Уа, спорт! Бейбітшілік сыйлайсың сен әлемге…

Елімізде спортқа ерекше көңіл бөлініп, жас ұрпақтың білімді, мәдениетті азамат қана емес, шыныққан шымыр, сұлу да сымбатты, үлкен додаларда ел намысын қорғайтын патриот болып өсуі үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Сонымен қатар жастарға ел қорғаған батыр ата-бабаларымыздың есімін ұмытпай, әрқашанда жадында ұстау, оларға лайықты құрмет көрсету жөнінде тәрбие беру мәселесі де негізгі орынға қойылып отыр бүгінгі таңда.

Осы орайда 23.11.2019 жылы Алматы қаласы, Алатау ауданы «№ 184 ЖББМ» КММ  жаңадан бой көтерген әсем ғимараттың еңселі де биік, заман талабына сай жабдықталған спортзалында «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының ұйымдастыруымен, Ауған соғысы ардагерлері Одағының, Алматы қаласы Білім басқармасының «Қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірбиелік орталығы» КМҚК, Алматы қаласы тхэквандо федерациясының, Алматы қаласы мектеп спорты федерациясының және «№184 ЖББМ» КММ ұжымының қолдауымен балалар және жасөспірімдер арасында Ауған соғысының ардагері, біздің Отандасымыз — Орал облысы, Тасқұдық ауылының тумасы, Кеңес Одағының батыры, Ресей Федерациясының батыры, 325-ші әскери көлік және тікұшақ полкінің командирі, полковник – Қайыргелді Сайынұлы Майдановтың құрметіне арналған тхэквандо спортынан ашық турнир өткізілді.

Бұл сайысқа қонаққа арнайы Мұхтарұлы Мұрат Абдукуров мырзаның жетекшілігімен Ауған соғысының ардагерлері, тхэквандо спортының ардагерлері — турнирдің бас төрешісі  — Базолов Нұрбек, Темірғалиев Мұрат, Алматы қаласы  мектеп спорты  федерациясының төрағасы, тхэквандо спортынан Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы және тхэквандо спортынан Кеңес Одағының  еңбек сіңірген спорт шебері Сұлтан Шоқпытов, Алматы қаласы Білім басқармасының «Қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірбиелік орталығы» КМҚК  Назаров Ельнар, «№184 ЖББМ» КММ директоры Дайрбаева Расима Султаналиевна, ата – аналар қауымдастығының өкілі Розамов Данияр шақырылды.

Турнирде 8 команда және 86 спортшы қатысты. Атап айтсақ, «Жеңіс», «Виварт» командалары, «Оқушылар үйі» командасы, «№184 ЖББМ» КММ «Сарбаз» командасы, Жамбыл облысы, Мерке қаласынан бірнеше команда және Алматы облысы, Іле ауданы ГРЭС елді мекенінен «Арыстан» командасы келіп қатысты. Сайыс өте тартымды өтті. Командалардың бұл турнирге аса ыждағаттылықпен дайындалып келгені олардың сырт келбеті-киген костюмдерінен, сонымен бірге нақ және жылдам қимыл қозғалыстарынан көрініп тұрды. Спортшылар жеңіс жолында аянбай тер төкті.

Осы орайда аталмыш іс-шара өткізілген «№184 ЖББМ» КММ ұжымы  әрқашанда спортқа қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақтың дені сау, шымыр, білімді, болып тәрбиеленуіне аса зор мән беретінін атап өткен жөн.

Турнир қорытындысы бойынша 8 командаға бірінші орын берілді, 1 -командалық орынды «Жеңіс» командасы иеленді, 2-командалық орынды «№184ЖББМ» КММ «Сарбаз» командасы иеленді, 3-командалық орынды Жамбыл облысы, Мерке қаласы командасы орынды иеленді.

Сайыс соңында командаларға тиісті дәрежеде иеленген орындарына сәйкес медальдар табыс етіліп, сыйлықтар берілді. Турнир қонақтары және жаттықтырушылар мен спортшылар мектеп ұжымының қонақжайлылығына ризашылығын білдірді.

Осындай тамаша іс-шараның өткізілуіне ұйытқы болған Алматы қалалық мектеп спорты Федерациясының мүшесі, өте тәжірбиелі, біліктілігі жоғары жаттықтырушы Мұхтар Берікбосынұлы Назаровқа алғысымыз шексіз.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деп дана халқымыз бекер айтпаған.

Көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар етер спорт құдіреті жоғары. Сонымен қатар жастарды салауаттылыққа ынталандыру, дене тәрбиесімен айналысуға үгіттеуде атқаратын рөлі ерекше. Себебі, елдің ертеңі – салауатты, білімді, дені сау жастар.

Біздер осы елдің жас толқындарымыз. Сондықтан біздің, ұстаздарымыздың мақсаты — аудан, қала, республика көлемінде ұйымдастырылатын спорттық жарыстарға ат салысып, өз тарапымыздан рухани, моралдық және адамгершілік жағынан барынша қолдау көрсету. «№ 184 ЖББМ» КММ мектеп ғимаратының спорт залында әлі талай спорттың сайыс өтер қызықты кездесулер өтер.

Өткізілген іс-шаралар болашақта аты әлемге әйгілі спортшылардың тәрбиеленіп шығуына ықпал етеді деп сенеміз.

 

Б.О.ДОСБОЛОВА, А.К.МАНСУРОВА,

Алматы қаласы, Алатау ауданы

Теректі ықшам ауданы, «№184 ЖББМ» КММ

дене шынықтыру пәні мұғалімдері,

«Нұр Отан» партиясының мүшелері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *