Жаңарып жатыр Алматым!..

 

 

 Есінеп ерке барысы…

 

Алматымен қоса тұтас еліміздің сим­волына айналған барыс қаза­қы түсінікте киелі саналады. Әлем бойын­ша небары 7 мыңдай ғана басы сақ­талған барыстың Алатау бөктерін­дегі саны 100 шақты ғана. Әрі барыс Қазақстан заңымен ерекше қорғалады.

Әлбетте, біз ерке барысты зообақ­тан ғана көре аламыз. Зообақтағы ба­рыс­пен жабайы табиғаттағы барыстың айырмасының қандай екенін біз білмесек те мамандар жақсы біледі. Сондай-ақ, Алматыда саны күрт аза­йып кеткен осы тіршілік иесін қолда өсіріп, көбейту ісі қолға алынды.

Қазақстан әлемдегі барыс тіршілік ететін 12 елдің бірі. Бұған дейін мем­лекет тарапынан сирек кездесетін бұл аңды қолдан өсірудің бағдарла­масы қолға алынған жоқ еді. Биыл  осы шаруа басталғалы тұр. Алматы зооба­ғының директоры Ержан Еркінбаев­тың айтуынша, құрамына ғалымдар, Зоология институтының ғалымдары мен мамандары кіретін арнайы жұмыс тобы құрылып, қар барысын қолда өсіру бағдарламасы қолға алынбақ.

Осы мақсатпен ондаған гектар алқап­ты алып жатқан арнайы қорық құрылатыны белгілі болды. Оған  қоса қорыққа қар барысының табиғи жағ­дайдағы тіршілік амалдарын жетілдіру мақсатында оның азығына айналуға тиіс еліктер мен бұғылар да жіберіл­мек.

 

Қазақ базарындағы «Өзбекстан»

 

Соңғы кезде қазақ-өзбек қатынас­тарының жаңа деңгейге көтеріл­гені белгілі. Әсіресе, екі ел арасындағы өзара сауданың жаңа қарқынмен жүргізілу тенденциясы байқалады.

Наурыз мерекесіне қарай Алматыда өзбектің жаңа көтерме сауда базары ашылатын болды. Самарқан облыстық әкімшілігі таратқан хабарламаға қара­ғанда, Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының аймақтық басқармасы өз елдеріндегі барлық кәсіпкерлерге Алматыдан ашылуға тиіс көтерме сауда базары туралы хабарлап та үлгеріпті.

Самал» базарының бас дирек­торы Талғат Исақов жақында Ташкент және Самарқан облысының кәсіпкер­лерімен кездесіп, болашақ базардың мүм­кіндіктері туралы пікір алмасты. Алғашқы алты айдың ішінде базар әкім­шілігі өзбек кәсіпкерлерінен жалдау ақысын алмайтын болды.

Ташкенттен келген сауда қызмет­кері Дилшод Менглиевтің айтуынша, бола­шақта «Самал» өзбек базарына айналуға тиіс. Яғни Қазақстанға жеткі­зілген өзбек тауарларының бәрі еліміз бойынша осы жерден таратылатын болды.

 

Қалада қанша келімсек бар?

 

Бүгінгі Алматы Кіндік Азияның ірі қаржы орталығы саналады. Яғни мегаполистің бүгінгі мәртебесі аймақ­­тағы ең ірі шаһар саналатын Ташкент­тен де жоғары деген сөз. Әрі қалаға шеттен жұмыс іздеп келушілер де көп.

Қалалық Ішкі істер департамен­тінің көші-қон қызметінің дерегі бойынша, 450180 шет ел азаматы тір­келіпті. Оның ішінде көші-қон заңна­масын бұзған 42817 адамға әкімшілік айыппұл салынған.

Бүгінгі таңда Алматы жұртшылы­ғының шетелдік гастарбайтерлерге үркектей қарайтыны да өтірік емес. Себебі, бұған дейін олардың арасынан небір қылмыскерлер әшкереленіп, тіпті кейбіреулерінің біздің елімізде де қылмысты әрекеттер жасағаны белгілі.

Алматы бойынша жеке куәлігі жоқ 5711 шет ел азаматы қамауға алынған көрінеді. Оған қоса мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен, 2570 шетелдік ел аумағынан шығарылып, 18362 адамға әкімшілік айыппұл салын­ған, 652-сі әкімшілік тәртіппен қамауға алыныпты.

Сондай-ақ, 56 мыңнан астам еңбек мигрантының жұмысын заңдастыру шарасы жүзеге асырылған көрінеді.

 

Әділет іздеп сабылма!..

 

Қазіргі заманның айрықша игілік­терінің бірі – ғаламтор. Қазір ғаламтордың мүмкіндігін барынша кеңінен пайдалану мәселесі жан-жақты қарастырылуда.

Алдағы уақытта талап қою өтініш­тері, кепілдеме сияқты құқықтық құ­жаттарды осы ғаламтор арқылы тиісті жерге жіберу қолға алынбақ. Жақында қаламызда «Сот кабинеті» деп аталатын осы қызметті іс жүзінде пайдалануға арналған «Дөңгелек үстел» болып өтті.

Оған қоса азаматтардан 2016-2017 жылдары электронды портал арқылы түскен заңға байланысты шағымдарға талдау жасау жүргізіліп, сот орындау­шы­ларының санкция тіркеу және оны жеткізу мәселелерін жүзеге асыруда электронды порталды пайдалану жәйі талқыланды.

Аталмыш жиынға Алмалы ауданын­дағы №2 соттың төрағасы мен судья­лары, жеке сот орындаушылары, қор­ғаушылар қатысып, пікірлерін бөлісті.

«Дөңгелек үстелдің» қорытындысы бойынша, соттар, салық, әділет орган­дары, сондай-ақ жеке сот орындаушы­ла­ры арасындағы өзара байланысты же­тілдіру мәселелері де қарасты­рыл­ды.

 

«Сау қала» сәулеттене түседі

 

Таяудағы үш жылда қаламызда аса ірі медицина объектілері салынып, пайдалануға берілмек. Оның ішінде жаңа Онкология орталығы, қазақ-жа­пон диагностика орталығы, перзент­хана мен халықаралық госпиталь да бар.

Бұл туралы таяуда медицина орта­лығында болған жиында Бауыржан Байбек атап көрсетті.

Алматының Орталық Азия қала­лары ішінде алғаш болып Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының «Сау қала» тізіміне енгені белгілі. Себебі, Алма­тыда медициналық туризмді да­мы­тудың мүмкіндігі мол деп есепте­лінеді.

Тек өткен жылы ғана 2000-нан астам шетелдік азамат пен 250 мыңдай Қа­зақстанның басқа өңірлерінен келген тұр­ғындар қаламыздың меди­цина ұйымдарына жүгінген. Соның арқа­сында қала бюджеті 240 млн. теңгеден астам қаржыға молайған.

Қала басшылығы осы жайды еске­ріп, аталмыш саланы барынша өркен­детуді жоспарлап отыр.

 

Өмірзақ МҰҚАЙ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *