Қыз-келіншектер қандай сыйлық қалайды?

Т абиғат-Ананың көңілін күні кеше ғана кірбің шалып тұрғандай көңілсіз, қабағы салқындау сияқты еді. Наурыз айы бастағалы қабағы ашылып, көңіліндегі кірбің сейіліп, төңірекке көктем шуағы төгіле түсті. Күн жылына бастап еді, адамдардың да жан дүниесі де жылынғандай жадырай бастады. Әсіресе, Алматыдағы сәрсенбінің таңы гүл құшып атқандай көрінді. Көше бойы, аялдамалардың маңы, сауда мен мәдени орындардың іші-сырты гүлге толған. Гүл сатып алушылардың да қарасы көп.

Ақ, қызыл, сары, алқызыл, күлгін, сарғыш, көк түс. Гүлдердің түсінен көз сүрінеді. Гүлді жақсы көрмейтін қыз-келіншек кемде-кем шығар. Дегенмен, нәзікжандылардың арасында гүлді ұнатпайтындар да бар екен. Таңқалуға болады, әрине. Мен осы ретте біздің қыз-келіншектердің қандай сыйлықты қалайтындығына аз-кем зерттеу жасап көрген едім.

Әйелдердің 43 пайыздан астамы өздеріне гүл сыйлағанды қалайды екен. 36 пайызы – әшекей бұйымдар сыйлағанды, 27 пайызы – косметика, 22 пайызы – сыйлықты ақшалай алғанды қаласа, 18 пайызы – тұрмыста қолданылатын және электронды заттарды сыйлағанды ұнатады екен.

Асүй әйелдің «жеке кабинеті» болып саналғанмен, асүй жабдықтарын қалайтын әйелдер саны 9 пайыз, тәттіге құмар дейтін қыз-келіншектердің 12,1 пайызы ғана тәтті сыйлағанды қалайды екен. Жалпы, қыз-келіншектердің 30 пайыздан астамы өздері шын жүректерімен қалайтын сыйлықтарына әлі қол жеткізбеген көрінеді.

Қыздар мен әйелдердің көңілін, қалауын табу қиын шығар, бірақ, шын пейілден сатып алған сыйлығыңызға сыйақыңыз бен құрметтіңіз сай болса, әйел затына одан басқа сыйлық қажет те емес. Тіпті, сыйлығыңыз болмаған жағдайда жүрек жібітер жылы сөздің өзі сыйлық екенін ұмытпағанымыз абзал!

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *