Жүгіріп жүріп, қоқыс жина!

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

«Сана тазармай, қала тазармайды» дегенді естіп жүрген боларсыздар. Расында, жаны бар сөз. Ойы таза емес адамның айна­ласын таза ұстағанын көрмеппін, өз басым. Меніңше, жүріс-тұрысы дұрыс, ойы таза адамның ғана айналасы таза болатындай.

Сананы, қаланы тазартуды салауатты өмір салтымен ұштастыра білсеңіз, оның өз денсаулығыңызға да, қоршаған ортаға да тигізер пайдасы орасан зор болмақ. Осы ретте әлемде бар жүйе, бүгінде көпшілікке таныс плоггинг деп аталатын спорт түрі ойға оралады. Оны фитнес-тренд деп атай­тын жұртшылық ғаламтормен тығыз байла­ныстырады. Өйткені, мағлұмат ғаламтор арқылы тарайды. Сол арқылы достары­ңызды шақырып, сіздің ісіңізді жалғасты­руға, сізге қолдау көрсетуге үндеу тастай­сыз.

Көпке түсінікті болу үшін «плоггинг дегеніміз не?» деген сауалға жауап беріп көрелік. Плоггинг дегеніміз, негізі шведтің «plocka upp – жүгіру кезінде қоқыс жинау» деген мағыналы сөзі екен. Бірақ бұл спорт түрі Скандинавия елінен бастау алған. Әлемде плоггинг деп аталатын жаңа фит­нес-тренд салауатты өмір салты мен экология қамқорлығын біріктіретін ұғым, жәй ғана жүгірмей, айналаңды тазартып жүру дегенді білдірсе керек. Бұл трендке бірнеше еуропалық елдер де қосылған.

Плоггингпен айналысу үшін не істеу керек? Жүгіруге ыңғайлы киіміңізді киіп, әдеттегідей көшеге шығасыз. Қолыңызға өзіңізбен бірге берік, көп қоқысты көтере алатын пакет немесе қап алыңыз. Жүгіріп жүріп, оған жол бойы табылған қоқысты теріп сала беріңіз. Соңында «олжа­ңызды» суретке түсіріп, басқа да адамдарды осы іске шақыру мақсатында #ploggіng хэште­гімен әлеуметтік желіге салуыңыз қажет.

Былай алып қарасаңыз, плоггинг «бір оқпен екі қоянды атуға» көмектеседі. Қарапайым жүгіру экологиялық акцияға айналады. Оған қоса, жүгірушінің калория жұмсауы артады. Себебі, ол қоқысты алуға еңкейеді немесе жартылай отырады. Дәрігерлер мен фитнес жаттықтырушылары жүгіру кезінде мұндай қозғалыстарды қайталау денсаулыққа пайдалы, әрі тез салмақ тастауға көмектесетінін айтады.

Спорттың осы бір түрі біздің елімізде де біртіндеп жанданып келеді. Әлеуметтік желілер қолданушыларының бір-бірін шақырып, бір-біріне үндеу ретінде жинаған қоқыстарын салған бірнеше суреттерін көрдік. Дегенмен, белсенді түрде емес. Егер жүгіруді әдетке айналдырған болсаңыз, спорттың осы бір түрін неге сынап көр­меске? Ол бір жағынан денсаулығы­ңызды нығайтса, екінші жағынан, ару қаламыз­дың таза қалалар қатарына қосылуына көмегін тигізер еді…

P.S. Балаларды аулада ойнатып жүріп, жерде жатқан сынған шишаның қалдық­тарын көрдім. Өзі әрең жүріп жүрген 1-1,5 жастағы балалар анау жерге құлайтын болса немесе отырып қалса, аямай осып жіберетіні анық. Денем түршігіп кетті. Дереу үйден қалта алып шығып, қолыммен теріп шықтым. Бұл ретте аула сыпыру­шыларды да кінәлай алмайсыз. Өйткені, көк шөптер арасында жатқан шиша қалдықтары зер сала барып қарамасаңыз, көзге көріне бермейді. Ішімдік бөтелке­лерінің шишасының қалың болатынын ескерсек, кірген жерін ойып алары анық. Балалардың қауіпсіздігі үшін жүгірмесек те, кешкісін серуенге шыққанда бір-бір қалта алып шығып, алаңдағы қоқыстарды теріп тұрған жөн секілді. Еңкейіп, тұрып, ары-бері қозғалыс жасап денеңізді жаттық­тырасыз, әрі балалардың алаңсыз ойнауы­на, ата-аналардың бір уайымнан арылуына, аула сыпырушысының жұмысын жеңілде­туге өз үлесіңізді қосасыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *