«Үздік педагогті» қомақты сыйақы күтіп тұр

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Өткен аптада Алматы қаласындағы Мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім беру колледжінің педагогтары «Үздік педагог – 2020» республикалық байқауының бірінші кезеңіне онлайн режимде қатысып, бақ сынады.

Білікті кадрларды даярлау үдерісінде педагог кәсібінің мәртебесін көтеру, шығармашылық қабілеттерін анықтау, олардың кәсіптік және тұлғалық өсуін ынталандыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын аталған іріктеу байқауына білім беру жүйесінің білікті басшылары, тәжірибелі жетекшілері қазылық жасады.
Екі күн қатарынан онлайн тәртібінде өткен конкурсқа түскен 21 жұмыстың арасынан жүлдегерді анықтау әділқазылар алқасына да оңайға соқпады. Байқау ережесіне сәйкес дайындалған кілең мықты педагогтардың тәжірибесі, методикасы, жетістіктері бірінен-бірі асып түседі. Әйтсе де, байқаудың аты – байқау.


1-орынды Алматы мемлекеттік политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Н.Косерова (директор М.Омарбеков), 2-орынды Алматы туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Л.Чулакова (директор Н.Жабықбаев), 3-орынды Алматы электромеханикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Е.Ахметов (директор Б.Бозымбаев) иеленді.
Енді жеңімпаз ұстаздар конкурстың қалалық кезеңінде бақ сынайды. Қалалық кезеңде 1-орынды иеленген оқытушыға Алматының «Үздік педагогі» атағы беріледі. Сонымен қатар оған кемінде айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінде сыйақы төленеді. Қалалық конкурстың жеңімпаздары тамыз-қыркүйек айларында өтетін республикалық «Үздік педагог» атағын беру конкурсына ұсынылады. Республикалық кезеңнің сыйақысы қалалыққа қарағанда әлдеқайда қомақты. Берілетін атақ-дәрежесі де салмақты. Ендеше, Алматының жеңімпаз ұстаздары сыннан сүрінбей өтіп, алып шаһарын абыройын асқақтатады деген сенімдеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *