Зердің қадірін білетін зергер жігіт

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Халық арасындағы «Зергердің көзі өткір, қолы ұсынықты, ойы жүйрік» деген сөз тіркесі зергерлікті құрметтеуден туса керек.

Бүгін біз бұрынғы өткен қазақ шеберлерінің алтын, күміс, қоланы құю, қақтау, термелеу, кіріктіру, қырлау, соғу, бедерлеу, зерлеу сынды озық тәсілдерін меңгерген Ержан НЫҒМЕТ шебер туралы айтамыз.

Қыз-келіншек, әйел-аналардың әшекейлерін асқан шеберлікпен, үлкен талғаммен жасайтын Ержанның әрбір бұйымы ерекше. Сол әдемі әшекейлерімен жас шебер ретінде «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесіне де қатысқан ол зергерге аса қажетті қасиеттер – суретшілік, дәлдік, икем және ептілік дейді.          

Ержан – Алматы қаласында мұға­лімдер отбасында  дүниеге келген қазақтың қарапайым ғана ұлы. 26 жаста. Өнерді жан-тәнімен сүйеді. Үш баланың әкесі. Бүгінде мегаполистегі №15 мектеп-гимна­зиясында көркем еңбек және техно­логия пәнінен сабақ беріп жүр.

Ал өзінің мектептегі білімінің іргетасы Алматы қаласындағы Ы.Алтын­сарин атындағы №159 гимназияда қаланған. Онда 4-сыныпқа дейін оқып, 5-6-сыныптардағы білімін шаһардағы Б.Атыханұлы атындағы №36 лингвисти­калық мектепте жалға­ған. Бала күнінен сурет салуға,  қолөнер бұйымдарына, жал­пы сұлулық, әдемілік атаулыға жаны құмартып өсті. 2006 жылы бала Ержан  арман қуып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының мектебіне, 7-сыныпқа қабылда­нады. Сол жерде жүріп арманын нықтай, сурет өнерін тереңірек меңгере түсті. Бұл өнер ордасында 9-сыныпқа дейін оқып, одан әрі қарайғы орта білімін 2008 жылы О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолдан­балы өнер колледжінде зергерлік, металды көркемдеп өңдеу саласы  бойынша жал­ғастырды. «Таңсық­баевты» үздік нәти­жемен тәмамдаған соң, білімін тереңірек дамыту мақсатында екі жыл Чехия Рес­публикасында, дәлірек айтсақ, Прага өнер академиясында жалғастырады.

Шет елден келе салысымен, бала күндерінен арманы болып келген зергерлік шеберханасын ашып, кішігірім кәсібін бастап та кетті. Жас жігіттің алдынан ақ жол ашылып, сол  2013 жылы шаңырақ көтеріп, келер жылы ұл сүйді.

Қуанышына қуанышын, шабытына шабыт қосылған жас әкенің зергерлік жолындағы кәсібі өрге өрлеп, көптеген көрмеге және көкжиегі кең «Шебер», «Шабыт» сынды байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Содан бері елімізде ұйымдастырылып отыратын кез-келген қолөнер бәйгелерінен күні бүгінге дейін қалыс қалған емес.

Бала күнінде археолог болуды да армандаған. Жануарлар әлеміне де қатты қызығушы еді. Өсе келе қолөнерге жаны жақын екенін сезді. Өнер академиясының мектебінде оқып жүргенінде тіпті сәулетші болсам деген арманы да болыпты. Әлі де қызығады. Бүгінде ол хоббиі десе де болады. Сондықтан анда-санда ол бағытқа да мойын бұрып қоятыны бар.

***

– Зергерлікпен айналысу мен үшін тек қана бұйым жасау емес, бұл іспен айна­лысқанда ерекше күй кешемін. Айналам­дағы дүниенің бәрін ұмытып, алдымда тұрған зергерлік бұйымның өн-бойына еніп кетемін. Содан ләззат табамын.

Өнер адамы болған соң сезімтал болып келеміз. Шыны керек, қатты шабыт­танғанда қуаныштан көңілім босап кететін сәттерді де жасыра алмаймын. Жанның рахаттануы деген осы шығар.

Бұл өнерге мен кездейсоқ келген жоқпын. Арғы атамыздан берілген өнер. Нағашы апамыз ісмер болған кісі екен. Кесте тіккен. Сол ата-анадан қалған аманатқа қиянат қылмай, өз ұрпағымызға үйретіп, өзге халыққа қазақтың осы бір дәстүрлі бекзат өнерін таныстырып, заманауи үлгіде, үрдісте жасалған бұйым­дарымызбен мақтанып жүргенге не жетсін, шіркін! Дәл қазіргі таңдағы ең үлкен арманым – шет елде қазақтың қолөнер бұйымдарының көрмесін жасау. Ол күнге де жетермін деп ойлаймын, – дейді жас зергер Ержан Бегімжанұлы.

***

– Мен күні-түні отырып жасаған әшекейлерімнің сатылғанына емес, қазақ­тың оюына, бұйымына деген қызығу­шылықты, сұранысты сезініп қуанамын. Қандас­тарым қолындағы қаражатқа Ресейдің, Украина, Италияның зергерлік бұйымдарын ала салуына болады ғой. Жоқ, қаракөз бауырларымның ұлт­тық оюлармен бедер­ленген, түрлі тастар­мен көмкерілген бұйым­дарға деген қызығушылығына, соны мақтанышпен тағып жүретініне риза боламын, – деген зер­гер идеяны қайдан алады екен? Оны да білдік.

Ұлттық өнердің өрнегін қолына алған әшекей бұйымына енгізу үшін алдымен бірнеше нобай салып көреді, тарихи кітап­тарды ақтарады. Тіпті, кейде ертегі кітаптарға да көз жүгіртеді. Сөйтіп, ертегі желі­лерінен фантазияны дамытатын ақпараттар тауып алатын сәттері болады. Кез-келген әдеби шығарма, ол поэма, мейлі поэзия болсын, кезекті туын­дыларына себепкер, дәнекер болып кетіп жататын көрінеді. Табиғат аясына да жиі шығып тұрады.

– Алла Тағала бұл дүниедегі барша нәрсені ойлансын деп, соған қарап өзін танысын деп жаратты ғой. Табиғат аясына шыққанда, оның тынысынан біраз идеяны қорытып келетін де кездеріміз болады. Қазақтың кез-келген ою-өрнегін алып қарасаңыз, барлығы табиғаттан алынған. Қошқар мүйіз, түйетабан, қарлығаш, тағысын-тағы.  Қазақ деген – текті халық. Кезінде сол оюлардың өзімен-ақ көрші ауылдағы өзінің туыс-бауырларымен тілдескен, хабар алмасқан екен. Яғни кестедегі өрнектер арқылы бір-біріне хат жазып, аман-саулығын, жағдайларын сөйтіп біліскен екен. Жалпы, кез-келген зергерлік бұйымымның негізгі идеясын ұлттық ой, терең пәлсападан аламын, – дейді зергер.

Біздің кейіпкер әшекей, сәнді бұйым­дарды әйел затына көп жасайды. Себебі, олардың тарапынан сұраныс көп. Әдемілік әлемі сөзсіз әдемі шығарма туғызады.

– Зергердің бұйымдарын көркем етіп көрсететін әйел адамдар. Ер адамдардан да қызығатындары болады. Бірақ олар әйел­дер сияқты зергерлік бұйымға аса мән беріп, қызығып, қуана алмайды, – дейді Ержан.

Айтпақшы, белгілі әнші Төреғали Төрәлінің «ТТТ» деген төл төсбелгісін осы Ержан зергер жасаған. Оны әншінің өз бас­тамасымен аяқастынан жасап шыға­рыпты.

– Олар біздің жұмыстың қалай жаса­латынын, қанша уақыт кететінін біле бер­мейді ғой. Бір күні телефон соқты. «Ереке, маған осындай затты шұғыл жасау керек болып тұр. Көмегіңіз керек», – деп. Клип түсіру барысында режиссерға өзі ұсынған екен осы идеяны. Содан,  жедел керек деген соң, бауырымыздың сөзін жерге тастамайық деп екі-үш күннің ішінде сол төсбелгіні жасап тастадық. Егер оны қолдан жасасақ, біраз уақыт кетер еді. Қазір технологияның  дамыған заманы. Оның алдында да Төреғалидың анасына зергерлік бұйымдар жасағанбыз, – дейді өткенге көз жүгірткен зергер жігіт.

Өнер адамдарының көбісіне әлі жасап үлгермегенін айтып қалды. Бала күнінен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен Асылхан мен Артур Төлеповтей достары бар. Қазір ол жігіттер де ел назарында жүр. Артур Төлеповке де жеке сұранысына орай бұйымдар жасап беріпті.

 

***

Ол досқа бай жігіт. Олар әр саланың адамдары. Айтуынша, бәрі де өз маман­дықтары бойынша үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мәселен, мұғалім достары жаңар­тылған білім бағдарламасымен баланы қалай оқытсақ болады деп, түрлі курс, семинарлардан қалмайды.  Ал кәсіпкер достарымен өзі де жеке кәсіпті дамыту жолдарын іздеп, түрлі тренингтерге бірге барып тұрады. Олар бұл жағынан өте ұйымшыл.

– Менің достарым шетінен жақсы адамдар. Олардың ішінде спортшы да, саясаткер де, ұстаз да, діндары да бар, дін­нен алысы да бар. Аллаға шүкір, барлығы­мен жақсы араласамыз. Бірін төмен, бірін жоғары қою деген жоқ менде. Кез-келген адамның жақсылығын іздесең, табасың, жамандығын іздесең, оны да табасың. Ал мен тек жақсылық атаулыға жақын жүретін жанмын. Өмір болған соң, сатып кеткендер де, буынсыз жерге пышақ ұрғаны да болды. Жауың күндердің күнінде дос болып кетуі мүмкін. Мен негізі кешірімшіл адаммын, ешкімге кек сақтай алмаймын.

***

– Адам өмірінде ресми де, бейресми де ұстаз көп қой. Ойлы адамға жапырақ та ұстаз дейді. Анамнан бастап, өмірдің ақ-қарасын ажыратуға үйреткен достарым да аз емес. Бірақ нақ осы өнерге деген ықыласымды оятып, жүрегімнің түкпірінде бұйығып жатқан өнерді көре білген, осы өнерге баулып, тәрбиелеген, осы өнерді сүюді, бағалауды үйреткен – Аманқұл Ахметұлы. Ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Өмірдегі екінші әкем. Ол кісі маған үлкен сенім артатын. Көп сырласатынбыз. Ол кісі мені баласындай ғана емес, досындай көрді. Жүрегі сондай кең кісі. Нағыз ұстаз, нағыз педагог деп сол кісіні айтар едім.

Дегенмен, мен әр адамның айтқан сөзін де өзіме ұстаз ретінде қабылдаймын. Өйткені, бұл өмірде кездейсоқ нәрсе болмайды. Өмір жолымда жолыққан кез-келген адамның айтқандарынан өзіме сабақ алуға тырысамын.

***

Ол ықылас бар жерде ізденіс те болады деп санайды. Шеберлікті өз жұмысына деген махаббатпен байланыстырады. Кейде күрделі бір жұмыстарды бастағанда, қолында құрал-сайманы болмай қалса, сол құрал-сайманды ойлап тауып жіберетін шеберлігі де жоқ емес. Шеберлік бәсеке­лестікпен де шыңдала  түседі дейді. Сон­дай-ақ, ол аянбай тер төккенде ғана ұшта­лады деген пікірде.

– Бағзы дала өркениетіндегі қазақ аруларының құлағына сырға, саусағына сақина, білегіне білезік тағуы, беліне белдік буынып, шашына шолпы қадауы – олар­дың парасатының биіктігі мен эстетикалық талғамының жоғары болғанын білдіреді. Ғажап қой бұл! Сондықтан нағыз қазақи әдемі құндылықтарды сырттан іздемей-ақ, оны өзіміздің асыл мұралардан табу, оны жандандыру, қалпына келтіру, қазақтың әрбір зергерлік мұрасын ұлттық мәдениет­тану деңгейіне көтеру, зерттеу, зерделеу, оның мәнін ашудың ғылым үшін де, өмірлік тәжірибе үшін де маңызы зор болып қала бермек.

Зергерлік өнердің деңгейі қазір едәуір көтерілген. Адамдардың талғамы жоғары. Баяғыда бір оюды жапсыра салсаң, қуана-қуана алатын болса, қазір оның жасалу, тазалау техникасына, тастарына, бәріне көңіл аударып қарайды. Соған сай зергер­лер де сапалы жасауға тырысады. Базарда­ғы бұйымдардың көбісі бұрынғыға қара­ғанда түзеліп қалған. Жасаған бұйымда­рыңды базарға шығармасаң тағы болмайды. Себебі, адамдардың әлеуметтік жағдайы, мүмкіндігі әрқилы. Біреулер арнайы тапсырыс берсе, біреулер бере алмайды. Қарапайым адамдар базардан қолжетімді бағада алуды қолай көреді. Қайта қазақша оюлы білезік алғанына, соны құдасына, құдағиына, жегжат-жұратына кигізгеніне қуанасың. Бұл да бір біздің өнеріміздің, дәстүріміздің жаңғыруы деп білемін, – дейді ойы сергек, зерек зергер.

***

Жасыратыны жоқ, қазіргі заманғы зергерлік жұмыстардың көпшілігі әр түрлі техникалар көмегімен жүзеге асырылады. Сығымдап, өрнектейтін, жонғыш, сызатын, оятын құрал-саймандар, электрмен жұмыс істейтін машиналар көбейді. Соның нәти­жесінде әшекей бұйымдар топтас­тырылып шығарыла бастады. Бір-біріне ұқсас. Алайда, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ержан Нығметтің зергерлік бұйымдары өзінің төл мөрімен басылатын дара бұйымдар. Себебі, ол тапсырыс қабыл­да­ғанда, тапсырыс берушімен жеке сөйлеседі, оның бітім-болмысын зерттейді, ішкі әлеміне үңілуге тырысады. Не себепті дәл осы бұйымға тапсырыс беріп жатқанын білу мақсатында ол кісімен сұхбаттаса отырып жасайтын кездері де болады. Тіпті, кейде сол диалог құрып отырған адамының басынан өткен кейбір оқиғалардан тың идеялар туындап кетіп жатады. Зергердің өз басынан өткен жәйттер, құбылыстар, шаттанған, тіпті мұңайып қалған сәттері арқылы да жақсы шығармалары өмірге келеді. Ал сәтті дүниенің 99 пайызы еңбекпен, 1 пайызы талантпен келеді  деген пікірінен ешқашан айныған емес.

Кешегі ұлы дала өркениетінің алтын арқауын үзіп алмай, жалғап келе жатқан жас зергерге шығармашылық табыстар тілейміз.

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Жүзік – сақинадан күрделірек болады. Оның саусақ сыртына түсетін алақанына ширатылған металл сымнан, сіркелеу, лажылау, бағдарлау тәсілдерін қолдана отырып, күрделі өрнектер салу арқылы, күмбездеп, түрлі асыл тастардан көз орнатылады.

Құдағи жүзік – мұндай жүзіктерді қалыңдықтың анасы құдағиына өзінің қызына мейіріммен қарауы үшін және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартқан.

Құстұмсық жүзік – бақыттылықтың, тәуелсіздіктің, еркіндіктің белгісі. Оны бойжеткен қыздар таққан.

Отау жүзік – оны қалыңдықтың саусағына кигізген. Өйткені, ол күйеуінің ұрпағын жалғастырушы болып есептеледі.

Сақина –   жүзікке қарағанда сақинаның бауыры жалпақтау болып, көбіне бетіне тас қондырылмайды. Ертеде халқымыз ас адал болуы үшін әйелдің қолында міндетті түрде сақина не жүзік болуы керек деп санаған. Ал таза күмісте әр түрлі ауру қоздырғыш микробтарды өлтіретін қасиет бар.

Сырға – қазақта ертеректе қыз баланы «қырқынан» шығара салып, құлағының сырғалығын тары дәнімен уқалап, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын болған. Құлақтың тесігі бітеліп қалмау үшін кейінірек кішігірім күміс сырға тағатын. Ол «бүлдіршінге тіл-көз тимесін» деген тілектен туындаса керек.

Шашбау  – өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын алтын,  күміс тиындар, кейде маржан тағылған сәндік бұйым. Сол сияқты, күміс немесе алтын теңгелер, тиындар қадалған шашбауды «шолпы» деп те атаған. Бойжетіп келе жатқан қыз баланың жүрісін, қимылын жөндеу үшін қоңыраулы шолпыны қолданған. Оны таққан қыз баланың келе жатқанын естігенде, үйдегі үлкендер  қалжыңын қоя қалса, бұл дыбыс жастарды елең еткізіп,  жинақы отыруға тәрбиелеген, екінші жағынан қыз балаға деген құрметті білдіреді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *