Жалғызілікті қарттар мен жетім балалар бір шаңырақ астында өмір сүрсін

Қазіргі таңда тастанды балалардың саны күннен-күнге артып келеді. Өкінішті!..

Қазақстанда ең алғашқы балалар үйі 1918 жылы ашылыпты. Бүгінде респуб­ликамызда жүз елуден астам жетімдер үйі бар екен. Жыл сайын қазағымның қара домалақ ұлдары мен қаракөз қыздары шетелдік азаматтардың қамқорлық­тарына ие болуда. ҚР Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек,1999–2014 жылдар аралығында 8169 сәбиді шетелдіктер  асырап алған. Соңғы он жылда қазақ­стандық жетім балалар әлемнің отызға жуық еліне әкетілген. Меніңше, балалар үйіндегі әрбір жетім баланың арманы – «тезірек ата-анам жылы үйге алып кетсе екен». Бұл балаларға махаббат, аялы алақан жетіспейді. Тәрбиелеу­шілері оларға барынша көңілдерін бөліп жатса да аз. Ананың ыстық алақанына ештеңе де тең келмейді. Ал осы аялы алақанды сезбей, ананың ақ сүтін ембеген баладан қандай мейірімділікті, ізгілікті күтеміз?!

Қазіргі таңда көп елде жал­ғызілікті қарттар мен жетім балаларды бір үйдің астында тұрғызатын үрдіс пайда болды. Ғалымдардың айтуы бойынша, ең бірінші, бұл үлкен кісілердің денсаулығы үшін өте пайдалы екен. Яғни аталарымыз бен апаларымыз жалғыздық сезімінен айыры­лады, өз-өздерін жақсырақ сезініп, өмірге деген құштарлық­тары артады. Бұндай үйлерде үлкен-кіші бірге билеп, ән айтып, қалаған істерімен айналыса алады. Ата-әжелеріміз балаларға өмірде бол­ған оқиғаларын айтып, тәжірибелерімен бөлі­седі. Сөйтіп, қарттар өздерінің біреуге керек екендіктерін түсінеді, ал балалар ата-ана­дан ала алмаған жылулықты, махаббат­ты, сүйіспеншілікті осы кісілерден алады.

Ең бірінші осындай эксперимент 2015 жылы АҚШ-та жүргізілген болатын. Барлығы олар ойлағаннан да гөрі жақсы шыққан деседі. Бұндай тәжірибе Канада мен Жапонияда да жоғары бағаланған.

Әлеуметтік желілерде балалар мен қарттар үйін біріктіру керек  деген пікірлер көбейіп жатыр. Бұл пікірлерге мен де қосыламын. Қазақстанда да осындай әлеуметтік, яғни жалғызілікті қарттар мен ешкімі жоқ жетім балалардың бірге өмір сүретін, бір-бірінің қуанышын бірге бөлісетіндей жағдай жасалса екен деген ұсынысым бар.

 

Ақбота ҚОЖАЕВА,

«Тұран» университетінің 2-курс студенті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *