Өзбек Өлеңдері – қазақ тілінде

Ұлттық кітапханада «Жүз өлең» кітабының тұсаукесері өтті. Ізгі шара «Өзбекстандағы Қазақстан жылы» аясында «Тұлға-достық» қоғамдық қорының, «Әдебиет әлемі» орталығының, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің, Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының, «Жастық» жур­налы редакциясының ұйымдастыруымен өтті. Жобаның мақсаты – туысқан өзбек халқы мен қазақ халқының әдеби-мәдени байланысын тереңдету. Сонымен қатар, Жастар жылы аясында Қазақстанның жас ақындарының шығармаларын шет елге насихаттау мұратын көздейді.

Балнұр АХМЕТ

«Жүз өлең» атты жоба аясында шы­ғарылған аталған кітапта  өзбекстандық 20 жас ақынның өлеңі қазақ тіліне ауда­рылған. Сондай-ақ, осы жоба бойынша Қазақстанның жас таланттарын негіз еткен 20 ақынның өлеңі Өзбекстан Республи­касында «Жүз өлең» деген атпен өзбек тіліне аударылып, Өзбекстан Жазушылар одағы, «Жастық» журналы редакциясының қолға алуымен баспаға дайындалып жатыр.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Өзбек­стан Республикасының Қазақстандағы бас консулы А.Фатхуллаев, ақын И.Сапарбай, Б.Жақып, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессоры Т.Тебегенов, қазақстандық ақын-жазушылар, Өзбекстаннан арнайы келген ақындар – Нодир Жанузақ, Мухид­дин Абдусамад, Фахириддин Хайит, Носиржан Жураев, Журабек Жахон, Мехир­ноз Аббосова, Башорат Отажонова және студенттер қатысты.

Ізгі шараны ұйымдастыруға ұйытқы болып, кітапты құрастырған – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі Мұратхан Шоқан.

– Қазақ халқы мен өзбек халқының әдеби-мәдени байланысын нығайтуға игі ықпал ететін бұл игі шара маңыздылығы ерекше. Өзбек халқы ақын Абайды білсе, біз Науаиді білеміз. Ал екі халықтың қазіргі жас буын ақындары бір-бірін біле бермейтіні рас. Осы олқылықтың орнын толтырып, жастардың арасында жақсы қарым-қатынас орнап, кейінгі буындар да бір-бірін білсін деген мақсатпен осы игі істі қолға алдық. Руханиятты, әдебиетті, мәдениетті қолдау – бұл ең ізгі, ең мейірімді, ең ұлы адамның ісі. Біз бұл жобаны 2018 жылы қолға алдық. 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы болған еді. Ал бұл іс-шара жүзеге асқан биылғы 2019 жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы болып жатыр. Біздің бұл іс-шарамыз екі елдің әдеби-мәдени, достастық қарым-қатынасын нығайтуға септігін тигізіп жатыр деген үміттеміз. Қазақ пен өзбек халқы – туысқан халық. Өнерде шекара болмайды. Ұлт пен ұлтты, әдебиет пен мәдениетті жақындастырады. Бұл іргелі істі қолға алғынымыздың үлкен мақсаты да осы еді. Бұйырса, бұл игі ісіміз Өзбекстан Республикасында да жалғасын табатын болады. Біз өзбекстандық 20 ақынның өлеңін қазақ тіліне аударсақ, Өзбекстан Жазушылар одағы мен «Жастық» журналының редакциясы қазақстандық 20 ақынның өлеңдерін өзбек тіліне тәржімалап, кітап қылып жарыққа шығармақшы, – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі Мұратхан Шоқан.

Жиында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып өз сөзінде өзбек-қазақ әдеби байланысының жаңа бір кезеңі басталғанын атап өтті.

– Тіліміз бен діліміз бір қазақ пен өзбек халқы түркі тектес бір тамырдан таралған, құстың қос қанатындай туыс халық. Кейде шет елдерде кездесіп қалған кезде бір үйдің екі баласы сияқты қуана қауышып жатамыз. Қазақ пен өзбек халықтарының достығының тамыры тереңде жатыр. Қазақ әдебиеті мен өзбек әдебиеті өкілдерінің достығы да тереңнен тамыр тартып жатыр. Кезінде ұлы Абай бабамыз 13 жасында алғаш жазған өлеңінде шығыс шайыр­ларына сыйынған көрінеді. Хакім Абай ұлы Науаиді білген, шығармашылығымен жақын танысқан. Ерте замандардан жазба әдебиетіміздің басталған кезінен екі елдің әдеби байланыстары жалғасып келе жатыр. Қаламы қуатты жазушы Сәбит Мұқанов кезінде өзбек классигі Ғафур Ғұламмен дос болған, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болған. Тарихта кейіннен олардың жолын жалғастырып, қазақ әдебиеті мен өзбек әдебиетінің арасында алтын көпірге айналған тұлғалар болған. Солардың ішінде Насыр Фазыловты ерекше атап өтуге болады. Ол қазақ пен өзбек жазушылары туралы керемет естелік мемуарын жазған. Оны белгілі қазақ қаламгері Ханбибі Есенғараева қазақ тіліне аударып, кітап шығарды. Біз сол үзінділерді «Қазақ әдебиеті» газетіне алдағы уақытта жариялай бастаймыз. Оның ішінде қазақ пен өзбек халқының достығы туралы өте көп айтылған. Кеңестік кезеңде де қазақ-өзбек халықтарының әдеби байланысы үзілген жоқ. Тәуелсіздік кезеңінде біздің әдеби байланысымыз сәл үзіліп қалған еді. Біз биылғы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында өзбек ақындарының поэзиясының антологиясын 1 том етіп, өзбек прозасының антологиясын 1 том етіп, 2 том кітапты жарыққа шығарып, екі мемлекетте де қос кітаптың тұсаукесерін жасауды жоспарлып жүрміз. Бұл іс-шара – қазақ-өзбек әдебиеті байланысының жарқын көрінісі. Жарық көрген жаңа кітапқа әр түрлі тақырыптағы әдемі лирикалық өлеңдер жинақталған. Қазақ-өзбек әдеби байланысының жаңа бір кезеңі басталды деп ойлаймын. Енді екі елдің әдеби байланысы жалғасады. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік іс-сапармен барғанда Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылуын жариялады. Бұл шара екі елдің әдеби байланысын жандандырып, әдеби қаламгерлер қауымының байланысын өркендетуге жаңа жол ашады. Өзбек-қазақ әдебиетінің жалғасты байланысының жаңа бір кезеңінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын, – деді Қазақстан Жазу­шылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.

Басқосу барысында  Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы бас консулы Аброр Фатхуллаев, белгілі ақын Исраил Сапарбай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегенов екі елдің руханиятындағы бұл елеулі оқиға туралы жүректегі жылы лебіздерін жеткізді. Жиында бірқатар зиялы қауым өкілдері ізгі шараны ұйымдастыруға ұйытқы болып, кітапты құрастырған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры, «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі Мұратхан Шоқанға алғыстарын білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close