Виктор ДОЛЖЕНКОВ, қала Әкiмiнiң орынбасары: ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕР ЭЛЕКТРОНДЫ АҚЫ ТӨЛЕУ ЖҮЙЕСIНЕ ТОЛЫҚ КӨШЕДI

Сәрсенбi күнi «Центр Тяжести» форумында Алматы қаласы Әкiмiнiң орынбасары Виктор Долженковпен on-line конференция өттi. Үш сағатқа созылған конференция барысында ғаламторға жол құрылысы, қоғамдық көлiк, тұрғын үй құрылысы, үлескерлер мәселесi, т.б. салалар бойынша 450-ге жуық сұрақ келiп түстi. Қала Әкiмiнiң орынбасары сұрақтардың жартысына ғана жауап берiп үлгердi. Қалған сұрақтардың жауаптары алдағы күндерi «Центр тяжести» порталында жариялануы тиiс. Метро қашан пайдалануға берiледi? Жол ақысының құны қанша болады? Қоғамдық көлiктердiң аялдамалары метро бекеттерiнiң қасында салына ма? (Әсiресе, Райымбек және Әуезов театры бекеттерiнде). Метро ағымдағы жылы 16-желтоқсанда пайдалануға берiлуi керек. Жол ақысы – 70-100 теңге көлемiнде белгiленiп отыр. Аялдама бекеттерiне келетiн болсақ, жоспарға сәйкес, қоғамдық көлiк аялдамасы Райымбек бекетiнде ғана салу жоспарлануда. Ал, Әуезов театры ауданында аялдама болмайды. Себебi, орталық стадионның аялдамасы театрға жақын орналасқан, 210 метр қашықтықта. Ал, ережеге сәйкес, аялдамалардың арақашықтығы 600 метр болуы керек.

Метро пойыздарының келiп-кету уақытының аралығы қанша болады? Батыс бағыттағы бекеттер қашан тапсырылады?

Метро электропойыздары қозғалысының жүру аралығы – 3-4 минут болмақ.

Метрополитеннiң екiншi кезегiн салудың нормативтi мерзiмi 76,5 ай, демек, 6 жыл. Құрылыс республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаржыға тiкелей байланысты. Бүгiнгi таңда батыс бағытта екi бекеттiң құрылысы жүрiп жатыр.

Қыста метро пайдалануға берiлгенде қоғамдық көлiктердiң қозғалысы өзгере ме? №5 троллейбус Гоголь көшесiмен жүретiн болады деген сыбыс шыға бастады. Бұл рас па?

Қазiр Алматы қаласының қоғамдық көлiктерiнiң жаңа бағыттарының жүйесi әзiрленiп жатыр. Жұмыс желтоқсан айында аяқталуы тиiс. №5 бағыттағы троллейбус Гоголь көшесiмен жүрмейдi.

Құрметтi, Виктор Анатольевичө Алатау ауданындағы жаңадан салынған «Ақкент» ықшамауданының тұрғындарының атынан жазып отырмын. Бiздiң ықшамауданда 9 қабатты 42 үй бар және тұрғындардың саны күн санап өсiп келедi. Алайда, мұнда не азық-түлiк дүкенi жоқ, не дәрiхана жоқ, мектеп пен аурухана да жоқ. Ықшамауданда шағын бизнес объектiлерi мен әлеуметтiк мекемелер қашан ашылады?

Ауданда балабақша, мектеп және сауда орталығын салу бас жоспарға енгiзiлген. Сондықтан нысандар жақын арада салынуы керек. Мысалы, мектептiң құрылысы 2012 жылға жоспарланған, жобалық-сметалық құжаттар дайын болып қалды.

Виктор Анатольевич, троллейбустарда валидаторлар жұмыс iстейтiнiне бiрнеше жыл болды. Алайда, олар жиi сынып қалады. Мұны пайдаланып, жүргiзушiлер төлемақыны қолма-қол жинайды. Тiптi, кейде олар валидаторды әдейi бiтеп тастайды. Осы орайда троллейбуста валидатор iстемей қалса, жолаушылар тегiн жүрсiн деген ұсынысым бар. Бұл жөнiнде №1 троллейбус паркiнiң директоры да бiр сөзiнде айтып кеткен болатын. Мүмкiн, сол кезде жүргiзушiлер мұндай заңсыздықтарға бармайтын шығар.

Қала әкiмдiгi Алматы қаласының барлық қоғамдық көлiк түрлерiн электронды төлем төлеу жүйесiне көшiрудi жоспарлап отыр. Бұл жүйенiң енгiзiлуi жүргiзушiнiң жұмысын жеңiлдетедi. Ал, төлемақыны валидатордан бөлек, қолма-қол жинау – қаржылық тәртiп бұзушылыққа жатады. Егер Сiз осындай тәртiп бұзушылықтарға куә болсаңыз, келесi телефон нөмiрлерiне хабарласуларыңызды сұраймыз: 375-14-00, 386-03-40, 386-03-38.

Сәлеметсiз бе, Алматы трамвайларының болашағы қандай? Күнде екi бағыт бойынша 18-20 вагон жұмыс iстейдi. Бұл жағдай ең болмаса пайдаланылған вагондарды сатып алу арқылы түзеле ме?

Өкiнiшке қарай, алдағы болашақта – 2-3 жылда бiз қолданыстағы трамвай желiсiн жоямыз. Бұл метроның енгiзiлуi мен жаңа троллейбус, автобустар сатып алынуына байланысты жүргiзiледi. Төле би көшесiмен заманауи жеңiл рельстi көлiк жүретiн болады. Қазiр осы жобаны жүзеге асыратын инвесторды iздестiрiп жатырмыз. Жобаның өзi дайын. Құрылысты 2012-2013 жылдары бастауды жоспарлап отырмыз.

Сейфуллин – Райымбек көшелерiнiң қиылысындағы жағдай алаңдатады. Жолаушылар Сейфуллин көшесiн кесiп өте алмайды. Қиылыста көлiктер тоқтамай жүредi, сондықтан жолаушылардың қауiпсiздiгi үшiн мұнда жерасты (жерүстi) өткелiн салу керек немесе бағдаршам орнату керек.

Иә, дұрыс айтасыз, жолдың бұл бөлiгiнде жолаушылар үшiн жағдай жасалмаған. Қазiр бiз Сейфуллин көшесiнiң үстiмен жолаушылар үшiн жерүстi өткелiн салу мәселесiн қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, Фурманов көшесiн Райымбек даңғылынан Жансүгiров көшесiне дейiн ұзарту жоспарланып отырғанын айта кету керек. Бұл – Сейфуллин – Райымбек көшелерiнiң қиылысындағы жағдайды бiршама ретке келтiредi деген сенiмдемiз.

Әуежайдың кiре берiсiндегi бақылау-өткiзу пунктi қашан жойылады? Мәжiлiс депутаты Ғани Қасымов бұл мәселенi шешуге уәде берген болатын. Алайда бүгiнде мәселе ашық күйiнде қалып отыр.

Қазiр әуежайда трасса кеңейтiлiп, жаңа құралжабдықтар орнатылып жатыр. Кiре берiс 4 жолақты, шыға берiс – 7 жолақты болады. Сондай-ақ, кiрiп-шығудың алғашқы 15 минуты тегiн болмақ. Бұл мақсатта 240 миллион теңге бөлiнiп, бұрынғы «Полет» кафесiнiң орнында автотұрақ салынып жатыр.

Ағымдағы жылы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Владимир Меренков сұхбаттарының бiрiнде «Бату Трэвэл» компаниясы 200 автобус, №4 автопаркi 100 автобус сатып алады деген болатын. Ағымдағы жылы 200 автобусты сатып алуды муниципалды автопарк жоспарлаған болатын.

Бүгiнде барлық 200 автобус жұмыс iстеп жатыр. «Бату Трэвэл» ЖШС-не қатысты айтар болсақ, бұл компания 80 автобустың 16сын сатып алған. Қалғандары қыркүйек айында келуi тиiс. Ал, №4 автопарк қаржы тапшылығына байланысты 100 автобусты сатып алу жобасын тоқтатуға мәжбүр болып отыр.

Айналма алаңдары қашан және қайда салынады?

* Түрксiб ауданындағы 2-Остроумов көшесiнде.

* «Таугүл» ықшамауданында, Рысқұлбеков көшесiнiң солтүстiгiнде, Әуезов ауданындағы Ладыгина көшесiнiң шығысында.

* «Жұлдыз» ықшамауданында, Лавренев көшесiнiң шығысында, Түрксiб ауданындағы Дөнентаев көшесiнiң солтүстiгiнде.

* «Көкжиек» ықшамауданы, Бiрiншi мамыр бұрылысының солтүстiгiнде, Жетiсу ауданындағы Геолог көшесiнiң батысында.

* «Ақсай 3б» ықшамауданы, Толе би көшесiнiң оңтүстiгi, Әуезов ауданындағы Яссауи көшесiнiң батысында. Айналма алаңдардың құрылысы 2011 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиiс.

Сырттан келген автобустар (№337, 339, 300, 303, 222, 204, 205-бағыттар) қашан жойылады?

Алматы қаласы сырттан келген қоғамдық көлiктердiң кiруiн жыл соңына дейiн шектеудi жоспарлап отыр.

200 жаңа троллейбус келгеннен кейiн, троллейбустардың қандай бағыттары ашылады?

Жаңа электр көлiктер келгенiмен қаладағы троллейбус бағыттары айтарлықтай өзгермейдi. Негiзiнен, қолданыстағы бағыттар жаңа көлiкпен толықтырылады. Бұл – олардың жұмысының тиiмдiлiгiн арттырады.

Муниципалды паркте автобустардың саны жеткiлiктi, сондықтан ол тағы 1-2 бағыт алса дұрыс болар едi. Мысалы, №35 немесе №63 бағыттарды.

Қазiр муниципалды парктiң 200 автобусы 9 бағыт бойынша жұмыс iстейдi. Егер бiз тағы 1-2 бағытты алатын болсақ, қалған бағыттардағы автобустардың жүру жиiлiгi төмендейдi, демек, жолаушылар автобусты ұзақ күтiп қалуға мәжбүр болады.

Қала жолдарын жөндеу және көлiк жүйесiн дамыту жоспарлары қандай?

* Биыл метро пайдалануға берiлуi керек. Метроның енгiзiлуiне байланысты автобус бағыттары өзгертiлетiн болады. Автобус бағыттарының жаңа кестесi желтоқсан айында дайын болуы тиiс.

* 2012 жылдың I тоқсанында 200 троллейбус сатып алынады. Троллейбустарды сатып алу жобасын Еуропа қайта құру банкi жүзеге асырып жатыр. Сондықтан, жоба шетелдiк тәуелсiз сарапшылардың қатаң бақылауында екенiн өздерiңiз түсiнесiздер.

* Ағымдағы жылы Шығыс айналма жолының құрылысы аяқталады.

* 2012 жылы Халиуллин — Құлжа тас жолы мен Райымбек — Момышұлы көшелерiнiң бойында жолайрықтың құрылысы жалғасып, Момышұлы көшесiн Райымбек даңғылынан солтүстiк бағытта тарту жұмыстары жүрiп жатыр. Бiз республикалық бюджет комиссиясына 4 жолайрықтың құрылысына қаржы бөлуге тапсырыс берiп қойдық. Мұстафин – әл-Фараби, Торайғыров – Саин, Саин – Жұбанов және Розыбакиев – әл-Фараби.

* 19 жолаушылар өткелi салынатын болады: 16-сы жерүстi және 3-еуi жерасты өткелi болмақ. Жерасты жолаушылар өткелiнiң екеуi Шығыс айналма жолында және үшiншiсi Танкевич — Шолохов көшелерiнiң қиылысында салынбақ.

* Жерүстi жолаушылар өткелдерiнiң салынатын орнын www.almaty.kz сайтында Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының парақшасынан көруге болады.

Жанармай бағасы жанармай құю бекеттерiнде өсе ме? Осы мәселеге байланысты Сiздiң пiкiрiңiздi бiлсек деп едiк…

Жанармай бағасына қатысты айтатын болсақ, бұл — Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң құзырындағы мәселе. Сондықтан, бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

Қоғамдық көлiктер қашан газға көшедi. Және қашан автобустарға валидаторлар қояды. Қала Әкiмi Ахметжан Есiмов тендердi тек газбен жүретiн автобустар жеңедi деген болатын. Алайда, iс жүзiнде олай болмады. Валидаторлар да орнатылмады.

Қоғамдық көлiктi газға ауыстыру көп уақытты алады. Тасымалдаушылар бұл жобаларды жүзеге асыру үшiн қаржы көздерiн қарастырып жатыр. Көлiктердi газға мемлекеттiк – жеке серiктестiк негiзiнде ауыстыру мүмкiн.

Қашан көптен берi күтiлiп жүрген бiрыңғай диспетчер қызметi iске қосылады?

Бiрыңғай диспетчер қызметi наурыз айынан берi – тест режимiнде, маусым айынан бастап – толық режимде жұмыс iстеп келедi. Диспетчер қызметi барлық автобустардың қозғалысын бақылауды қамтамасыз етедi. Қалада жекеменшiк автобустардың 80 пайызында, ал муниципалды парк автобустарының 100 пайызында ӨPS-жүйесi орнатылған. Диспетчер қызметiнiң арқасында бiз қоғамдық көлiктiң жүру аралығын, кестемен жүруiн бақылай аламыз.

Әуежайды қала сыртына шығару керек екенiн бәрiмiз бiлемiз. Алайда, оның орнына екiншi терминалды сала бастадық. Нелiктен әуежайды Қапшағайда салмасқа?

Мәселе — қаржыландыруда. Бiрнеше жыл бұрын бұл мәселе көтерiлген болатын. Арнайы жоба да әзiрленiп, Қапшағайда әуежай салуға инвестор табылды. Алайда дағдарыстың салдарынан инвестор жобаны жүзеге асырудан бас тартты.

Оңтүстiк айналма жолы салына ма, құрылыс жұмыстары қашан басталады?

Әзiрше, Оңтүстiк айналма жолының құрылысы жоспарланып отырған жоқ.

Қазiр Бөкейханов көшесi (Рысқұлов көшесi — ҮАК) жөндеуден өтiп жатыр. Жолды кеңейту үшiн мұндағы ағаштардың бәрi оталды. Қаланың төменгi бөлiгiнiң экологиясы нашар екенi белгiлi. Ағаштардың оталуы жағдайды одан әрi ушықтырып жiбердi. Мұндай бассыздыққа қалайша жол берiлдi?

Бөкейханов көшесiн Рысқұлов даңғылынан Солтүстiк айналмаға дейiн күрделi жөндеу жобасы мемлекеттiк сараптаудан өтiп, бекiтiлген болатын. Ағаштарға қатысты айтар болсақ, алаңдамаңыз, мұндағы әрбiр оталған ағаштың орнына үш ағаш отырғызылатын болады.

Жеңiл рельстi көлiктi салу жобасы қашанға жоспарланған?

Жеңiл рельстi көлiктi салу жобасы 2012 жылға жоспарланған.

№2 муниципалды парк қашан ашылады?

№2 муниципалды парктi 2012 жылы ашу жоспарланып отыр.

Неге муниципалды парк автобустарының жүргiзушiлерi аялдамаларда кептелiп тұрып алады (Мысалы, №79 автобус Гоголь — Фурманов көшелерiнiң қиылысында, Атакентте, №127 мен №37 бағыттар Төле би — Сейфуллинде), неге басқа автобустармен жарысады, неге жолаушылардан жолақыны қолма-қол жинайды, мүмкiн олардың айлықтары төмен шығар?

Муниципалды парктiң автобустары кестеге сәйкес жұмыс iстейдi, егер жүргiзушiлер кестенi бұзса, оларға қатысты қатаң шаралар қолданылады, жұмыстан шығарылуына дейiн баруы мүмкiн. Муниципалды автобус паркi жүргiзушiсiнiң орташа айлығы – 100 мың теңге. Жыл басынан берi 9 контролер жұмыстан шығарылды. Жүргiзушiге кабинада 3-4 досымен жүруге тыйым салынған.

Ауданда автотұрақ салу бағдарламасы бар ма? Дағдарыс уақытында кәсiпкерлерге автотұрақтар салуға мүмкiндiк беру керек. Жол жиегiнде тұратын көлiктер қалалықтар үшiн және велосипедшiлер үшiн өте қауiптi. Қаладағы кептелiс осындай көлiктердiң кесiрiнен орын алады.

Мұндай жобаны жүзеге асыруды көздейтiн бағдарлама қарастырылған. Кеше ғана жол жиегiне автотұрақ салуға рұқсат беретiн «Жер кодексiне» өзгертулер енгiзiлдi. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе шешiлетiн болады. Осындай автотұрақтар салу үшiн бiз кәсiпкерлердiң арасында байқау жариялаймыз.

Әзiрлеген – Әйгерiм САУЫТБЕКОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *