ЖАҚСЫ НИЕТ ЖАРЫСЫ

Алматыда алғаш рет бата беру сайысы өтті

 Нұрлан СҮЙІН

16

Алатау ауданындағы Бекет ата мешітінде өткен «Бата жарысының» бастамашысы – аудандық ардагерлер кеңесінің «Шаңырақ-1» ықшамауданындағы бөлімшесі екен. Бөлімше жетекшісі – Несіпхан Батырханова апай. Қазақ халқына ғана тән, рухани дүние – бата беруден сайыс ұйымдастыру бастамасына аудандық «Бекет ата» мешіті мен «Шаңырақ-1» өзін-өзі басқару комитеті жан-жақты қолдау көрсеткен.

Алатауда батагөй ақсақалдар көп екен

Бата – біздің халықтың ғұрып-дәстүріне тән дүние. Ақ ниетпен жақсы тілек білдіру. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазақтың бар ісі де батасыз басталмаған. Ғасырлардан жеткен асыл қазына, бата қай істің де бастауы болғаны белгілі. Жауға шапса да, жолға шықса да, шаңырақ көтеріп, егін сепсе де аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдардан бата сұраған біздің халық. Бата беру қазақ қазақ болғалы бері қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халық ауыз әдебиетінде орын алғаны белгілі. Қара сөзден қыл айырған бабалар әр батасын өлеңдетіп, өрнектеп орнына жеткізіп берген. Осынау қасиетті де дәстүрлі дүниенің бүгінгі жайына алаңдаған Несіпхан апа «Бата жарысын» өткізуді ойға алыпты.

– «Шаңырақ-1» ықшамауданында ардагерлердің мәселесімен айналысқандықтан жиын-той, ресми іс-шараларға көп барамыз. Осындай орындарда бір байқалғаны, кейде үлкендерімізден бата сұрағанда кібіртіктеп қалады. Немесе бұрынғы дуалы сөздің ізі емес, саясат араласқан басқа әңгіме айтылады. Кейде ер-азамат, ақсақалдар тұрған жерде амалсыздан апа-әжелер бата беретін кезіміз болады. Осыдан соң ойға бата беру сайысын өткізу келді. Бүгінде жиі өтіп тұратын Құранды жатқа айту, өлең оқу жарыстарына үйреніп те қалдық қой. Енді дәстүрімізді жаңғыртып, тәрбиелік мәні зор бата беруден ақсақалдар арасында неге сайыс ұйымдастырмасқа деп ойладық. Біздің бастамамызды ауданның «Бекет ата» мешітінің бас имамы Орынбасар қажы бірінші болып қолдады. Аудандық ардагерлер кеңесі, «Шаңырақ-1» өзін-өзі басқару комитеті де қолдау көрсетті, – дейді жақсы істің бастамашысы Несіпхан Батырханова апай.

Алғаш рет ұйымдастырылып отырса да әдемі іс-шараға жиналғандар көп болды. Ауыл ақсақалдарына хабар таратқан ардагерлер ұйымы мен аудандық мешіттің іс-шарасына жиырмаға жуық ақсақал қатысып, бата беру сайысында бақ сынады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберген Қабдолдин бастаған қазылар алқасына аудан ардагері С.Таубалды, «Шаңырақ-1» өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Х.Байеділовтер кірді. Сайысқа көпшілікке арналған діни бата, жолсапар батасы, той батасы, көші-қон батасы, дастархан батасы, т.б. тақырыптар ұсынылыпты. Алғаш рет ұйымдастырылған іс-шараға ақсақалдар да әртүрлі дайындықпен келіпті. Арасында дайындағанын ұмытып қалып, бата орнына терме, жыр айтқандар да кездесіп жатты. Бұл енді бұрын-соңды бата жарысының болмағанынан деп түсіндік біз. Сайыс болған соң жүлделі орындар белгіленіпті. Алқалы қауымды жиған алғашқы «Бата жарысының»  жеңімпаз-жүлдегерлері болып, 1-орын Өмірбек Өтебаев, Тегісжан Жазитов ақсақалдар, ІІ орын – Қажыкен Шәкіртбай, Тұрғанбек Қасымов, ІІІ орын – Таласбай Балтабаев, Ілияс Жанбосынов ақсақалдар танылды.

Мақтау қағазы, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылардың барлығына да жүлде таратылды. «Электронды жайнамаз», т.б. бағалы жүлделерді тағайындап, демеушілік жасаған «Бекет ата» мешіті.

 

Игілікті іс-шара иманды ортада өтті

«Бекет ата» мешіті – Алатау ауданының Орталық мешіті, Орынбасар қажы – ауданның бас имамы. Аудандағы иманды іс, игі-шаралардың басы-қасында жүретін Орынбасар қажыны аудан халқы ерекше сыйлайды екен. «Имам келгелі мешітіміздің іші-сырты жөнге келіп, көбіміз иманға ұйып, құбылаға бет түзедік» дейді аудан тұрғындары. Расында да Алатау ауданында атқарылып жатқан сауапты істер көп екен және соның басы-қасында аудандық мешіт жүр. Алғашқы рет ұйымдастырылған «Бата жарысын» да мешітте өткізуді ұсынып, сайыс соңына дастархан жайып, жүлде тағайындаған да Бекет ата мешіті. Бірінші рет әрі иман үйінде өткізілген сауапты да дәстүрлі іс-шара жалғасын табу керек деп отыр «Бекет ата» мешітінің өкілдері.

 

Орынбасар қажы ОРЫНБАЙҰЛЫ,

Алатау ауданы «Бекет ата» мешітінің бас имамы:

– Алатау ауданында 10 мешіт бар. «Бекет ата» ауданның орталық мешіті болып есептеледі. Сол себепті де «Бекет ата» мешітінде ауданда өтетін иманды іс-шаралардың дені өткізіліп, намазға жиналғандар көп болады. Насихат, уағыз жұмыстарының дені де орталық мешіттен бастау алады. Әлеуметті иманға бұруда атқарылып жатқан шаралар баршылық. Дұрыс жолға, шын иманға бастайтын әдебиеттер мен ақпарат құралдарын да пайдаланамыз. Бұл мәселеде  Қазақстан Діни басқармасының бекітуімен жарық көрген басылымдар біздің негізгі құралдарымыз. Осы тұрғыда қалалық басылым – «Алматы ақшамы» газетін айтып кету ләзім. Біздің білуімізше, «Алматы ақшамы» аптасына бір рет шығатын «Қала және иман» қосымшасы бар бірден-бір газет.

Ардагер журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы жауапты «Иман» бетін шығару арқылы редакция сауапты іс атқарып отыр. Біз де өз тарапымыздан қалалық газеттің таралымына атсалысуымыз қажет деп ойлаймын.

Бүгінгі іс-шараға келсек, ардагер­лердің ұйымдастыруындағы «Бата жарысына» жан-жақты қолдау көрсетуді жөн санадық. Қазақ халқы – салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілікті иманмен сабақтастыра білген бірден-бір ұлт. Ғасырдан-ғасырға жалғасқан бата беру дәстүрі де имандылықпен астасып жатыр. Қазақ салт-дәстүрінің де, иманның да мақсаты ортақ. Ол – ұрпақ тәрбиесі, халық болашағы. Маңызы зор, бата беру сайысы жалғасын табу керек, дәстүрлі іс-шараға айналуы қажет деген ниет бар.

«Бекет ата» мешіті «Бата жарысын» Наурыз мерекесіне орайластырып, басқа да ұлттық салт-дәстүр, құн­дылықтармен байланыстыра ұйымдастыруды ұсынып отырмыз. Жүлделері де салмақты болмақ. Бас жүлде – «Умра қажылық», басқа жүлделер Қазақстанның тарихи-қасиетті жерлеріне, Астанаға бірнеше күндік саяхат қылып тағайындасақ деген ой бар. Алғашқы болып Алматының Алатау ауданында өткен «Бата жарысы» басқаларға да үлгі болуы тиіс.

Қазақта «Болар істің басына, жақсы келер қасына» деген бар. Тәрбиелік мәні зор, игілікті іс «Бата жарысының» басы-қасынан аудан имамы табылып, «Бекет ата» мешітінде өткені қуантады. «Шаңырақ-1» өзін-өзі басқару комитетінің, аудан халқының қолдауы да игілікті іс-шараның өз дәрежесінде өтуіне әсер етті. Жалғасын табар жақсы іс Алатау ауданынан бастау алды. «Бата беру» сайысы басқа жаққа да тарайды деген үміт басым.

 

Құдайберген ҚАБДОЛДИН,

Алатау аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ардақты іс-шара Алатаудан басталып отыр

Аудандық ардагерлер кеңесі Алматыдағы ауқымды іс-шаралардың барлығынан да қалыс қалмайды. Алатаудың ардагерлері, аудандық Халық театры республикалық деңгейде жеңімпаз болып жүр. Ардагерлер ұйымшыл, ауызбіршілікте және өте белсенді. Бүгін де аудан ардагерлері сауапты іс-шараның бастамашысы болып отыр. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, тынымсыз жан Несіпхан Батыр­ханованың белсенділігін айрықша айтып кету керек. Осы ардагер апаларыңыздың арқасында «Бата жарысы» Алатаудан басталып отыр. Әдемі іс-шара жалғасын табуы керек.

 

Халел БАЙЕДІЛОВ,

«Шаңырақ-1» өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы:

Бата беру дәстүрі жандана түседі

«Бата беру сайысының» алғаш болып Алатау ауданының «Шаңырақ» ықшамауданынан бастау алғаны қуантады. Қазаққа ғана тән бата беру дәстүрі осындай іс-шараларда жандана, жаңғыра түседі деп ойлаймын. Жалпы, бата беру – біздің халықтың имандылықпен сабақтасқан асыл қасиеттерінің бірі. Сол себепті де өзін-өзі басқару комитеті, «Бекет ата» мешіті тарапынан жан-жақты қолдауға ие болып отыр. Алдағы уақытта «Бата жарысын» кең көлемде өткізіп, игілікті іс-шараның насихатталуын қолға аламыз. Бірақ, «Бата жарысын» діни ұғыммен шатастырмау керек. Бата беру біздің халыққа тән, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті дәстүр. Батаны аузы дуалы ақсақалдар, көпті көрген, көп жасаған кісілер ғана беретін болған. Бата беруде билік немесе байлық жүрмейді. Батаның орнының ерекшелігі де осында деп ойлаймын. Сондықтан да, алдағы болатын бата беру сайыстарында аталық жасқа жеткендерді ғана қатыстырған дұрыс деп есептеймін.

 

Дастарханға бата

Бақыт қонсын басыңа,

Береке берсін асыңа.

Таң мезгілі болғанда,

Қырғауылдай қорғалап.

Бөденедей жорғалап,

Қызыр келсін қасыңа.

 

Денсаулығың зор болсын,

Дастарханың мол болсын.

Қайда барсаң алдыңда,

Жарқыраған жол болсын!

 

Атың тұлпар, құсың сұңқар болсын,

Желің биелі, көшің түйелі болсын.

Ісің жүйелі, басың киелі болсын,

Қызың қияға, ұлың ұяға қонсын.

 

Айтса қарғыс, тисе көз, дарымасын, өтпесін,

Қастық ойласа дұшпаның, дегеніне жетпесін.

Құдайдың берген нәсібесі тепкілесе кетпесін.

Әумин!

 

* * *

 

Бисмиллаһир рахманир-рахим,

Иа, құдайым оңдасын.

Аман болсын мал басың,

Еш жамандық болмасын.

Қызыр болсын жолдасың!

Өсе берсін жан басың,

Көбейе берсін мал басың.

Тілектерің қабыл боп,

Бергенінен Алла жазбасын.

Аллаһу акбар! 

Тұрғанбек қажы ҚОСЫМОВ.

 

 

* * *

Босағаң, екі балам, берік болсын!

Бір құдай өздеріңе серік болсын!

Келгенде, жора жолдас, туған туыс

Төріңде көз тартатын көрік болсын!

 

Ұрпағың бәрі бірдей төре болсын!

Жайылған құрт-ірімшік сөре болсын!

Қазаныңда май қайнап ертелі-кеш,

Бақ пен байлық отауға бірге қонсын!

Әумин!

Бейсен АХАНОВ.

 

 

Жас отауға бата

 

Құтты болсын ақ отау,

Ел көңіліне жағатын.

Түзу ұшып түтіні,

Оты маздап жанатын.

Жақсы болсын жас келін,

Қыздар үлгі алатын.

Ғылымды болсын екеуі,

Елге өрнек салатын.

Ата-енені күтімдеп,

Жақсы сыйлап бағатын.

Ерте тұрып ерінбей,

Үй жылытып от жағатын.

Көршімен жақсы шығысып,

Алыс беріс алатын.

Ынтымақтасып екеуі,

Жандарын жақсы бағатын.

Әумин!

Әбдіқадыр қажы ҚҰРМАНОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *