Тыңнан қосылғандар не тындырды?

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Футболдан ХХІ әлем чемпионатының басталуына бір айдай ғана уақыт қалды. «Алматы ақшамы» сол жарыс жалауын көтерер күнге дейін дүбірлі доданың арғы-бері тарихына статистикалық деректер арқылы шолу жасап отырады.

 

Тығырыққа тіреген тыйым

Әу баста әлем чемпионаттарында алаңдағы футболшыны алмастыру болған жоқ. Дәлірек айтқанда, ресми түрде рұқсат етілмеген еді. Ал 1930 жылғы доп додасының топтық кезеңінде өткен Румыния – Перу матчында ойыншы ауысқанын қалай түсінеміз? Кездесудің 80-минутында жеңіл жарақат алған перулік Соуса Феррейраның орнына Родригес Нус шықты. Сөйтсек, ФИФА чемпионат регламентіне «матч барысында ойыншы алмастыруға болмайды» деп жазуды… ұмытып кетіпті! Нәтижесінде халықаралық федерация латынамерикалықтарды әлгі заңсыз әрекеті үшін жазалай алмады, бірақ жаңағыдай талапты ережеге енгізді, 1970 жылғы додаға дейін ешқандай футболшы алмастыру болған жоқ.

Мұның өзі командалардыталай қиындыққа ұшыратты. Ойын болған соң, соқтығысу, жарақат алу, шаршау болмай тұра ма?Аяғын, қолын, басын жаралап алып, алаңнан кетуге мәжбүр болған немесе сіңірі тартылып, сілесі қатып, болдырған жігіттерді демалдырып, орнына тың футболшы шығаруға мүмкіндігі жоқ бапкер бейшараның басы тіптен қататын. Мәселен, 1934 жылғы доданың ширек финалында итальян қорғаушыларының дөрекілігі салдарынан Испания құрамасы үш адамынан айырылды: 10-минутта-ақ шабуылшы Крисанто Боск тұрмастай боп жығылды, екінші таймда Луис Регейро мен Хасинто Кинкосесті де дәрігерлер зембілге салып алып кетті. Мундиаль қожайындарына қарсы 8-ақ жігітпен ойнаған испандықтар ақыры 0:1 есебімен ұтылып тынды.

1938 жылы 1:1 есебімен аяқталған Бразилия мен Чехословакияның ойыны футболдан гөрі төбелеске көбірек ұқсап кетті. Венгр төрешісі Херцка дөрекілігі үшін чех Ржиханы, бразилиялықтар Зезе Просепио мен Машадоны алаңнан қуып шықты. Аталған екі бразилиялықтың «арқасында» аяғы сынған чех шабуылшысы Неедлы көпке дейін ет қызуымен ештеңеге мән бермей, алаңнан кетпей қойды. Тек ойынның 51-минутында ғана оны зембілге салып, бірден госпитальге алып кетті. Ол аз болса, Кошталек пен Перасио бір-бірінің аяғын жарақаттап, екеуі де ойыннан шығып қалды. Не керек, әйтеуіройынбіткендеалаңдаБразилияның 8, Чехословакияның 7 футболшысығана «аман» қалғанболатын.

1966 жылы Бразилия – Португалия (1:3) матчының бастапқы бөлігінде-ақ еуропалықтардың қорғаушысы Жоао Мораиш (қасақана ма, кім білсін) Пеленің жаңа ғана жазылып біткен аяғын тағы жарақаттады. Екі дәрігердің иығына сүйеніп, алаңнан сүйретіліп шығып бара жатқан футбол королінің түрі өте аянышты еді. Ойыншы алмастыруға рұқсат болмағандықтан Пеле екінші таймда алаңның шетінде тек ақсаңдап жүрді де қойды…

Көрдіңіз бе, алаңдағы ойыншыны алмастыруға салынған тыйым талай команданы тығырыққа тіреген. Осы жайттың бәрін ескерген болуы керек, 1965 жылдың 21 тамызында ФИФА өз аясында өтетін турнирлерде матч барысында футболшы алмастыруға ресми түрде рұқсат берді.

Жұрттың бәрі ынтығып күткен өзгеріс ірі халықаралық турнирде қолданылғанша да арада біраз жыл өтіп кетті. Сөйтіп, әлемдік доп додаларындағы ең алғашқы ойыншы алмасуы ресми түрде 1970 жылы Мексика – КСРО кездесуінде тіркелді. Кеңес құрамасының бас бапкері Гавриил Качалин қапырық ыстықта қаталап, қатты шаршаған Виктор Серебряниковтың орнына екінші таймда құр аттай қутыңдаған Анатолий Пузачты алаңға шығарды.

 

Шыға сап, шырық бұзғандар да бар

Алаңға жаңа шыққан футболшының «әй, мен ойынға кейіннен қосылдым-ау осы…» деп қымсынған кезі сирек. Көпшілігі баса-көктеп, бірден алға ұмтылады. Біреуді алмастыра салып, қарсыластар қақпасын дәл көздеген мергендердің көшін 1970 жылы Сальвадор құрамасының қақпашысын қапы қалдырған мексикалық Басагурен бастады. Содан бергі әлемдік доп додаларында алаңға кейіндеу шыққан футболшылар ұзын-саны 180 гол соғыпты (оның бірін португалдық Арманду Петит өз қақпасына енгізіп алды). Олардың ішінде айналдырған 7 минуттың ішінде 3 доп соғып, айды аспанға бір-ақ шығарғандар да бар (венгр шабуылшысы Ласло Кишш, 1982 жыл, Венгрия — Сальвадор – 10:1). Бұл ойында Кишштің ойынға екінші таймда қосылған тағы бір командаласы Сентештің де бір гол енгізгенін, әріптесін алмастырған сальвадорлық Рамирестің де оларға «қарыз боп қалмай», бір рет қарымта қайтарғанын ескерсек, алаңдағы айқасқа «тұтқиылдан қосылғандардың» бір ойында 5 гол (!) соққанын байқаймыз.

Сіз Сальвадор құрамасының әлем чемпионаттарындағы барлық голын ойынға тыңнан қосылған футболшы соққанын білесіз бе? Жүз пайыздық көрсеткіш! Рас, пайыздық сипаттамада пафоспен айтылатын бұл нәтиже нақты санмен берілгенде күлкі тудырады: бұл елдің командасы бар-жоғы бір-ақ гол соққан (жоғарыда айтылған Рамирестің добы).

Ойынға қосылғанына бір минут өтпей жатып-ақ қанжығасы майланғандар бар. 1998 жылы Нигериямен кездесуде даниялық шабуылшы Эббе Санд алаңға шыққасын небәрі 16 секундтан соң-ақ қақпа торын бүлк еткізді. Төменде іске бірден кірісіп, бар-жоғы 2 минуттың ішінде олжалы болған қосалқы ойыншылардың тізімі беріліп отыр.

1-минутта      Санд               Дания – Нигерия – 4:1                                1998

1-мин. Моралес         Уругвай – Сенегал – 3:3                 2002

1-мин. Фред               Бразилия – Австралия – 2:0                        2006

1-мин. Уренья           Коста-Рика – Уругвай – 3:1                        2014

2-мин. Зико               Бразилия – Польша – 3:1                 1978

2-мин. Хаусман         Аргентина – Перу – 6:0                              1978

2-мин. Сентеш          Венгрия – Сальвадор – 10:1                       1982

2-мин. Райндерс        Германия – Чили – 4:1                                1982

2-мин. Лаинг Гондурас – С.Ирландия – 1:1                     1982

2-мин. Милла            Камерун – Ресей – 1:6                                 1994

2-мин. Ван Хойдонк            Голландия – Корея – 5:0                 1998

2-мин. Мар.Зевляков Польша – АҚШ – 3:1                                  2002

2-мин. әл-Жабер        Сауд Арабиясы – Тунис – 2:2         2006

2-мин. Какау  Германия – Австралия – 4:0                       2010

2-мин. Копунек         Словакия – Италия – 3:2                 2010

2-мин. Мильяр          Чили – Испания – 1:2                                  2010

2-мин. Клозе              Германия – Гана – 2:2                                 2014

2-мин. Фер                 Голландия – Чили – 2:0                              2014

Жалпы ойынға кейіннен қосылған мергендердің көшін камерундық Роже Милла бастап келеді. Оның еншісінде 5 доп бар. Ласло Кишш (Венгрия), Нельсон Куэвас (Парагвай) және Андреас Шюррле (Германия) 3 доптан соқса, одан кейінгі орындарда әрқайсысы 2 голдан енгізген Джанни Ривера (Италия), Александр Заваров (КСРО), Руди Феллер (Германия), Кико Нарваэс (Испания), Тим Кэйхилл (Австралия), Ан Чжун Хван (Оңтүстік Корея), Алессандро Дель Пьеро (Италия), Хавьер Эрнандес (Мексика), Клас-Ян Хунтелар және Мемфис Депай (Голландия) тұр.

Жасыл алаңға жайырақ шыққан футболшылардың соққан голдары әр чемпионат бойынша мынадай:1970 – 5,    1974 – 5, 1978 – 5, 1982 – 16, 1986 – 11, 1990 – 20, 1994 – 13, 1998 – 15, 2002 – 19, 2006 – 24, 2010 – 15, 2014 – 32 гол.Командалық көрсеткіштерге келсек, көшті Италия (16 гол) мен Германияның (15) резервистері бастап келеді. Бір чемпионатта да осы екі елдің (Италия-2006 және Германия-2014, 5 голдан) қосалқы ойыншылары көбірек көзге түсті.

Ақыры ойыншы алмастыру туралы сөз қозғалған екен, мына екі деректі де айта кетелік. Италиялық Джузеппе Бергоми 1998 жылы жарақат алған әріптесін ойынның небәрі 4-минутында-ақ ауыстырған. 2006 жылы бұл көрсеткішті ағылшындар қайталады.

Тыңнан қосылған ойыншылар тек гол соғып қана тыныш жүрсе мейлі ғой. Сонша тығыз уақыттың ішінде олардың әлденені бүлдіріп те үлгеретінін қайтерсіз! Алаңға шыққанына 3 минут болмай жатып, қарсыласын ойбай салғызған үш бұзақы басқа тентектерден оқ бойы «озық» тұр: олар – Швейцариямен ойында алаңнан қуылған румын Владою, немістермен кездесуде қызбалық танытқан боливиялық Эчеверри (екеуі де 1994 жылы) және Оңтүстік Африка ойыншыларымен «тіл табыса алмаған» даниялық Вигхорст (1998). Жалпы, шыға сап шырық бұзғандардың саны – 18…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close