ЖАҢАША ЖАРҚЫРАЙТЫН ЖЫЛ БОЛАДЫ

Алматыны жарықтандыру жобасы жүзеге асып жатыр

Нұрлан СҮЙІН

30Өткен ғасырдың 70-80-жылдары, Алматы астана болып тұрған кездері қаланың ауасы да, аурасы да керемет болатын. Шын мәнінде, «Арман қала, көк-жасыл орман қала» еді. Әсіресе, талай ән-жырға тақырып болған «Түнгі Алматы» тамаша болатын. Алматыда оқитын студенттер де, аста­наға келген қонақтар да шам­дары жарқыраған кешкі Ал­матыда міндетті түрде суретке түсетін. Сол жылдарда Алма­тыда болған әрбір адамның үйінде бұрышында «Вечерняя Алма-Ата» деген жазуы бар сурет сақталған десек, қате­леспеспіз.

Алматы басшылығы бүгінде «Ар­ман қала – Алматының» көп айты­латын осындай ерекшеліктерін заманауи тұрғыда қайта жаңғыртуды қолға алған. Сол жобалардың бірі – алып шаһардың бүгінгі келбетін қа­лыптастырып, жарықтандыру. Өткен жылдан қолға алынған «жарық­тандыру жобасы» бойынша қаланың бірнеше ғимараты көркем шырақ шамдармен безендіріліп, көше жа­рықтарын диодты шамдарға ауыстыру қолға алынды. 31 желтоқсан күні Алматы әкімдігі ғимараты ерекше жарқырады. Жаңа жылдың алғашқы айында осындай шырақшамдар Рес­публика алаңын­дағы төрт ғимаратта да пайда болады. Жаңашыл жобада энергоүнемдеуші технологиялар қол­данылады. Бұл жарықтандыру шығы­нын кәдімгідей азайтады. Мысалы, бір ғимаратты жарықтандыру орта есеп­пен айына 50 мың теңге болады дейді мамандар. Жоба «Алматының тарихи-мәдени және заманауи ғимараттарын көркем жарықтандыру» концепциясы ая­сында, бюджеттен тыс қаржы­лан­дырылады.

Жаңа, 2016 жылы М.Әуезов атын­дағы академиялық театр, Мем­лекеттік цирк, Жазушылар одағы ғимараты, Ә.Қастеев музейі, «Нұрлы Тау» бизнес орталығы, т.б. ғимараттар көркем шырақ шамдармен безен­діріліп, жа­ңаша жарқырайтын бола­ды. Сонымен қатар, Алматы әкімдігі шаһардағы айтулы нысандарды да көркем жа­рықпен безендіруді жос­парлап отыр.

Атақты «Көктөбе» мұнарасының жарықтарын қайта құрылымдау қолға алынды. Мұнара мамыр айында бірыңғай LED-мониторға айналуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, мешін жылы «Арман қала – Алматының» жаңаша жарқыраған жылы болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close