ӘЗЕРБАЙЖАН МЕН АРМЕНИЯ ЫМЫРАЛАСА АЛА МА?

Мұндағы басты мәселе Таулы Қарабақтың тағдыры

Жуырда ЕҚЫҰ-ның (Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы) қазіргі төрағасы, Словакияның Сыртқы істер  министрі Мирослав Лайчик Ереванда Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен Таулы Қарабақ мәселесін талқылап, өзара пікір алмасты. Кездесуге өздерін өздері жариялаған, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының Сыртқы істер министрі Масис Маилян да қатынасты.  Әр тарап өздерінің ұстанымдарын алға тартты.

 Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Көпшілік білетіндей,  Таулы Қарабаққа қатысты Әзербайжан–Армения жанжалы Кеңес Одағы тарағаннан бері, яғни отыз жылға жуық шешілмей келе жатқан, әр жағында қақтығыс пен қайғы-қасіреттің табы жатқан күрделі түйін. Бұл қарама-қайшылықтың  Оңтүстік Кавказ өңіріндегі тыныштық пен тұрақтылыққа,  екі елдің қатынасы мен дамуына, мыңдаған адам­дар­дың тағдырына, тіпті мемлекеттер ара­сындағы ынтымақтастыққа аз зиян-зала­лын тигізіп отырмағаны  баршаға аян.  Сол үшін де «Қарабақ дауына» көптеген  халықаралық ұйымдар,  бүкіләлемдік қауымдастық  мазасыздық пен алаңдау­шы­­лық білдіреді.

Еске түсіре кетсек,  дау-жанжал оты  сонау 1988 жылдың 20 ақпанында  Әзер­байжан  құрамындағы ТҚАО (Таулы Қара­бақ автономиялық облысы) депутатта­рының   кезектен тыс сессияда  Әзербай­жан  КСР мен Армян КСР Жоғарғы Кеңес­терінің алдына  ТҚАО-сын  Әзербайжан құрамынан шығарып – Армения құрамына   беру туралы мәселе  көтеруінен  тұтанған. Мұндай мәселенің көтерілуін сол тұстағы КСРО  билігі  мен  Әзербайжан  басшылы­ғы  батыл айыптады. Бұған жауап ретінде  Таулы Қарабақ пен Ереванда наразылық  шерулері өтті.

1991 жылдың 2 қыркүйегінде қара­бақтық армяндар Таулы Қарабақ Рес­публи­касы құрылғанын жария етті. Ал арада екі ай өткенде, яғни қарашада Әзербайжанның Жоғарғы Кеңесі Таулы Қарабақ автономиялы облысын тарату жөнінде қаулы қабылдады. Желтоқсан айында жергілікті әзербайжандардың қарсылығына қарамастан Таулы Қарабақ­тың тәуелсіздігі туралы референдум өткі­зілді. Мұндай текетірестің ақыры Армения мен Әзербайжан  республикаларының әскери  қарулы қақтығысына – соғысуына апарып соқтырды. Қарабақ үшін болған 1992–1994 ж.ж. аралығындағы соғыстың кесірінен кейбір деректерге  қарағанда  25 мың адам опат болып, соншама  адам жараланды, төрт мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалды, жүз мыңдаған бейбіт тұрғын  баспаналарынан айырылып, бос­қын­ға айналды.

Армения әскерлері Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы  жеті ауданды басып алып, өзіне қаратты.  Соғыстың одан әрі де жалғаса беруі ықтимал еді. Бірақ та Ресей, Қырғызстан және ТМД  елдері  Пара­ламентаралық Ассамблеясының арааға­йын­дығымен, 1994 жылдың 5 мамырында Бішкекте  Әзербайжан, Армения мемле­кеттері  мен  Таулы Қарабақта тұратын әзербайжан және армян  қауымдастығы өкілдерінің  қатысуымен  8 мамырдан 9 мамырға қараған түннен бастап,  атысты тоқтату жайында  келісімге қол қойылды. Келісім 12 мамырдан күшіне енді.

1992 жылдан бері АҚШ, Ресей және Францияның тең төрағалығымен  Қарабақ  дау-жанжалын шешу жөнінде арнайы құрылған  ЕҚЫҰ-ның Минскі тобы тоқ­тау­сыз жұмыс  істеп келеді. Топтың жұмы­сына  Әзербайжан мен Арменияға қоса Беларусь, Германия, Италия, Швеция, Финляндия және Түркия елдерінің өкілдері қатынасып отырады.

Ақиқатын айту керек, осы топтың бастамасымен Армения мен Әзербайжан  басшылығының қатысуымен бірнеше рет екі жақты және үш жақты келіссөздер жүргізілді. Келіссөздердің бәрінде 2007 жылы Испания астанасында  Мадридте  тұжырымдалған қағидаттары басшылыққа алынып отырды. «Мадрид қағидаттары» деген атпен қолданысқа енген бұл құжатта  төмендегідей талаптар қамтылды:

  • Таулы Қарабақ төңірегіндегі терри­торияларды Әзербайжанның иелігіне  қайтару;
  • Таулы Қарабаққа қауіпсіздігі мен өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ететіндей уақытша мәртебе беру;
  • Армения мен Таулы Қарабақ ара­сында қатынас дәлізін ашу;
  • Заңдылық ерік негізінде болашақта Таулы Қарабақтың түбегейлі құқықтық мәртебесін айқындау;
  • Тұрғындардың ішкі жүріп-тұруы мен босқындардың тұрғылықты жерлеріне қайту құқығын қамтамасыз ету;
  • Бейбітшілік шараларын қамтитын халықаралық қауіпсіздік  кепілдігінің болуы.

Осы сияқты БҰҰ Бас Ассамблеясы 2008 жылғы 14 наурызда  39 дауыс жақтап, 7 дауыс қарсы және 100 дауыстың  қалыс қалуымен  Әзербайжан Республикасының  басып алынған  территориясынан  армян қарулы күштерін  шұғыл да тоқтаусыз және толықтай шығару  туралы қарар қабыл­дады. Бір қызығы,  Қарабақ  дауын шешуге белсенділік танытып,  ЕҚЫҰ құрған  Минскі тобына төрағалық етуші  АҚШ, Ресей және Франция «бір жақты  сипатта» деген себеппен мұндай қарардың  қабылдануына  қарсылық танытты. Соған қарамастан ол үшеуі де   Әзербайжан  территориясының  тұтастығы сақталуы тиіс деген  ұстанымнан айнымайды.

Бакудың да  басты талабы  жерінің бөл­шектенбеуі, яғни территориясының  тұтас­тығы, ол үшін  Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы  басып алынған аудан­дар  қайтарылуы тиіс. Өз кезегінде Ереван  келіс­сөзге  мойындалмаған  Таулы Қарабақ республикасының  қатыстыры­луын қалай­ды. Ал Әзербайжан, Таулы  Қарабақ  өз алдына дербес, тәуелсіз мемле­кет  болма­ғандықтан,  халықаралық заң талаптарына сәйкес оның келіссөзге үшінші тарап ретінде қатысуына қарсы.

Әрине,  Әзербайжан да, Армения да  қайшылықтың қарулы қақтығыспен-соғыспен шешілмейтініне, оның жалғыз тиімді жолы – келісім екеніне өткен отыз жылға жуық уақыт ішінде әбден көздері жеткен тәрізді. Сол үшін де  ЕҚЫҰ Минскі тобы ұйымдастыратын келіссөздерден бас тартпайды. Әзірге   түйткілді мәселені шешу жөніндегі екі жақтың  пайымы мен ұста­нымы әрқалай.

Әйтсе де,  Әзербайжан–Армения қатынасында ешқандай өзгеріс, ұмтылыс жоқ деуге әсте болмайды.

Басқасын айтпағанда, биылғы жылғы  16 қаңтарда  ЕҚЫҰ-ның Минскі тобының  қатысуымен  Әзербайжан мен Арменияның Сыртқы істер  министрлері:  Эльмар Мамедъяров пен Зограб  Мнаца­канян кездесті. Арменияда жаңа үкімет сайланғалы бері бұл екеуінің төртінші рет ұшырасуы.  Ұшырасуы барысында  екі министр де  бұқара  халықты бейбіт келі­сімге  психологиялық жағынан дайындау  бағытында нақты іс-шаралар жүргізуді мақұл көрді. Өйткені, мұндай саяси мәселелерді шешуде қоғамдық көзқарас пен пікірдің айтарлықтай шешуші ықпалы  болатыны даусыз.  Бұған қоса, ЕҚЫҰ өкілдері тарапынан  Оңтүстік Кавказда  тыныштық пен тұрақтылықты сақтау жолында сауда-экономикалық  қатынас­тар­дың да  елеулі рөл атқаратыны, осы сала­да да қадам-қаракеттер жасау керектігі   айтылды. Мәселен, Тбилисидегі  «Халық­аралық дағдарыс тобының» талдаушысы  Олеся Вартанянның пікірінше, тараптардың  келісімімен Арменияның   Баку-Тбилиси-Карс  темір жолы желісіне қосылуы  үлкен экономикалық пайда берер еді.

Дегенмен,  мынадай ілгерілеуді де айта кеткен жөн. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев  Армениядағы  «жұмсақ төңкерістің» нәтижесінде билік басына келген премьер-министр Никол Пашинян­мен Душанбеде, Санкт-Петербургте және Давоста кездесіп, пікірлескеннен кейін тоңның беті  жібіп, шекарадағы қырғиқабақ қатынас сәл бәсеңсігені байқалады.  Аталған жүздесулерде  екі  халықтың бір-біріне деген сенімін арттыру, мәселені бейбіт жолмен шешуге иландыру, қоғамды соған дайындап, көздерін жеткізу жайы сөз болды.  Осыдан кейін  Бакуде   армян жұртына қарсы  жүргізілетін  телерадио хабарлары да азайды. Сәйкесінше Ереван тарапынан да осындай қадамдар жасалып, Армения Сыртқы істер министрлігінде әзербайжан журналистерін аккредитация­лауға  рұқсат етілді.  Олар қазір жұмыс істей бастады.

Кешегі ақпан айының аяғына таман ЕҚЫҰ-ның Минскі тобының  тең төрағалары: Эндрю Шефре (АҚШ), Игорь Попов  (Ресей) және  Стефан Висконти  алды­мен Ереванға  соғып,  сонан соң Бакуге барып, екі ел басшыларымен  Қарабақ мәселесін талқылап қайтты.

Осыдан жарты айдай өтісімен 14 нау­рызда жоғарыда аталғандай, ЕҚЫҰ-ның (Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тастық ұйымы) қазіргі төрағасы, Слова­кияның Сыртқы істер  министрі Мирослав Лайчик Ереванға сапарлап келіп, Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен (мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының Сыртқы істер министрі Масис Маилянның қатысуымен)   Таулы Қарабақ мәселесін талқылап, өзара пікір алмасты. Мұнда  да  армян жағының басты талабы келіссөздерге  Таулы Қарабақ  өкілдерінің қатыстырылуы екендігі айтыл­ды. Мирослав Лайчик мұндай талаппен жұмыс істеудің қиын болатынын, ол үшін  Әзербайжан жағының келісімі керек екенін ескертті.

Кездесу кезінде мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының Сыртқы істер министрі Масис Маилян ЕҚЫҰ-ның Минскі тобының  ұстанымына қатысты қатқылдау пікір білдірді. Оның  айтуынша,  «Мадрид  қағидаты» ескірген, одан бері де бірталай уақыт өтті. Жағдай біршама өзгерді. Сондықтан   жаңаша көзқарас пен  әрекет керек. Арменияның жаңа басшы­лығы  келіссөзге Таулы Қарабақтың  қаты­суын міндетті алғышарт етіп қойып отырған жоқ, алайда онсыз  «Қарабақ мәселесі» толыққанды шешілмейтініне кәміл сенімді.

Соңғы кездері  ЕҚЫҰ-ның Минскі тобы жүргізіп жатқан  іс-шаралардан  оның  Қарабақ  дауын шешу үшін  жоғары дәрежедегі Әзербайжан–Армения саммитін  өткізуге  ұмтылып жатқаны аңғарылады.   Бұл орайда  Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Лейла Абдуллаева: «ЕҚЫҰ-ның Минскі тобының тең төрағалары тарапынан Әзербайжан президенті мен   Армения  премьер-минис­трінің кездесуін өткізу жөнінде ұсыныс  жасалды. Әзербайжан  мәнді де нәтижелі болатындай келіссөздерге әрқашан дайын» дегенді  айта  отырып,  қайшылықты шешу жолында өз елінің Әзербайжан–Армения форматында келіссөз жүргізетінін, Таулы Қарабақ болашақ мәртебесі  Әзербайжан­ның территориялық тұтастығына  нұқсан келмейтіндей  ыңғайда талқыланатынын жеткізді.

Наурыз айының 14–16 күндері  Бакуде  VІІ жаһандық  форум өткізіліп, оған  әлем­нің 70-тен астам елінен 450 делегат қаты­насты. Форумда  «Әлемнің жаңа сыртқы саясаты» тақырыбы  талқыланды. Онда сөз сөйлеген Әзербайжан президенті И.Әлиев тақырыпқа қатысты ең көкейтесті мәселе­лерге тоқтала отырып,  Қарабақ  дауына бай­ланысты  Әзербайжанның  жиырма пайыз жерін  Арменияның  басып алғанын, соның кесірінен  милионнан  астам  жер­гілікті тұрғындардың  тұрғылықты  жерле­рінен  безіп, босқынға айналғанын, этника­лық  қудалауға ұшырап  отырғанын, армян қарулы күштерінің басып алынған жер­лер­дегі тарихи ескерткіштерді аяусыз қират­қанын айтты. «Мұның бәрі ЕҚЫҰ-ның есебінде  нақты да айқын көрсетілген», – деді.

Өмірлік тарихи тәжірибе көрсетке­ніндей, дау-жанжал, соғыс пен қақтығыс ешкімге опа берген емес. Сондықтан  Әзер­бай­жан–Армения  қайшылығы  әлі де бейбіт жолмен  – келіссөздер үстелі   арқы­лы шешіледі деген үміт  бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *