ЗАҢСЫЗ БАЗАРДЫҢ СОҢҒЫСЫ СҮРІЛДІ

Алматының ажарын кетірген «Барахолка» жаңаша түрленетін болады

 

4544Нұрлан СҮЙІН

«Барахолка» жырының басталғанына да екі жылдан асқан. Нарық заманының бастауында жоғыңды тауып, кемтігіңді толтыруға арналған «Барахолка» бара-бара заңсыз сауда мен ұрлық-қарлықтың ордасына айналғаны рас. Мегаполистің батысы мен солтүстік-шығысын жалғайтын күрежол (Солтүстік айналма) да көлік кептелісі сағаттап созылатын өте алмас өткелге айналды.

Үлкендігі, ақша айналымы жағынан Орталық Азияда екінші орынға шыққан «Барахолка» заманауи да заңды сауданың орталығы болудан қалып бара жатты. Қызыл сызықтар мен заңдастырылмаған жерлерде жабайы сауда орнын ашып алғандар көлік жолына дейін жайма базар жасап, сауданы қыздыратын болды. Ешқандай өрт-техникалық талаптарға, санитарлық нормаларға жауап бермейтін бұндай сауданың соңы бірнеше өртке де алып келгені бар.

Осындай келеңсіздіктерді жою, заманауи сауда орталықтарын жасау, Солтүстік айналма жолы арқылы қаты­насты жөнге келтіру мақсатында Алматы қалалық әкімдігінде мегаполистің сол­түстігіндегі сауда орындары мен Солтүстік айналма жолға қатысты бағдарлама жасалды. Мақсат – қызыл сызықтағы заңсыз сауда орындарын бұзу, заңды базарларды уақыт талабына сай заманауи етіп қайта жарақтау, «Бара­холка» арқылы өтетін Солтүстік айналма жолды алты жолақты, көлік кедергісіз жүретін жолға айналдыру, т.б.

Алматы әкімдігінің осынау жос­парының түпкі мақсаты қала мен тұтыну­шылар үшін тиімді болса да, базар қожайындары, басқа да дүрліккендер үшін «заңсыз» табыс көзінен қағылу еді. Және астыртын, жабайы сауда жасаушылар мен ұрлық, басқа да заңсыз әрекеттерді кәсіп еткендер үшін де бұл жаңалықтар жақпағаны рас. Олар қарсылық көрсетіп те жатты. Алматы әкімдігі бағ­дарлама тізімін түзіп, оларды сот шешімі арқылы, заң шеңберінде бұзу жұмыстарын бас­тады. Жалпы, Сол­түстік айналма көшесі бойын­да 28 базарды бұзуға ше­шім шығарылды. Олар­дың 16-сы сот шеші­мімен жер телімін уақыт­ша пайдалану мерзімін тоқтатты.

Екі жылда жоспар­ланған жұмыстар заң шеңберінде атқарылып, бұзылуға тиіс базарлар толық сүріліп отыр. Солтүстік айналма кө­шесі де біраз ашылып, жол үсті көпірлері са­лынып жатыр. Кеше сүрілуге тиіс базар­лар­дың соңы – «Еуразия» базарын бұзу жұмыстарының барысын көрдік. Барлық талаптардың үдесінен шыққан «Олжа» базары болса заманауи да әсем күйінде жақында ашылыпты. Осыған орай, Алматы қалалық Жер қатынастары басқармасы брифинг өткізіп, жағдайды баяндады.

 

Аман ӘБДІРАЙЫМОВ,

Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Өздеріңіз білесіздер, Рысқұлов даңғылынан Үлкен Алматы каналына дейінгі Солтүстік айналма транзиттік көшесімен жүру өте қиын болатын. Себебі, Солтүстік айналма көшесінің осы бөлігі «Барахолка» арқылы өтіп жатты. Қолайсыздықтан құтылу мақсатында Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес көшені қайта жаңғырту, көлік қатынасын қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынды. Осы көше бойында 28 базар орналасқан болатын. Базар басшыларына бағдарламаға байланысты бұзылатыны туралы сот шешімдері беріліп, жолды жөнге келтіру жұмыстары басталған. Қызыл сызық бойындағы базарлар сүріліп, күре жол бойы тазаланып жатыр. Бүгін бұзылуға тиіс соңғы нысан – «Еуразия» базарында да жұмыстар жүріп жатыр. Әрине, бәрі ойдағыдай болды деп айта алмаймыз. Түсініспеушілік, келіспеушілік жағдай­лары да болды. Бірақ, барлық мәселелер заң шеңберінде шешіліп, нәтижесін көріп тұрсыздар. Бірқатар базарлар заманауи түрде қайта салынып, халыққа қызмет етіп отыр. Қызыл сызықтан әрі ысырылған «Болашақ» сияқты базарлар қайта құрылымдалып, бүгінгі күн талабымен салынатын болады. Ал Солтүстік айналма көшесі жоспарға сай алты жолақты, көліктер кедергісіз жүйткитін күре жолға айналды.

Кеңес кезеңінде «Бәрі де халық үшін» деген ұран болатын. Бірақ, көп жағдайда сол сөз ұран күйінде қалушы еді. Бүгінгі Алматыда «Барахолкаға» байланысты осы ұран шындыққа айналып жатқандай. Кезінде даурыққан көпке ілеспей, сабыр сақтап, жағдайды түсінген сауда жасаушылар бүгінде жаңа да жайлы сауда орындарында кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Олар о бастан жабайы сауда, заңсыз кәсіптен аулақ болғандар.

Солтүсік айналым бойы әлі-ақ заңды да заманауи сауда орталықтарына айналады. Бұл – уақыт талабы. Ал Алматы басшылығы бұл үшін бәрін жасап жатыр.

 

Керек дерек

  • «Барахолкада» 28 базар бұзылды.
  • 15 базар Жетісу ауданы, 13 базар Алатау ауданы жерінде.
  • 14 базар жекеменшік иелігінде, 16 базар жер телімдерін уақытша пайдалану құқында болды. Уақытша пайдалану құқығындағы жер телімдері мемлекетке қайтарылды.
  • «Барахолканы» қайта жаңғырту бағдарламасы аясында тәуелсіз сарапшылар 100 тұрғын үй, 12 базарды бағалау жұмыстарына кірісті.
  • «Барахолка» орнына 15 көпсалалы, заманауи сауда орталықтары салынуы тиіс.
  • Солтүстік айналым көшесі алты жолақты болып, 100 метрге кеңеюі керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *