ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің кестесін жасап, алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі керектігін қадап айтты…

 Тіл – адамзат қоғамын құру үшін халық­қа берілген маңызды құрал. Оны өзге де механизмдер секілді қоғамның дамуы үшін үнемі жетілдіріп, жаңғыртып отыру қажет.

Бүгінгі күнде қоғамда кеңінен талқы­ланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі. Себебі, жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақ­тастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғам­дық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеу­меттік психологиясына әсер етеді.

Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт, т.б. қатысты жазбаша ақпа­раттың барлығы дерлік латын графи­касымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңа­лықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білдіреді. Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылады. Біздің елде ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық», – деген болатын. Бұл – ХХ ғасырдың басын­дағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір ХХІ ғасыр — жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қолдана­тын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ.

Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданы­латы­ны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атау­лары, математика, физика, химия форму­лалары, көптеген терминдер, маман­дықтар­ға қатысты ғылыми әдебиеттер, т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолда­натын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әр түрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші, т.б.), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңба­сымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткі­зіп отыр. Жазуға қойылатын басты талап лингвис­ти­калық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет, т.б.) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрған­да әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпші­лігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс деп білеміз.

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тари­хындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалды­ратын байлығымыз. Қазіргі орфогра­фиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтер­мегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебие­тін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкін­дігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиі­міз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта ала­тындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз!

 

Күміскүл ТӨЛЕТАЕВА,

№110 мектеп-гимназиясы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *