болып кете барды. Апамның сол зер жіптен тігілген кимешегінің бірі, сарғайып, тозып кетсе де менде әлі күнге дейін сақтаулы. Алты жасымда Жамбыл бабамның шапанына орап алған мені осы уақытқа шейін Жамбыл мен Кененнің рухтары қолдап, қоршап жүргендей сезінемін өзімді.

 

Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ,

ҚР-ның мәдениет қайраткері,

ардагер ұстаз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *