ЖҮРЕКШІ

«Әкем «көптің алғысын ал, қарғысына қалма» деуші еді…

Н.НАЗАРБАЕВ:

«Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн».

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»

бағдарламалық мақаласынан.

img_0502

Алматы қалалық кардиология орта­лығының директоры, Елбасы­ның «Қа­зақ­станның жүз жаңа есімі» жобасы бойынша халық таңдауына іліккен Алмат Тұрыс­бекұлы Қодас­баевтың шара­патын көрген жұрт оны осылай атайды. Ақын Әбдірах­ман Асылбектің Алматқа арнап жазған жыр жолдары да «Жүрекші» деп аталады.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

«Тау баласы тауға қарап өседі» деген емес пе, Жоңғар Алатауының көрікті сілемі — Асы тауының баурайында өскен бала Алмат арманшыл болды. Бартоғайдың бүйірін ала ағатын Асы-Саға өзенін бойлай ойнайтын оның ойы алып кеменің желкенімен әлемді шарласа, бала Алмат үшін ең биік көрінетін Асының асуынан биік ұшатын ұшақтарды көргенде, оның ұшқыш болғысы келіп кететін. Қолына түскен қағаз, шыбықты самолет жасап алып, ой-қиялымен өз қолымен жасаған ұшағымен көк жүзін шарлайтын. Оған сонау зеңгір көкте самғап жүрген ұшқыштан мықты, одан батыл, батыр адам мына әлемде жоқтай көрінетін. Асықпай ағып жатқан өзеннің де құпиясын білгісі келетін. Ағыны сабырлы болып көрінгенмен, Асы-Саға өзенінің де өзіндік мінезі бар-тын. Неге екенін қайдам, сыныптағы ең алдыңғы партада отыра­тын Алматқа орыс тілінен сабақ беретін Мәнсия апайы «Саған ұшқыш, әскери адам болған жарасады, сол үшін орыс тілін жақсылап оқы» дейтін. «Ана балаға сыншы» дегендей, ұстаз да оқушысына сын көзбен қарап, оның болашағын болжап жүретінін Алмат сол кезде-ақ түсінген. Мектепте көркемсөз оқып, мәдени шаралардың жүргізушісі болып жүретін, оқу озаты, күрестен республика чемпионы Алматқа тек Мәнсия апайы ғана емес, оған дәріс беретін мұғалімдерінің барлығы үлкен үміт артатын. Ұстаздарының бұл үміті бала болса да Алматқа үлкен жауапкершілік жүктейтін.

Ұстаздары айтқан биіктен көрінуге бар болмысымен тырысатын. Бірақ «бала тоғыз түрле­неді» демейтін бе еді, жоғары сыныпқа барғанда Алматты анатомия, биология пәндері қатты қызық­тырады. Ол осы пәндер бойынша түрлі тәжірибе жасап, жаз болса Асы жайлауының қойнауын кезіп, тау гүлдері мен шөптерін іздеп, олардың қасиеттерін зерттеп, өзінше іс-тәжірибе жасап көретін. Ештай ағасын өте жақсы көретін. Басы ауырып, балтыры сыздай қалған ауылдың ғана емес, көрші ауылдың адамдары келіп Ештай ағаға тексерілетін. Шаршамайтын еді ол кісі. Алдына келген адамдардың барлығы ол кісіге алғысын айтып, оның ғұмырлы болуын, бала-шағасының амандығын тілеп жататын. Осынша алғыс айтып, тілеуін тілеп жатса дәрігерден құрметті адам жоқ шығар деп ойлайтын. Мәнсия апайының «бой десе бойың бар, құдайға шүкір, мықты спортшысың, сен ұшқыш болуға лайықтысың, бұл салада қазақтың саны аз» деген сөзді санасына әбден сіңіріп тастағандықтан ба, техника, спорт саласында қазақтың үлесінің аздығы да ойлантатын. Тіпті, сыныптастарының оқуға деген қабілеттеріне қарап, оларға инженер, архитек­тор, технолог, геолог, ұшқыш мамандығын игеру жөніндегі ұсынысын айтып, оларды мектеп бітірген соң осы оқу орындарына баруға үгіттейтін.

img_0561

Ештай аға секілді ауыл фельдшері болғым келеді

Ал өзі Мәскеудегі Авиация институтына түссем деп арман ететін. Бірақ Алматтың бұл ойын көкпарда ат сүйреп кеткен баланы ажал аузынан аман қалған сол баяғы Ештай ағасының жанкешті еңбегі біржола өзгертіп жіберген еді. Баланың ауыр халін көрген ауыл тұрғындары оның тірі қалатындығына сенбей, ата-анасына аяушылық білдіріп, ауыл болып сол ұлдың тілеуін тілеген-ді. Ештай аға облыстан дәрігер­лер шақыртып, олардың тікұшақпен шұғыл ұшып келіп, ауылдың аядай медпунктінде күрделі ота жаса­ғандары, одан соң тікұшақпен оны Алматы қаласын­дағы ауруханаға жатқызуға алып кеткендері, араға екі ай салып, құрдастарының қайта қатарларына қосы­луы Алматтың дәрігерлік мамандыққа деген құрметі мен құштарлығын одан ары арттыра түсті. Мектеп бітіретін жылы «Кім болам?» деген тақырыпта жаз­ған шығарма­сына «Ештай аға секілді ауыл фельдшері болғым келеді» деп тақырып қойған болатын. Сол арманы мен Ештай ағасына деген құрметі Сағаның қайсар ұлын Алматы медицина институтына апарды.

Бірінші курстың өзінде-ақ Алмат Ештай Мәтеков ағасы сияқты мықты дәрігер дәрежесіне жеткісі келсе, жақсы оқу керектігін, бір күн сабақтан қалса адам ағзасындағы өмір сүруге маңызды мүшелердің құпиясын білуден сырт қалып қоятындығын түсінген.

Ұстаздары да бұл қағиданы жиі айтатын. Әке мен ана сөзін бұлжытпай орындап үйренген Алмат оқытушыла­рының да айтқандарын қалт жібермей орындап, сабағын өте жақсы оқыды. Ауыл баласының қағылез қасиеті оның оқуына, таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігі оқытушыларын қуанта­тын. Үшінші курстан бастап хирургия саласына ептілігі бар ол ассистент болып жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп анатомия үйірмесіне қатысып, хирургке қажетті білімі мен біліктілігін артты­руға тырысты. Ол кардиохирург болам деген шешімге үшінші курста мәйітха­наға барып, арнайы сабақ өткен кезде біржола тоқталған болатын. Ол өлген адамның денесіне бірінші рет қол тигі­зіп, оның қайтыс болуының себеп-салда­рын талдауға қатысып, өз бетінше медициналық сараптама жасады.

Осы сабақтың барысында Алматтың жүректің қызметіне деген қызығушы­лығы оянды. Дәрігерлердің нау­қасты аман алып қалу үшін оның жүре­гінің соғысын қайта қалпына келтір­генше, жанталаса әрекет етіп, сол арпа­лыстың арқасында соғысын тоқтатып бара жатқан жүректің мониторға берілетін әлсіз лүпілін көрген кездегі қуаныштарының да мәнін түсінген.

1996 жылы институтты бітіріп, қа­зіргі Өтеген батыр кентінде орна­ласқан профес­сор Сәдуақас Мұстапаев­тың клиникасын­дағы шұғыл хирургия бөлі­м­індегі алғашқы хирургтік қызметі Ал­матты шыңдай түсті. Осындағы жұмысы барысында ол жүрек және оның қан тамырларына ота жасауға қызыға бас­тады. Бұл жылдары жүрек және оның қан тамырларының бұзылы­сына отаны еліміз бойынша А.Н.Сыз­ғанов атын­дағы хирургия орталығы ғана жасайтын. Оның ендігі мақсаты – осы орталықта қыз­мет істеу болды. «Ізден­ген жетер мұ­ратқа» демекші, білімді де білікті, болашағынан үлкен үміт күтуге бола­тын адамды алыстан танитын хирур­гиялық орталықтың сол кездегі дирек­торы Жеткерген Арзықұлов хирургия саласын дамыту, оның ішінде адам ағза­сын трансплантациялау бағы­тын жетіл­діру мақсатында жас маман­дарды іріктеп жатқанын айтып, оны құшақ жая қарсы алды. Көп ұзамай-ақ Алмат Қазақ­станға кенжелеу жеткен транспланто­логияны дамытуға кіріскен орталықтың білгір мамандарымен бірге жаңа саланың қыр-сырын үйренуге кірісіп кетті.

 

Ізденген жетер мұратқа

Бүйректі алмастырып, ол бойынша бел­гілі нәтижеге жеткен орталықтың ғалым-дәрі­герлері жүректі транспланта­циялау, жол апатынан, болмаса басқа жағдайлар­дың салдарынан қайтыс болған, денсаулы­ғында кінәраты жоқ адам­ның ағзасын тірі адамға трансплан­тациялау технологиялары бойынша ізденіс үстінде екен. Жүректі алмасты­ру оңай шаруа емес, сол себепті сызға­новтықтар жүректің қызметін тоқтату себептерін, туабітті жүрек қызметінің бұзы­лу себептерін, жүрек қан тамыр­ларының қызметіне, оның жолында пайда болатын қан ұюлардың себептерін талдау бағытында жүргізген жұмыста­ры болашақ жүрекшіні ерекше қызық­тырды. Жаратқан иенің құдіре­тімен адам жаратылғанда алдымен оның жүрегінің пайда болатын­дығын, оның лүпілі арқылы болашақ нәрес­тенің дамып кел жатқандығы анықталаты­нына терең талдау жүргізген Алмат жүректің туабітті ақауларының пайда болу себептерін, оның қызметін толық­тай қайта қалпына келтіру жолдарын зерттеп, «Жүрек қақпақшалары­ның толық көлемде қызме­тін сақтау» атты тақырыпта ғылыми зерттеу­лер жүргі­зіп, осы жұмыстың негізінде Отардағы биологиялық зерттеулер орталы­ғында жасушаларды өндіре отырып, жүрек қызметін қалпына келтіру бағытында ТМД елдері арасында бірінші болып «Жүрек қақпақшаларының толық көлемде қызме­тін сақтауды» жаңа­лық ретінде енгізіп патент алған болатын. Бірақ екі мыңыншы жылдардың басын­дағы ғылымдағы алма­ғайып кезең жас ғалым­ның ғылыми дәреже алуға деген үмітін үкілей қоймады.

Кім көрінген ғылым кандидаты, ғылым докторы, тіпті, академик атанған, қырық-елу жылғы ғылыми жұмыстары­мен акаде­миктік дәрежеге жеткен Төрегелді Шарма­новтардың өзіне ака­де­­мик­пін деп айтудан ұяламын деген сөзді айтқызған ғылымның құлдырау кезеңі еді ол жылдар. Бірақ ғылыми дәрежесі бол­маса да еңбегін әділ бағалаған Жеткер­ген ағасына Алмат дән риза. Орталық­тың білгір мамандары­ның қатысуымен өткен талай күрделі ота­ларға қатысты. Өзінің де хирург ретінде жасаған ең алғашқы отасы әлі күнге дейін есінде. Алмат бірінші рет Жаңаөзен қаласынан келген Жомарт деген төрт жасар балаға ота жасаған болатын. Өте сәтті шыққан бұл ота Алматтың «жүрекші» деген марапатқа жеткізген үлкен жолындағы ең алғаш­қы соқпағы оның қолына ұста­ған қан­дауырының мығымдылығын, өмірі мен ажалға араша түсер қасиет-қабілетін таразылап берген-ді. Сол Жо­марты қазір тұңғыш баласындай жаны­на жақын. Биыл жазда Алмат оның үйлену тойына қатысып қайтты. Содан бері де қанша адамның өмірін сақтап келеді.

Жүрекшелердің арасындағы жүрек­ке ашық ота жасау, қалпақша­ның қыз­метін қалыпқа келтіру, ауто­коронарлық ота, жүрекке жасанды насос орнату, стенд қою секілді оталарды игеріп, осы саланың білгір маманы атанды. Жүрек транспланта­циясын игерсем деген мақсатқа жұмсаған төрт жылғы еңбегі де зая кеткен жоқ.

 

Орталыққа шетелдіктер де келіп ем алады

Алматы облысы, Шелек ауданы, Асы-Саға ауылының азаматы Алмат Тұрысбек­ұлы Қодасбаевтың кардиохи­рургия сала­сына төккен маңдай тері ақталып, еңбегі жанып, ол басқарып отырған Алматы қалалық Кардиохирур­гия орталығы елімізге ғана емес, алыс-жақын шет елдердегі кардиохирургия мамандарына таныла бастады. Өткен жылы 100-ге жуық алыс-жақын шет елден келгендер осы орталық­тың қыз­ме­тіне жүгінсе, биылдың өзінде осынша шет ел азаматтары өз жүректерін алма­ты­лық дәрігерлерге сеніп тапсырыпты.

Ұстазы, хирургия пәнінен дәріс берген  Төлеужан Қасенов пен Абай Жан­ғабылов айтқандай, өз ісінің білгірі атану үшін ғалым болу шарт емес екен­дігін Алматы қалалық Кардиохирургия орталығының бас дәрігері, Дүниежү­зілік кардиохирургтар ассоциациясы­ның мүшесі, алтын қанда­уыр иесі Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаев өз ісімен дә­лел­деп келеді. Ол жақында Испанияның Барселона қаласында өткен Дүниежүзі кардиохирургтердің симпозиу­мына қатысып қайтты.

Шүкір, бұл жиын Қазақстандағы кар­диологиялық қызмет көрсету мен кардио­хи­рургия саласының ешкімнен кем емес­тігіне көздерін жеткізді. Қыз­мет сапалары мен көрсеткіштері, ха­лық­қа көрсетіп жатқан жоғары техно­логиялы оталарының нәтижеле­рінің еуропалық рейстер бойынша алдыңғы төрттіктің қатарында екендік­теріне көз жеткізген Алматы қаласының кардио­хирургтері Барселонадан мерейлері өсіп қайтты. Орталық жылына 5 мың адамның жүрегіне әр түрлі деңгейде ота жасап, 15 мыңнан астам адамға жүрек қызметін жақсарту бойынша медицина­лық көмек көрсетеді. Жасалған 5 мың отаның басым бөлігі жүрекке ашық жаса­латын ауыр оталар екенін ескер­сек, орталық мамандарының қызметін ерлікке балауға болады. Жүректің қызметін тоқтатып қойып ота жасауды да Қазақстанның кардиохирургтері бірінші болып қолға алған болатын.

Бүгінде орталық қаламыздағы емдеу мекемелерінде көрсетілетін кардиоло­гиялық қызметтердің үйлестірушісі, іс-тәжірибе алмасатын үлкен орталығына айналған. Орталықтың ұйытқы болуы­мен «Қалқамандағы» №7, №4 қалалық клини­калық ауруханада жүрек-қан тамырлары сырқатына шалдыққан науқастарға шұғыл көмек көрсететін бөлімдер ашылды. Мұнда екінші дең­гейдегі кардиологиялық көмек­тер көр­сетіледі. Жедел жәрдем көлік­терінде арнайы байланыс қондырғылары орнатылған. Жедел жәрдем дәрігерлері сол құрылғы арқылы орталықтың қабылдау бөліміндегі дәрігерлерге нау­қастың жалпы жағдайы туралы ақпа­рат беріп отырады. Ал бұл өз кезегінде науқасқа жедел көмек көрсетуге мүм­кіндік береді. Жуырда өткен Қазақстан кардиологтарының құрыл­тайында Елбасы еліміздегі кардиология саласы бойынша атқарылып, жүзеге асыры­лып жатқан жоғары медициналық көмек сапасын жоғары бағалап, бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсе­тілетінін айтқан болатын. Еңбегі еленіп, Елбасының аузына іліккен кар­диохи­рургтердің қатарында Алматы қаласының жүрекші-хирургтары да бар.

 

Жұрт таңдауы

Алмат Тұрысбекұлы өз мамандығы­ның ғана жүрекшісі емес, ұлтының рухани, мәдени байлығының да жүрек­шісі. Оның ұлтына, туған жеріне, туған еліне деген сүйіспеншілігін оның әріптес­тері арасында үнемі қазақ ойшылдары­ның, шешен, билерінің дуалы сөздерін жатқа айтудан жарыс ұйымдастырып, оны қойын дәптерле­ріне жаздырып қоятындығы, орталық­тың қабырғаларына жазып ілдіріп қоюы соның дәлелі болса керек. Ұжымда өтетін Наурыз және басқа да ұлттық мерекелерде қазақ ұлтының ғана емес, орталықта қызмет істейтін өзге ұлт өкілдерінің де өз ұлтының руха­ни-мәдени құндылықтарын дәріп­теуге айрық­ша мән береді. Үш тілділік, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, рухани жаңғыру бағытында «Туған жерге туыңды тік» атты бағдарламаны қолға алып, әркім­нің өзінің туған еліне деген сүйіс­пеншілігін артты­руға ықпал етуі Алматтың өз ұжымындағы азаматтық мерейін өсіріп, мәртебесін арттыра түседі. Алматтың алда жүру­ге, жақсы азамат, жақсы адам болуға ұмты­луының да үлкен мәнісі бар. Ол анасы Ұл­бике мен Тұрысбектің тұла бойы тұң­ғышы. Қазақта тұңғыш балаға жүкте­лер жа­уапкершілік жүгі қашанда салмақты.

Шүкір, отбасының тұңғышы ретінде де соңынан ерген іні-қарындас­тарына да жақсы жағынан үлгі болып келеді. Ел сыйлайтын азамат. Үлгілі отбасы. Сүйікті жар, қамқор әке. Ұжымын бірлік пен ынтымаққа, нәти­желі еңбекке тәрбиелеп жүрген білгір де білікті басшы. Әріптестері ғана емес, ауруханада жатып ем алған нау­қастар бас дәрігердің бойындағы кішіпейілділік пен қарапайым мінезіне тәнті. Осы қасиеттері шығар, оны Асыдан асырып, елге танытып, көптің баласы атандырып жүрген. Ұлт мақтанышы болар Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасына есімін ұсынып, сол қатарда болуын қалап отырған да өзі басын ие қызмет етіп жүрген халқы. Ел жақтаған адамды көптің қол­дайтындығы ақиқат. Алматтар Тәу­елсіздік дәуірінің жаңа тұлғалары. Олай болса, дәл қазір таңдау жүріп жатқан Қазақстандағы жаңа жүз есімнің қатарынан көрінетіндігіне сенеміз. Ұлтымыздың жаңа ғасырдағы жаңа тарихы халқына еңбегін арнаған осындай азаматтардың есімдерімен толықса керек.

Біздің кейіпкеріміз Алмат Тұрыс­бек­ұлы Қодасбаевтың көп жұрт біле бермей­тін ең ерекше қасиеті ол ән салғанды жақсы көреді. Көркем сөз оқиды. Дом­бырамен сырлас. Данагөй Абайға жүгін­генді, ақындар Тұманбай мен Қадырды, Мұқағалиды, Анна Ахматованы оқыған­ды, жақсы сөз бен көркем ой иірімдерін қойын дәптерге жазып алғанды жан серігіне айналдырған. Спортпен айналыс­қанды, суда жүзгенді, биік­тіктен пара­шют­пен секіргенді, қыста аяғына коньки байлап, сырғанақ тебуді ұнатады. Бұл – адам жүрегінің лүпілі­нен оның жан сырын ұғатын жүрек тамыршысының ұстанатын салауатты қағидалары. Саламатты өмір сүре біл­ген адамның сауапты істері көп болады дейді. Өмір ұстанымымен де, жүре­гімен қалаған мамандығымен де сауап­ты іс атқарып жүрген жүрекші жігітке, еңбегің жана берсін, өзің тілеуін тілейтін қалың жұртыңның жүрегіне ақау түспесін дегіміз келеді.

Жүректі сана билейді, санада ақау болмасын, санасы таза адамның төңіре­гіне деген жүрек лүпілі де таза болады дейді Алмат. Олай болса, санамыздағы жарық сәуле мол болып, әр адамның жұдырықтай ғана жүрек лүпілі тоқтамаса игі.

 

Алматтың қойын дәптерінен:

«Жаныңда жүр жақсы адам дегенді көп айтамыз, бірақ солардың жақсы екендігін тірісінде неге айта алмаймыз».

«Кейбір адамдар басшы болу – шікірейіп жүру, төңірегіңе қату қабақпен қарау деп түсінеді. Басшы болу деген – қолбасшы болумен тең. Қол астыңдағы мыңдаған адамның тағдырына жауаптысың. Ал сен қабағыңды тарс жауып алсаң, кімге опа келтіресің».

«Әкем «көптің алғысын ал, қарғысына қалма» деуші еді. Жаратқан ие мені сол қарғыс, наладан сақтағай».

«Абай «мыңмен жалғыз алыстым» десе, бүгінгі заманда қоғам алысатын сол мыңдардың саны артып барады, неге?».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *