ВАНЯ АҒАЙ ҚАЙТА КЕЛДІ

Мұхтар Әуезов атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық драма театры орыс жазушысы А.Чеховтың «Сүйікті менің аға­тайым» атты драмасының қана­тын қақтырды. Жазушы Әбіш Кекілбай аударған бұл туынды адамзат мұраттарының озығы мен тозығын таразылайтын өзек­тілігі өткір, құнарлы қойылым. Мағынасыз, мақсатсыз өмір сүріп, құрғақ қиял қуып, өзін-өзі алдап, күллі ғұмырын босқа өткізіп, өткенге өкініш білдірген кейіпкер көрінісімен көрермен көңілінде өмір туралы орасан ой түйгізеді, тағдыр туралы толғандырады. Қоғамдағы маңызды мәсе­ле­лерді арқау еткен қойылым кейіп­керлерінің бойындағы жал­қаулық, самарқаулық, көңілсіздік, әрекетсіздік, маскүнемдік тәрізді кертартпа қылықтар мен әдепсіз әдеттер дүниеде адам баласын өмірде тұңғиыққа батыратынына көрерменнің көзін жеткізеді. Сахна – салт-сана мен өмірдің айнасы, адам көңілінің терезесі. Санасында сан ойлар сапыры­лысқан кейіпкерлердің келбеті адам бойындағы кейбір қасиет­терден арылуға асықтырады. Әкемтеатрда 1982 жылы режис­сер Әзірбайжан Мәмбетов сахна­лаған, жұлдыздар шоғырланған классикалық драматургияның жарқын үлгісі биыл жаңаша көркемдік танымда өнерсүйер қауымға жол тартты.    

Балнұр АХМЕТ

ТӨрт мемлекеттің халықаралық жобасы

Ғасырлар тоғысындағы рухани ката­клизмдер, бұрынғы және бүгінгі өмір салтының қайшылықтары көрініс тапқан жаңа қойылыммен биылғы жылды бастаған театр ұжымы спектакльдің премьерасына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Басқосу барысында КСРО және Қазақ­стан­ның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлық­тардың иегері Асанәлі Әшімұлы бірқатар мемлекеттердің театрларында сахналанған әлемге әйгілі пьеса елімізде алғаш рет қойылған кезде театрымыздың шеберлері халыққа кең танымал кейіпкер­лер шығарғанын атап өтті. Ал Қазақ­стан­ның Халық артисі Есмұхан Обаев аста­рынан ақиқат ақтарылған бұл қойылым дәл бүгінгі күні қасымызда жүрген адам­дар туралы туынды екенін айтты. Жиында театр директоры Сәбит Әбдіхалықов бұл спектакль Қазақстан, Грузия, Украина, Түркіменстан тәрізді төрт мемлекеттің шығармашылық адамдарының еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген халықаралық қойылым екенін атап көрсетті. Спектакль­дің қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Асхат Маемиров. Қоюшы-суретші – Т.Охикян (Грузия). Режис­сердің ассистенті – М.Жұмабаев (Түркіменстан). Жарық суретшісі – А.Ме­зентцев (Украина). Басқосуда грузиялық қоюшы-суретші – Т.Охикян бұл қойылым Қазақстандағы ең алғашқы еңбегі екенін айта келе спектакльді сахналауда нақты бір дәуірді, декорациялар мен костюмдерді көрсетуді көздемей, ең бастысы туындының тағылымы терең мағынасына мән берілге­нін айтты. Қойылымда есімі елімізге белгілі театр және кино актерлері кейіпкерлер келбетін кескіндеп, сахна төрінде өзгеше қырларымен көрінді.

 

Ұрпақ жалғастығы мен Өнер сабақтастығының жарқын кӨрінісі

Қойылымның қоюшы-режиссері Асхат Маемиров шығармашылық топ адамзат құндылықтары мен ұрпақ тағдыры туралы сыр шертетін спектакльді сахналау арқылы жастардың санасын сәулелендіру мақсатын көздегенін атап өтті.

– Елімізде осыдан 37 жыл бұрын сахналанған орыс жазушысы А.Чеховтің бұл туындысы әрқашан өзектілігімен құнды қойылым. Спектакльде кейіпкер­лердің тағдыры арқылы адамзат тағдыры көрсетілген. Соны біз бүгінгі қоғамға көр­сеткіміз келді. Биыл Мемлекет басшы­сының Жастар жылы деп жариялауына байланысты бұл қойылым қазіргі таңда театр мен кино өнерінде кәсіби актерге айналған жастардың өнерін көрсетеді. Спектакльде ескі мен жаңаның, өткен мен бүгіннің қайшылықтары орын алған. Мұндағы басты мақсатымыз – көрерменнің санасына әсер ету, сахнадағы актерлар мен көрермендердің ортасында интеллектуал­дық диалог орнату, сұхбат құру болды. Қоюшы-режиссер ретінде көрерменнің интеллектуалдық деңгейін биіктету, фило­софиялық танымын тереңдету мақсатын көздедім. Еліміздің өнер кеңістігінде биіктен көрініп жүрген аға буын өкілдері мен жастардың сахнадағы шығармашылық тандемі ұрпақ жалғастығы мен өнер сабақтастығының жарқын көрінісі болды. Жастарды жұмылдырған мұратымыз – сахнадағы өнерлі ұрпақтың жалғастығын көрсеткіміз келді. Әуезов театрының тамыры тереңде, бұтағы биікте. Тамырымыз – асқар таудай аға буын болса, бұтағымыз – өнер биігіне ұмтылған жастарымыз.

Ұрпақ ұлттық тамырынан нәр алу үшін, рухани иммунитеті мықты болу үшін ұлттық құндылықтарымызбен қатар, әлемнің ең озық әдеби-мәдени мұралары қазақ театрының сахнасында жақсы көрі­ніс табу керек. Адамзат құндылықтарына қатысты мәселелерді қозғайтын қойылым Айтматовша айтқанда, «Қайткенде адам қалады адам болып?..» деген маңызды мәселелерге жауап іздейді. Негізі, мұндай дүниелер керек. Әсіресе, Чеховқа қазақтың шекпенін жабу керек. «Оған шекпенін жабу» деген ойымыз оны түгелдей қазақы­ландырып шығару емес. «Қазақ қоғамына не береді?» деген мәселе төңірегінде терең толғанып, қазақы қоғамның қабылдауына, қазақ жастарының дүниетанымының қабылдауына лайықтап алғанымыз абзал. Жастық шақтағы асқақ армандарын жерлеген Иван Войницкийдің қойылым­дағы бейнесі көрермен көңілінде «мен ол сияқты болмаймын» деген ой ұялатады деген үміттеміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

«Актер үшін оңай нәрсе болмайды»

«Адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп өрнектеуге еңбек етеді» деп Баубек Бұлқышев әр адам өмірде өз бақы­тын табуға талпынуы тиіс екендігі туралы парасатты пікір қалдырған. Осы орайда «Болашақта біреу бізді бақытқа бөлейді» деген соқыр сеніммен есіл өмірін бекерге рәсуа еткен, «бойындағы жастық жігерді өзі тұншықтырып, жалын сезімді өзі өшірген»  көңілсіз кейіпкердің тағдырын танымында таразылаған жас ұрпақ оның қателігін қайталамағанын атап өткеніміз абзал.

Қойылымда бас кейіпкер Иван Вой­ницкийдің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды сомдады. Кейіпкерін кескіндеп, болмысын бейнелеуде көңілі қобалжығанын айтқан актер өмірде әр адамның өзі бақытқа қол созып, өзі соған ұмтылу керектігін атап көрсетті.

– Негізі, ойлап қарасаңыз әрбір заман­ның өзіне тән өзекті мәселелері болады. Әр заманның өзінің сұрқылтайы болады. А.Чеховтің ұлылығы – сол кездегі пробле­маның қазір де болатынын, бізден кейін де болатынын білгенінде. Яғни жазушы сол өткен дәуірдегі мәселе болашақта да адамзат ұрпағының алдынан шығатынын, келешектегі қоғамда да осы мәселе орын ала­тынын болжай білген. Табиғатты бүл­діру, зиян келтіру, адамды бағаламау, бары­мызды қадірлемеу, махаббатқа салғырт қарау, шынайы махаббаттың жоқтығы, есеп­пен үйлену тәрізді қойы­лымда қозғал­ған бірқатар маңызды мәселе­лер кезінде болған, бүгінгі заманда да бар, бәлкім болашақта бізден кейін де болатын шығар. Чеховтің драматургтік ұлылығы осы деп ойлаймын. Сондай-ақ, спектакльде өзін-өзі жоғалту тәрізді үлкен проблемалар бар. Ол проблемалар бізде де бар, қазіргі кезде де оларды айналамыздан байқауға болады.  Бізден кейінгі ұрпақ та бұл проблемамен күресетін болады.

Жалпы, актер үшін оңай нәрсе бол­майды. Чеховтің классикасы оңай шағы­латын жаңғақ емес. Бұл рөлдің болмысын бейнелеу біраз қиындық тудырды. 1982 жылы бұл рөлді ұлы актер Әнуар Молда­беков ойнаған еді.  Бұл кейіпкердің келбе­тін кескіндеу маған бұйырған сәттен бері көңілімде қобалжу басталды. Себебі, «Ке­йіпкер бейнесін ұлы актер Әнуар Молда­беков секілді мен қаншалықты деңгейде мықты сомдай аламын?» деген көкейімдегі ой мені қатты мазалады. «Бол­ма­саң да ұқсап бақ» деп Абай Құнан­байұлы айтқандай, сахнада кейіпкер келбе­тін кескіндеуде бойымдағы бар өнерімді салуға тырыстым. Әрине, Әнуар Молда­бековтей болу мүмкін емес. Ол – дара тұлға. Сахнада сомдаған кейіпкердің басты кемшілігі – біреуге соқыр үмітпен сенгені, біреу бізді бақытты қылады деп үміттенуі. Бізді біреу бақытты қылмайды. Аллаға сену арқылы біз өмірде өзімізді-өзіміз бақытты қыламыз, бақытқа барынша ұмтыламыз. «Біреу келіп, сол әйтеуір түптің түбінде маған бақыт сыйлайды, мен бақытты ғұмыр кешемін» деген соқыр сенім, жалған нәрсе. Өкінішке қарай, қазіргі жастардың ара­сында бұл проблема бар. Шығармашылық топ спектакльді сахналауға өткен жылдың қараша айынан бастап белсенді дайын­далды, үздіксіз ізденді. Сахна декорациясы да, кейіпкерлердің киім үлгілері де өзгеше, бұрынғы классика емес. Қойылымды барынша бүгінгі заманға жақындатуға әрі жаңашалауға тырыстық, – дейді Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, актер Азамат Сатыбалды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close