УАҚЫТПЕН САНАСПАЙТЫН ӨНЕР ОТАУЫ

2704Астананың «Жастар театры» Алматыға гастроль­дік сапармен келді. Осыған орай бейсенбі күні Ғ.Мү­сірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдас­тыруы­мен Астана қаласы әкім­дігінің «Жастар театры» БАҚ өкіл­деріне арнап баспасөз мәс­лихатын өткізді.

 Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Жиынға Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөс­пірімдер театрының директоры Сұлтан Сраил, астаналық «Жастар театрының» директоры Айболат Сексенбаев, көркемдік жетекшісі және бас режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай және Ғани Құлжанов, Әділ Ахметов, Мәдина Жұмабаева секілді театр актерлері қатысты.

Өнерлерін Алматы жұртшылығының назарына ұсынуды мақсат тұтқан жас театр алдағы жоспарлары жайлы ақпараттармен бөлісіп, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді. Алғаш сөз алған театр директоры Сұлтан Оңғарұлы астаналық қонақтарға «шығарма­шылық табыс пен бағындырар белес көп болсын» деген жүрекжарды тілегін айтты. Өз кезегінде астаналық театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай:

– Жалпы, біздің ұстанған бағытымыз еш өзгере қойған жоқ. Қазақстанда 54 театр бар болса, солардың ішіндегі ең жас театр – біздің «Жастар театры». Қойылымдарды өзіміздің ұжымға ыңғайландырып, басқаша бір көзқараспен қоюға тырысып жатырмыз. Елдің жүрегінде мөлдір де нәзік сезімнің дәнегін сеуіп, халықты мәдениет пен өнердің асқар шыңына шығаратын театр актерлері қай жағынан алсаңыз да құрметтеуге лайық. Біздің ұжым уақытпен санаспай жұмыс істейді. Бір үйдің баласындай еңбек етудің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, биік шыңдарды бағындырып келеміз. Бұл – Алматыға келген үшінші сапарымыз. Егер біздің қойылымдарды Алматының көрермені дұрыс бағаласа, біз кез келген өңірде жақсы нәтиже көрсетуге болады деп есептейміз. Сондықтан біз үшін Алматының орны бөлек. Біздің театрдағы табыстың кілті – ұжымның «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаратын бірлігі мен ұйымшыл­дығында, – дей келе, театрдың қалай құрылғаны жайлы, ұжымның жетістіктері туралы баяндады.

Өнер отауы жұртшылықты рухани сусындатып қана қоймай, халықаралық, республикалық бай­қауларда да топ жарып жүр. Сегіз жылдық тарихы бар театр бүгінгі күнге дейін 3 респуб­ликалық, 4 халықаралық байқаулардың Гран-приін жеңіп алды. Әрине, бұл жас театр үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.

Жастар театры халық жадында сақталған көне жауһарларымызды әлі де жаңғыртып, оны жастарға тез өтімді ету үшін фольклорлы мюзикл жасап, пластикамен көрсетуімен ерекшеленеді.

Айта кетейік, астаналық өнер ұжымы Алматыда қараша айының 22 – 30-ы күндері өтетін жас театрлардың халықаралық «Откровение» фести­валіне қатысып, онда театр және кино әртісі Д.Серғазиннің режиссерлігімен сахналанған М.Левидің «Жер мен көктің арасы» қойылымы бақ сынамақ.

Театр шымылдығы ХХІ республикалық театр фестивалінде «Ең үздік жастар образы» номи­нация­сын жеңіп алған Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…» қойылымымен ашылды. Гастроль барысында алматылық көрермен театр репер­туарындағы У.Шекспирдің «Асауға тұсау», Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық», С.Дүйсенбиевтің «Махаббат миниа­тюралары», Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» қойылымдарын тамашалайтын болады. Ал шаһардың кішкентай көрермендері үшін «Ұр, тоқпақ» халық ертегісін ұсынады.

«Жастар театрының» өнерін тамашалауға келген көрерменнен залда ине шаншыр жер болмады. Әсіресе, жастардың қарасы қалың. Мұндайда халықтың рухын оятудан театр ешқашан жалықпайды, керісінше, арқалана түседі. Шын мәнінде, театр көрерменнің киелі сахнаның төрінде ойналатын әрбір қойылымынан өз өміріне сабақ болатындай ой түйіп қайтуды, рухани баюды мақсат етсе керек. Олай болса, алдағы додада «Жастар театрының» оза шауып, бәйге алуына тілектеспіз. Өйткені, олардың қоржыны мазмұнды әрі идеясы тың тақырыптарға толы қойылымдарға бай.

Біз бүгінгі театрға келген көпшіліктен Алматының тұрақты көрермені қалыптасқан мәдени қала екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *